Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

«Қазақстан» телерадио­кор­порациясының жаңа маусымы таныстырылды

460 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақстан» телерадио­кор­порациясының жаңа маусымы таныстырылды. 28 тамыздан бастап корпорация құрамына енетін арналар мен радиолардың эфирінде ауқымды өзгеріс орын алмақ. Яғни, ребрендинг жүргізіліп, студиялар жаңартылып, жаңа бағдарламалар эфирге қосылады.

«Қазақстан» телерадио­кор­порациясының жаңа маусымы таныстырылды

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жаңа маусым аясында «Қазақстан» корпорациясына енетін барлық ресурстарға қатысты жасалған ребрендингтің айтарлықтай жаңа қадам екенін атап өтіп, ұжым қызметіне сәттілік тіледі. Министрдің айтуынша, алдағы екі-үш жылдың ішінде аналогтік хабар таратуда толығымен цифрлы жүйеге көшу, спутник желісі арқылы телеаудиторияны арттыру, отандық телесериал өнімін көбейту – отандық телеарналардың басты міндеті.

Жаңа маусымдағы жаңғыру туралы «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасы Ерлан Қарин әңгімеледі. Корпорация жетекшісінің айтуынша, ребрендинг барысында «Қазақстан» РТРК медиаактивтеріне ортақ, танымал логотип бекітіліп, ренейминг, редизайн жұмыстары жүргізілді. Жаңа логотипті қабылдау барысында көптеген әлемдік телеарналардағы үрдістер сараланып, заманауи трендтер ескерілді. Сондай-ақ, графикалық-эстетикалық ерекшеліктерді назарға ала отырып, корпорация құрамындағы арналар мен радиостансалардың біртұтастығын білдіретін арнайы белгі ретінде еліміздің Мемлекеттік туының түсі негізге алынды. Бұдан былай «Қазақстан» ұлттық ар­на­сы, «Қазспорт», «Балапан» арналары­ның логотиптері бір негізде әрі латынша жазылмақ. Бұл корпорацияның техно­логиялық дамуға ұмтылысын, халықаралық медианарықтағы орнын, үлкен медиаотбасы ресурстарының сабақтастығын біл­діреді, деп түсіндірді корпорация жетек­шісі. Логотип жобасын танымал қазақ­стандық режиссер және дизайнер Сәкен  Жолдас дайындаған екен. 

Сондай-ақ, корпорация құрамына енетін 14 аймақтық арналардың атаулары да өзгертілмек. Бұрынғы «Қазақстан – Ақтау», «Қазақстан – Шымкент», «Қа­зақ­стан – Қарағанды» сияқты атаулардың орнына енді жекелеген, сол аймаққа үйрен­шікті атаулар енгізілетін болады. Мы­салы, Altay, Mangystau, Ontustik, Saryar­qa, Aqjaiyq, Atyrau деп аталатын болды. Ұлт­тық сананы жаңғырту жөніндегі Елбасы тапсырмасына орай жасалған бұл өз­гертулер аймақтық арналардың ішкі теле­нарықта дербес жұмыс жүргізуіне және аудитория кеңейтуіне бағытталған.

Одан бөлек телеарналардың гра­фи­калық безендірілуі, музыкалық-топта­ма­лары және «Қазақстан» ұлттық ар­насы­ның ресми дауысы да өзгерді. Жал­пы, реб­рендингтің басты мақсаты –  кор­пора­цияның барлық медиа активтеріне тән, ұлт­тық дәстүрді әйгілейтін, корпорацияның жаңа әлемдік стандарттарға талпынысын көр­сететін біртұтас танымал белгі құру.

Еліміздің көрікті табиғат орындарын наси­хаттау мақсатында графикалық ID ро­ликтер тартымды шыққанын айта кету керек. Жарнама роликтерінің безендірілуі де маусымдық ерекшеліктерге негізделген. Сонымен бірге, аңдатпа, жаңалықтар топ­тамасы, ауа райы іспетті күнделікті эфир­лердің безендірілуінде, дауыс, әуен мен музыкалық көркемделуінде де өзгешелік бар. Саунд-трэктерді дайындаған белгілі ком­позитор Арман Мұқатай.

Жаңа маусымда «Қазақстан» ұлттық арнасы көрермендерін түрлі бағыттағы жобаларымен қуантпақ. Атап айтқанда, Жібек жолы бойындағы елдердің жас таланттарының басын қосатын «Жібек жолы жұлдызы», төл өнерді ұлықтайтын «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі жаңа маусымда эфирге енсе, ойын-сауық бағдарламаларына қоса, қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалардың да саны артады. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити-шоу жанрындағы бағдарламалар көрсетіледі. Кәсіпкерлікті насихаттайтын «Үміткер», табиғаттың тылсым күші мен құдіретін көрсететін «24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы, Отанымыздың көрікті жерлерін таныстыратын «Ел ішінде», отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Ене мен келін», жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін «Ару ана», түрлі мамандықтың сыры мен қырын көрсететін «Сенің орныңда» сынды әлеуметтік, рухани, қоғамдық бағдарламалар қатары көбейеді. 

Сонымен қатар, эфирден бірқатар деректі фильмдер топтамасы да орын алады. Оның ішінде, Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін «Киелі Қазақстан», еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін «Ұлы дала ұлағаты», ақтаңдақтар тарихы туралы «Алаштың аманаты» өз көрерменін таппақ.

Ребрендинг аясында бұрынғы бағ­дарламалардың да форматы өзгереді. 28 та­мыздан бастап «Қазақстан» ұлттық арна­сы «Alma TV», «ID TV»  сияқты елдегі ірі ка­бельдік операторлар арқылы HD форматта ха­бар тарататын болады.

Ал отандық телекеңістіктегі тұңғыш спорт арнасы саналатын «Қазспорт» биыл­ғы күзде еліміздегі ең танымал спорт түрлерінен, әсіресе күрес, бокс және дзю­додан өтетін әлем чемпионаттары­нан трансляция жасайды. UEFA чемпион­дар лигасы мен Еуропа лигасынан, оның ішінде «Астана» клубының Еурокубоктағы барлық кездесуінен және басқа да ірі спорт­тық жарыстардан көрсетілім, кәсі­би спортшылардың өмірі туралы дерек­ті фильм­дер мен арнайы репортаждар, дү­бірлі дода ортасынан берілетін «Матч қар­саңында», «Матчтан кейін» бағдарла­ма­лары және басқа да жобалар мен телеойындар эфирге шығады.

Биылғы өзгерістердің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер мен тапсырмалар аясынан табылатынын жеткізген корпорация жетекшісі Е.Қарин әлемдегі өзгерістерге ілесіп келе жатқан еліміздің тыныс-тіршілігін жеткізуде алдымен телеарнаның өзі өзгере білуі керектігін айта келіп, бүгінгі ұрпаққа қандай дүние көрсетсек, ертең сондай қоғам қалыптасады. Сондықтан, телевизия жаңа қоғамдық құндылықтарды, зор талғамды қалыптастыруда қызмет етіп, интеллек­туалды ұрпақтың өсуіне ықпал етуі керек. Біз еліміздің киелі атауын иеленген бірден-бір ұжымбыз. Бұл біз үшін ерекше мақтаныш әрі жауапкершілік деді.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар