Аймақтар • 25 Тамыз, 2017

ОҚО әкімі жеті айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясында биылғы жылдың жеті айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

ОҚО әкімі жеті айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді

2017 жылдың жеті айының қорытындысымен облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Мәселен, осы уақыт ішінде облыста 439,1 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға өскен. Ал, өнеркәсіп саласындағы өңдеу өнеркәсібі 301,3 млрд. теңгені құрап, 34,6 млрд. теңгеге артқан.

Осы жылы негізгі капиталға 229,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, БАӘ – медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресей елімен – Еуро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытын салу, ал Қытай елімен бірлесе биоэталон, фосфор тыңайтқышын шығаратын және 200 МВт күн электр станциясы құрылыстарын жүргізу мақсатында келісімдерге келді.

Республика бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жағынан көш бастайтын Оңтүстікте бүгінде жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілері 177 709 бірлікке жетті. Ал, бұл салада жұмыспен қамтылғандар 331 490 адамды құрады. Олармен 158,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Сонымен қатар, Оңтүстікте осы жылы 52 мыңға жуық жеке фермерлік қожалықтардан біріктірілген 297 кооператив құрылып, 539-ға жетті. Өткен жылға қарағанда 2 есе артқан кооперация құру жұмыстары бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикада көш бастап отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20