Арыс өңірінде соңғы жылдары әлеуметтік-экономиканың тұрақты өсімі байқалады. «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу керек» деген еді Мемлекет басшысы. Бұл бағытта да Арыс қаласы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде деп айтуға толық негіз бар.
Елбасының тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы жұмыс сапарымен Арыс қаласына арнайы келіп, тұрғындармен кездесуінде Парламенте қабылданып жатқан заңдар, қоғамның өркендеп дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мәжіліс депутаты Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округіндегі Агрофирма «Жаңа Ақдала» ЖШС-ның жоңышқа алқабында болды. Облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып әкелінген жаңа технологияның қолданылуымен жүзеге асып отырған жаңбырлатып суару әдісімен танысты. Сапар барысында Құдайберген Төлепұлы Ақдала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, халықтың өтініштерін тыңдады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»