Әлем • 25 Тамыз, 2017

BBC: Қытайда бойдақтар көп

118 реткөрсетілді

Отбасы тақырыбы Қытай үшін бас ауыртар мәселеге айналғалы қаша-а-ан! Әуелі, шығыстағы көршіміз халық санының өсуін баяулатамыз деп «бір отбасы – бір бала» бағытын берік ұстанған-тұғын. Дегенмен, оның өміршең жоспар емес екенін түсініп, былтырдан бастап екінші бала өсіруге рұқсат берді. Кейінгі жылдары Қытайды толғандырған тағы бір мәселе туындады. Жастар шаңырақ көтеруге құлықты емес.  

BBC арнасының хабарлауынша, жастардың отбасылық өмірге асықпауы олардың ата-аналарын ғана емес, Қытай үкіметін де толғандырып отыр.

«Өткен онжылдықта ел ішіндегі үйлену көрсеткіші артқанына қарамастан, екінші жыл қатарынан Қытайда жаңадан тіркелген неке саны азайып барады. Шаңырақ көтергендер 2014 жылы 9,1 пайызға азайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш тағы 6,3 пайызға құлдыраған. Сонымен қатар, неке құру жасы да 1,5 жылға өсті», – дейді BBC.

Қытай үкіметі «құда түсіп, құйрық-бауыр асатуға» 1950 жылы тыйым салған болатын. Алайда, ата-аналар әлі күнге дейін балаларын атастыруды жөн көреді. Тіпті, олар бойдақ баласы туралы ақпарат алмасу үшін арнайы мекемелерге баратын көрінеді. BBC арнасы шығыстағы көршіміздің қол қусырып отырмағанын айтады:

«2007 жылы Білім министрлігі 27 жастан асқан қыздарды «отырып қалған» деп ресми түрде мәлімдеп, болашақ жарына қоятын «өте қиын» талаптарын азайтуға шақырған болатын. «Отырып қалған» деп ұлға да, қызға да қолданғанымен, ғалымдар оны сынап, жас қыздар қарсылық көрсетті. 2016 жылы үкімет «кеш» үйленгендерге (жігіттерге 25, қыздарға 23 жастан кейін) бал айына қосылатын 7 күндік мерзімді алып тастады».

«Аспан асты елінің» бойдақтар тағдырына алаңдауының негізі бар. Қазіргі таңда Қытайда саусылдаған соқа бас еркектер миллиондап саналады. Олардың нақты санын айту қиын. Дегенмен, елдегі бұқаралық ақпарат құралдары түрлі деректер келтіреді. Global Times бойдақ жігіттердің саны 24 миллион шамасында екенін хабарласа, China Daily олардың саны 33 миллион асып түсетінін жеткізген-ді.

«Қытай және глобализация орталығының» денсаулық сақтау бойынша маман Хуанг Уенженг еркектердің санының артуына ретінде елдегі «бір бала» бағыты тікелей әсер еткенін айтады. Өйткені ата-аналардың көбі «Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда» дегендей жалғызының ер жігіт болғанын қалайды. Маманның сөзінің жаны бар. People’s Daily хабарлауынша, 1971-2012 жылдар аралығында 270 миллион жасанды түсік тастату оқиғасы тіркелген.

BBC арнасы бойдақ жігіттердің көбі шалғай аймақта тұратынын және тұрмысы төмен екендігін айтады. Қытай халқы оларды қаржылық, әлеуметтік тұрғыдан қоғамға зиянды деп есептейді. Екі жыл бұрын People’s Daily сайты отырып қалған жігіттердің жиі қылмыстық әрекетке баратынын, құмар ойынға берілетінін, жезөкшелерді жағалайтынын мәлімдеген болатын. Мамандар мәселені шешудің түрлі жолдарын ұсынып жатыр. Әзірге оның ешқайсы қоғам тарапынан да, үкімет тарапынан да құпталған жоқ.

Дегенмен, бойдақтардың көптігі Қытайдың ғана мәселесі емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметіне сүйенсек, көптеген елде шаңырақ көтергендер саны бұрынғыдан азайып кеткен. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Жылдан жылға отау құрғандар саны азайып бара жатыр. Статистика комитетінің деректері бойынша, 2013 жылы 168 417 неке тіркелсе, 2014 жылы 159 328 жаңа отбасы құрылған. 2015 жылы 148 769 жұп шаңырақ көтерген екен. Керісінше, ажырасқандар саны жыл сайын артып келеді. 2014 жылы 52 673 жұп ажырасса, 2015-те бұл сан 53 293-ке жеткен. Биыл тамызға дейін 75 701 неке тіркелсе, 31 469 жұп ажырасқан.

Қайбір жылы атағы дардай бір ағамыз 24 мың қазақ қызының қытайға тұрмысқа шыққанын жеткізіп, дабыл қаққан еді. Ол кісі қызды-қыздымен айтып қалса керек. Өйткені ресми деректер басқаша сөйлейді. Статистика комитетінің ақпараты бойынша, бүгінге дейін шетелдікпен 54 мыңға жуық неке тіркелсе, соның 700-і ғана Қытай азаматтарымен арада жасалған. Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жыл басында 2010-2016 жылдар аралығында 353 қаракөз Қытай азаматтарына тұрмысқа шыққанын мәлімдеген-ді. Бірақ, соның 190-ы Қытайдағы қандастарымызға күйеуге тиген екен. Ендеше, статистикалық деректер «қазақ қыздары жаппай қытайға күйеуге тиіп жатыр» деген әлгі ағамыздың байбаламы орынсыз екенін дәлелдейді. Әйтсе де, Қытайда шетелдікпен шаңырақ көтеретіндер көп. Олар негізінен өздеріне мәдени, әлеуметтік жағынан ұқсас ұлттармен некеге тұруды жөн көреді. China Information журналының 2013 жылы жүргізген зерттеуге сәйкес, Қытай бойдақтарын ең көп «импорттайтын» елдер қатарында Гонконг (264 мың), Тайвань (133 мың) және Макао (17 мың) бар.

«Аспан асты еліндегі» бойдақтардың көптігі біріншіден экономикалық жағдайға байланысты. Оның екінші себебі – елдегі қыз баланың аздығы. Әзірге Қытай тұрғындары халықаралық отбасы құруда оңтүстіктегі көршілерін дұрыс деп тауып отыр. Алайда күні ертең олардың басқаларға «көз аларта» қарамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ендеше, Қытайда соқа бас еркектердің көптігі көрші елдерді бей-жай қалдырмауы тиіс.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Көш басында - Канело

Спорт • Кеше

Ауылда да субұрқақ бар

Аймақтар • Кеше

Шыңға біткен шынардай Шыңғыс еді!..

Руханият • 14 Маусым, 2019

Мерейі тасыған отбасы

Руханият • 14 Маусым, 2019

Бірлесіп күресуге шақырды

Саясат • 14 Маусым, 2019

«Реал» 303 миллион еуро жұмсады

Футбол • 14 Маусым, 2019

Олимпиада жолдамасын иеленді

Спорт • 14 Маусым, 2019

Еуропа ойындары басталады

Спорт • 14 Маусым, 2019

Демалыс аймағы ашылды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мұражайлар фестивалі

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мейіргер Шархат

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Робот арқылы операция жасайды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар