Қазақстан • 27 Тамыз, 2017

Универсиада-2017: Қазақстан қоржынына 7 күнде 13 медаль түсті

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Тайбэй қаласында өтіп жатқан Жазғы универсиадада қазақстандық спортшылар бір апта ішінде 13 медаль еншіледі. Оның ішінде 3 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль бар.

Универсиада-2017: Қазақстан қоржынына 7 күнде 13 медаль түсті

Қазақстанға «алтынды» ауыр атлетшілер Альберт Линдер (69 келіге дейін), Айдар Қазов (77 келі) пен Денис Ұланов (85 келі) алды.

Күміс медальдарды жүзуден Дмитрий Баландин (кеудемен 200 метрге жүзу), таэквондодан Жансель Дениз (73 келі), ауыр атлетикадан Рүстем Сыбай (94 келі) мен Карина Горичевалар (69 келі) еншіледі.

«Қола» дзюдошылар Рустам Ыбраевқа (60 келі), Бекадил Шәймерденов (73 келі) пен Отгонцецэг Галбадрахқа, сондай-ақ жүзуден Дмитрий Баландинге (кеудемен 100 метрге жүзу), Қазақстанның таэквондодан ерлер командасына және ауыр атлет Арли Чонтейге (56 келі) бұйырды.

Жалпы медальдар саны бойынша Қазақстан 14-інші орынға орналасып отыр. Үздік үштік - Оңтүстік Корея - 67 (26-17-24), Жапония - 64 (25-17-22), қытайлық Тайбэй - 53 (17-22-14).