Айталық, фильм басталған бойда бір машинаның күлі көкке ұшып, жан-жаққа шашылған төрт-бес қарақшының қаны судай ақпаса іші пысып, орындарынан тұрып кете беретін жастардың оған қалай қарайтынын мүлде түсіну қиын.
Әйткенмен, қазақ киносындағы бүгінгі орта буынның белді өкілі болып саналатын Сәбит Құрманбеков секілді талантты режиссерлердің ондай қауіптен қаймықпайтыны, қажет десеңіз, ағысқа қарсы жүзетіні анық. Себебі, ол қоғамдық сананы қозғауға, адамзат баласының мәңгілік құндылықтарын қорғауға ұмтылатын суреткерлік мектептің түлегі.
Туған жер, атамекеннен алыста –Ауғанстанда өмір сүріп жатқан қазақ отбасының Қазақстанға қалай, қандай қиындықтармен оралғанын және мұндағы жұртпен қалай тіл табысып, қайтіп орныққанын егжей-тегжейлі баяндайтын фильмдегі оқиғалар тап бір өз басыңыздан өткендей бірде қиналып, бірде қуанып отырасыз.
Әуелде олардың жат жұрттағы тұрмыс-тіршілігіне, киген киіміне, сөйлеген сөзіне қайран қалатын көрермен, бірте-бірте мінез-құлқындағы, түсінік-пайымындағы өзгерістерді де айқын сезініп, атамекенге тезірек жетуіне іштей тілектес бола бастайды. Әсіресе, шекара бекетіне келіп, құжаттарын көрсетіп, қазақ еліне қадам басқан тұсында бас кейіпкер Сапарқұлдың әкесінің тізерлеп отыра қалып, туған жердің топырағын сүйетін сәтін көргенде қатты толғанасыз. Фильмдегі актерлердің шеберлігі, атап айтқанда, Сапарқұл рөліндегі – Дулыға Ақмолда мен оның әйелінің бейнесін сомдаған Баян Қажнабиеваның ойыны ерекше тәнті етеді.
Сценарийдің авторы Нұрлан Санжарұлы: «Кино атамекеніне қоныс аударуды армандаған қарапайым адам туралы. Фильм авторы ретінде қазақ үшін Отан ұғымы күнкөріске ыңғайлы жер емес, байтақ дала екенін жеткізгім келді», дейді.
Ал фильмнің режиссері Сәбит Құрманбеков: «Сценарийді қолға алғанда көз алдыма туған жерге бет алған адамдардың тозақтан жұмаққа қарай келе жатқан кейпі елестеді», деп ағынан жарылады.
Осыған орай «Оралманды» көріп, ойға батқан көрерменнің де өз пікірі, түйген ойы бар екенін айтқымыз келеді.
Ұзақ жылдар бойы оқ пен отқа оранып жатқан аймақтан арып-ашып атамекеніне оралған жандардың туған жерге жеткен соң да көрген қиындығы аз болған жоқ. Себебі, олар кешегі кеңестің шаңырағы күйреп, керегесі қирап жатқан кезде келді. Сондықтан, шашу шашып, құшағын ашып қарсы алған ешкім көрінбеді. Бар қолдан келгені, алыстағы бір қаңырап қалған әскери нысанның жанындағы иесіз аумаққа қарауыл етіп қойды. Сонда да болса, тозақтан келген жандар жұмақтың есігінен сығалағанына қуанды. Туған елге жетіп, жер басып тірі жүргеніне шүкіршілік етті...
Кезінде Ауғанстанда «служить» еткен ауыл әкімі отбасының жағдайын сұрай келіп, отағасынан: «Ол жақта кім болып істеп едің?» дегенде, «Мешітте азаншы болғанмын,» деп жауап береді Сапарқұл. «Ой, ондай жұмыс жоқ қой бізде», деп қиналады әкім.
Осыдан соң араға біраз уақыт салып, жергілікті жердің келісімімен Сапарқұл айналадағы шашылып жатқан темір-терсектерді жинастырып, қыш құйып, мешіт салуға кіріседі. Қажетсіз болып қалған зымыранның қаңқасынан мұнара жасайды... Сөйтіп, өзі салған мешіттен бір күні өзі азан шақырады. Оның даусы бүкіл далаға естіліп жатқандай таң-тамаша әсерде қаласыз.
Міне, көрермен көңіліне жылу ұялатып, ой салатын ерекше бір сәт те осы. Туған жердің әрбір перзенті өз еліне тап осындай ақадал көңілмен қызмет етуі қажет.
Ендеше, әрбір адамның туған елі, Отаны үшін жасаған игілікті ісі әлемге, адамзат баласына көрсеткен қызметі болып табылады. Айталық, ауылдағы жұртты имандылыққа шақырып тұрған азаншының даусы алысқа, бейнелеп айтқанда, бүкіл дүниеге естілетініне кім күмән келтіре алады. Себебі, алыс-жақындағы бір-бірімен араласып, барыс-келіс жасап жатқан жандардың кеудесіндегі ізгілік нұры жер бетіне таралып, алтын шуақ шашпай ма.
Содан да болар, «Оралман» фильмі Иранның астанасы Тегеран қаласында өткен 35-ші «Фиджр» кинофестивалінде және Астанадағы «Еуразия» кинофестивалінде жұлдызы жарқырап, бас жүлде алғанда тек өзіміз ғана емес, барлық бауырлас елдердің көрермендері бірге қуанғандай көңілімізді шаттық кернеді.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»