Медицина • 28 Тамыз, 2017

Әлеуметтік жаңғырту әлеуеті

10316 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бәсекелестікті дамыту, сапалы еңбек ресурстарын қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жаңа жағдайға қарай бейімделуге байланысты бірқатар маңызды тапсырмалар жүктелгені белгілі. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де бірталай істі қолға алыпты. Вице-министр Светлана ЖАҚЫПОВА төменде осы жөнінде әңгімелейді. 

Әлеуметтік жаңғырту әлеуеті

– Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасымен экономикалық және қоғамдық сананы жаңғыртуды мұрат еткен Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы іске асырылып жатқаны белгілі. Бұл міндеттердің қатарында әлеу­меттік саланы жаңғырту мә­селесі де бар. Әңгімемізді осы бағытта атқарылып жатқан жұ­мыстардан бастасақ... 

– Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы кезеңіндегі басты мақсат – Қазақстанның әлемдегі ең да­мыған 30 елдің қатарына енуі. Бұл маңызды қадам әлеуметтік-еңбек саласына да бірқатар мін­деттер жүктеді. Мұның бәрі ха­лықтың өмір сүру сапа­сын жақ­сартуды көздейді. Бағыт­тардың біріншісі – еңбек нарығын жаңғырту. Осы мақсатта халық­тың жұмысқа орналасуына жәр­демдесіп, отандастарымызды еңбек нарығындағы сұранысы жоғары кәсіптерге қайта оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне үйрету секілді жұмыстарға айрықша маңыз беріліп отыр. Азаматтарға кәсіптік-техникалық білім беру орындарында тегін оқуына жағ­дай жасалып, кәсіпті игеруде қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылуда. Осы орайда мемлекет оқуға кететін шығын­дарды өтеп, шәкіртақы төлейтін болады. Жол кіресі де төленіп, оқып жатқан азаматтарға бір реттік ыстық тамақ беріледі. Ал шалғай өңірлерде тұратын аза­маттарға оқу қолжетімді болуы үшін мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ. 

Бұл тұста министрлік қол­ға алған нәтижелі жұмыс­пен қам­туды және жаппай кәсіп­керлікті дамыту бағ­дарламасы шеңберінде бірта­лай шаруа еңсерілгенін атап өткен жөн. Мысалы, осы жылдың 7 айында жұмысқа орналастыру ша­раларының арқасында 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып, әлеуметтік жұмыс орындарына 18 мың адам, қо­ғамдық жұмыстарға 61 мыңға жуық азамат жіберілді. Ал 15 мың маман жастар тәжірибесіне жолданса, 120 мыңдай азамат жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрақты жұмыс тапты. 

Еңбек нарығын жаңғыртудың келесі бағыты жұмыс күшінің бір саладан екіншісіне ауысуын басқару болса, үшіншісі – үйлесімді көші-қон саясатын ұйымдастыру.

Министрлік әлеуметтік қыз­мет көрсетуді жаңғырту аясында әсіресе, өмірдің қиындығына тап болған, тағдырлы азаматтарға ерекше көңіл бөліп отыр. Ай­талық, мұндай топқа жататын азаматтар қызмет көрсету ұйымын таңдау мүмкіндігіне ие болды, ал әлеуметтік қыз­меттердің тегін көлемін алуға құқы жоқ тұлғалар үшін қоса қаржыландыру тәсілдері пайда болды. Мысалы, бұрын өзін-өзі күте алмайтын жандар, адам саудасы мен зорлық-зомбылық құрбандары, белгілі бір тұрағы жоқ адамдар, арнаулы интернат-үйлерге жіберілетін еді. Енді олардың күтімімен үкіметтік емес ұйымдар айналысады. Бүгінде 106 үкіметтік емес ұйым 6 мыңнан астам адамды қамқорлығына алды. Егер мұндай әлеуметтік көмек түрі болмаса, мемлекет қолданыстағыдан бөлек, тағы 60 интернат үйін салуға мәжбүр болар еді. 

Ендігі бір мәселе, азаматтық қоғам ұйымдары көбіне қала­ларда жұмыс істейді. Олардың қызметін кеңейте түсу мақса­тында жеке секторды осы са­ла­ға тартып, қызметтер тари­фі мен стандарттар қайта қа­рас­тырылмақ. Осылайша, на­рықтағы бәсекелестікті күшей­тіп, жұртшылыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтер сапасын арттыруды көздеп отырмыз. 

– Рухани жаңғыру аясында Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асырып, тәуелсіздік жылда­рында табысқа жеткен, ерен еңбегімен көзге түскен тұлғалардың өмірбаяндарын өзгелерге үлгі ету жөнінде тапсырма берді. Осыған байланысты сіздердің де қолға алған тың бастамаларыңыз бар деп естідік...

– Әлбетте, бұған дейін қал­тарыста қалып келген 100 жаңа есімді анықтау – барлығымызға ортақ жоба. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өмірге құштар, ерекше ерік-жігерімен елдің сүйіспеншілігіне бөленген 5 үміткерді таңдап, арнайы құрылған комиссияның қарауына жіберді. Мысалы, сондай кейіпкеріміздің бірі – министрлік ұйымдастырған үздік әлеуметтік жобалар байқауының жүлдегері Елдос Баялышбаев. Оның тағдыры өзгеге өнеге бо­ларлық. Елдос жол апатына түсіп, мойын омыртқасын зақымдап, арбаға таңылып қалған еді. Бірақ аяқ астынан болған ауыр апат Елдостың дене бітіміне зиян келтірсе де өр рухы мен жігерін жасыта алған жоқ. Ол қиындыққа қасқая қарсы тұрып, күндіз-түні еңбектенгеннің арқасында аяғынан тік тұрды. Қазір ол осы қажыр-қайратын өзгелерге де үйретіп, төсекке, арбаға таңылған жандардың жігерін жанып, ортаға оралуына барын салып жүр. Елдос 2014 жылы «Мүгедектерді спорттық оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігін ашып, оны жемісті басқарып келеді. Сол жылы алған 3 млн теңге сомасындағы грант қаржысын арнайы жаттығу құралдарын жасауға жұмсады. Екі жылдың ішінде осы орталықтан 260-тан аса адам оңалту шараларынан өтті. Енді ол Алакөл жағалауында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы шипажайдың іргетасын қалап жатыр. 

Сондай-ақ, «Арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсетудің Өскемен балалар орталығы» КММ директоры Ольга Батуева мен «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева, Астана қа­ла­сы әкімдігі жанындағы «Нұр­лы жүрек» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығының жетек­шісі Серік Бөпежанов пен Та­раз қаласындағы орта мектеп оқушысы, 8 айлық кезінен ауыр сырқатқа шалдыққан, бірақ өмірге деген құштарлығымен талайға үлгі болған Исаак Мустопуло сынды азаматтар да «100 жаңа есім» жобасына лайықты жандар. Мұндай тамаша азаматтар туралы да ұзақ әңгімелеуге болады.

– Мүмкіндігі шектеулі жан­дар демекші, елімізде мүге­дектердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасау, арнайы пандустар мен автотұрақтар жа­сақ­тау секілді мәселелер қан­шалықты оңтайлы шешіліп жа­тыр?

– Қазір Қазақстанда 655 мыңға жуық мүгедек адам бар. Бұл – халықтың 3,6 пайызы. Солардың 62, 2 пайызы – еңбекке жарамды жастағы азаматтар болса, 12,5 пайызы – 18 жасқа дейінгі балалар. Оларға жағдай жасау, құқын қорғау үшін Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құ­қық­тары туралы конвенциясын ратификациялаған. Осы құжатта айтылған жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мақсатында елімізде Мүгедектердің құқық­тарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған шаралар жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын олардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл сайын көлік және қоғамдық орындарды бейімдеудің өңірлік карталарын жасайды. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, барлығы 30,3 мың нысан паспортталды, соның ішінде 19 мың нысанда мүгедектердің жүріп-тұруына қолайлы жағдай бұрыннан жасалған болса, 12,7 мың нысанға бейімдеу жүргізілді.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қа­лып­тастыру мақсатында әр­бір облыста өңірлік жоспар бекітіледі. Онда мүгедектердің қажеттілігіне қарай бейімдеуді қажет ететін нақты ғимараттар мен нысандардың тізбесі де көрсетілген. 

«Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңында жергілікті атқарушы органдар, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк мекемелерге, ғимараттар мен үй-жайларға, әуежайлар мен темiр жол вокзалдарына, тағы басқа да ғимараттарға мүгедектер еркін кіріп-шығуы үшін жағдай жасауы міндетті деп атап көрсетілген. Сондықтан бұл заң талабын ешкім бұзуға құқы жоқ. Бұған қоса, белгілі бір нысанның құры­лысы басталғаннан пайдалануға берілгенге дейін халықтың жү­ріп-тұруы шектеулi топтары үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселе де ерекше бақы­лауға алынған. 

Министрлік БҰҰ-мен бір­лес­кен жобасы шеңберінде «Қолжетімділіктің интерактивтік белсенді картасы» порталын әзір­леп шығарды. Бұл friendlybuilding.kz порталының ерекшелігі сол, мүгедектердің ыңғайына қарай бейімделген нысандар туралы ақпаратты онлайн режімде енгізуге, нысанның қаншалықты бейімделгенін көруге, берілген мәліметтің дұ­рыстығы мен дәлдігін тексеруге мүмкіндік береді. Портал қолданушылары әрбір нысанда жүргізілген бейімдеудің сапасын бағалап, ұсыныс-пікірін қалдыра алады.

– Жаңа өзіңіз айтып кеткендей, еліміздегі мүгедек жан­дардың 12,5 пайызы – 18 жасқа дейінгі балалар. Қазақстанда мұндай жеткіншектердің күту­шісіне де жәрдемақы таға­йындалады. Бірақ бала 18 жас­қа толғаннан кейін бұл қаражат алынып тасталады. Алайда, мүмкіндігі шектеулі балалардың ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын ауыр жағдайдағы жандар да бар. Олар үлкейген сайын ата-ана­сына қиын. Осыны ескере келгенде, мүгедек бала күту­шісінен жәрдемақыны алып тастау қаншалықты әділетті?

– Иә, қазіргі таңда 18 жастан асқан мүгедек жанға қараушы отбасыны (адамды) әлеуметтік қолдау мәселесі өткір тұр. Бұл мәселені кәмелет жасқа толған мүгедек баласы бар ата-аналар да белсенді көтеріп жатыр. Әрине, мүгедек балалар «ересектер санатына» өтуіне байланысты олардың жағдайы оңалып, түзеліп кетпейтінін біз де жақсы түсінеміз. І топтағы мүге­дектердің өзіне қарауға қау­қарсыздығын, жұмысқа жарамсыздығын ескере отырып, министрлік 18 жастан асқан І топ мүгедегінің күтімімен отырған тұлғаға ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінде тағайындау жөнін­дегі мәселені қарады. Осыған байланысты қажетті есептеу жұмыстарын жүргізіп, Рес­пуб­ликалық бюджеттік комиссияның қарауына жібердік. Бұйыртса, 2018-2020 жылдары жоспарланған жәрдемақыны мемлекеттік медициналық-әлеу­меттiк мекемелерде (ұйымдарда) тұрған адамдарды қоспағанда, 13 980 адам алады деп болжануда.

Республикалық бюджеттік комиссияның оң шешімінен кейін 18 жастан асқан, бала кезінен І топ мүгедегіне жататын азаматқа тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мем­лекеттік жәрдемақыны енгізу заңнамалық негізде бекітілетін болады.

Әңгімелескен 
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
 «Егемен Қазақстан»