Еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның, Қазақстан Президенті лауазымын тағайындау туралы Заңның, Азаматтық туралы, Мемлекеттік тәуелсіздік туралы, Тіл туралы заңдарды жазуға және қабылдануына тікелей араласты. Айтулы тұлғадан Ата Заңымыздың қабылдануына да қатысты пікірін білген едік.
– Сұлтан Сартайұлы, сіз қоғамдық-саяcи ортаға қандай жолмен келдіңіз және осы ортадан өзіңізге не таптыңыз?
– Кешегі тоталитарлық жүйеде біз саяси жұмысқа араласамыз деп ойлаған емеспіз. Өмірдің өзі қақпайлап, осыған алып келді. 1989 жылы елімізде демократияның жылымық сәулесі пайда болып, сайлаудың жаңа жүйесі қалыптаса бастады. Сол кезде мен Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы болатынмын. Жоғарғы жақтан біздің одаққа алты орын бөлінді. Бөлінген орынға 72 адам үміткер ретінде тіркеліпті. Содан топ жарып шыққандардың тізіміне мен де іліктім. Мемлекеттің саяси жұмысына араласуым – елімізде, демократияның, бостандықтың жаңа элементтері пайда болған кезіне келді. Жоғарғы Кеңестің он екінші, он үшінші шақырылуы – біздің парламенттік жүйеміздің ең бір демократияшыл кезеңдерінің бірі болды. Сол кездері құрамы сайдың тасындай іріктелген заңгерлер, экономистер, тарихшылар және саясаткерлер мен әлеуметтанушылар болып тізбектеліп, бір-бірінде жоқ сипатты толықтырып жүргендей әсер қалдыратын. Біз осы кезеңде тәуелсіз жас мемлекеттің іргетасын қаладық.
Бірде, мәжіліс жүріп жатқан кезде Елбасына Өзбекстан, Әзербайжан елдері президенттік басқару формасын орнатты. Біз де сол форманы заңдастырайық. Бұл өтпелі кезеңде өте қажет деген ой тастадым.
Мемлекет басшысы мәжіліс біткен соң: – «Ал, жігіттер, елімізде президенттік басқару жүйесін заңдастыратын заңның жобасын әзірлеңдер» – деді. Біз әзірлеген заң жобасы республикалық басылымдардың бәрінде жарияланды, бір айдай жалпыхалықтық талқылаудан өтті.
Заң қабылданар қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев: «Сұлтеке, ертең сағат тоғыз жарымда кездесейік» деген ұсыныс айтты. Ертеңіне айтылған мерзімде барсам, көңіл күйі жоқ. Себебін жасырған жоқ. Өткен түні сағат 3-те орталықтан Разумовский қоңырау шалып, Горбачевтің президенттік форма туралы заң жобасын күн тәртібінен алып тастауды талап еткенін айтты.
Мен бұл бізге беріліп тұрған соңғы мүмкіндік екенін, егер тайқып кетсек, Өзбекстан мен Тәжікстанды да Президенттік жүйе енгізу туралы заңдарының күшін жоюға мәжбүрлейтінін ашып айттым.
Содан Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер енгізу және президенттік басқару жүйесі туралы мен әзірлеген баяндаманы да жұрт ықыласпен қабылдады. Қарсы шыққан депутаттар «Бұл заңсыз. Президенттің басқару формасы деген бізді бөтен жолға түсіріп кетпей ме? Одақта 15 президенттің болуы мүмкін емес» деген уәждерді алға тартты.
– Тәуелсіздік заңмен бекітілгенде ғана нәрленіп, қуаттанады. Осынау тағдыршешті Конституциялық заңның қалай қабылданғаны туралы әңгімелесеңіз? Өйткені, оны жүрегінің сиясына малып жазғандардың бірі сіз...
– Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның жобасын мен, Еркеш Нұрпейісов, Талғат Донақов үшеуіміз өз бастамамызбен жасап, 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырдық. Бірақ, бұл құжат көпке дейін қараусыз жата берді. Кейбіреулердің «онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша» деген сөздері де құлағымызға жетіп жатты.
Жоғарғы Кеңес депутаттарының алғашқы қарағаны – Егемендік декларациясының жобасы болды. 3 беттік, 22 баптан тұратын декларацияны бір айдай талқыладық, қызу пікірталастар өрбіді. Депутаттар тарапынан қарсылық күшті болды. Тек қана басқа ұлт өкілдері қарсы болды деп біржақты түсінуге болмайды, олардың ішінде қазақтар да бар еді. Депутаттардың 42 пайызы қазақ болатын. Олардың көбі «Кеңестер одағының құрамынан шықсақ, қалай өмір сүреміз, иесіз қаламыз» немесе «Федерация болайық» деген сияқты ойларын айтты, бұл 70 жыл бойғы кеңестік идеологияның ықпалынан шыға қоймағандығымызды, саяси сана-сезімдеріміздің деңгейінің қаншалықты екендігін байқатты.
– Сонда оларға Декларацияның қай бабы ұнамады?
– Кейбір депутаттарға егемендікті жария еткен құжатты қабылдау барысында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі», «Қазақ ұлты тағдырының жауапкершілігін сезіне отырып» деп келетін тұжырымдар ұнамады. Сессия кезінде «басқарушы және негізгі күш коммунистік партия болып табылады» деген 6-бапты алып тастау туралы батыл ұсынысқа «қызыл коммунистер» қатты қарсылық көрсетті. Қазақ елінің болашағы үшін аса маңызды құжатты қабылдауды кейінге ысыра бергенді жөн көргендер де болды.
Қазір сол кезең туралы әркім әртүрлі жорамал айтады. «Біреулер біз тәуелді болатын мемлекет қалмағандықтан тәуелсіздік алдық» дейді. Бірақ сол кезде тәуелсіздік декларациясын жариялап, «Біз жас тәуелсіз мемлекет ретінде, кез келген мемлекетпен тең дәрежеде байланысқа шығуға әзірміз» – деп айдай әлем алдында заңмен шегелеу, мөрмен бекіту – заңдылық еді. Мені саясатқа алып келген соқпақ сол кезеңнен басталып, өмірімнің жұлдызды сәті де сол соқпақпен тоғысыпты. Сол кездерді қазір сағынышпен еске аламын.
– «1993 жылғы Конституция – ымырашылдық (компромистік) Конституциясы болды. Сол тұстағы қазақстандық қоғам «демократиялық масайрау», «бостандық пен тәуелсіздіктен масайрау» көңіл күйін кешуде еді» деген пікір бар.
– Бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне көшу эволюциялық жолмен жүзеге асты, бірақ бұл процесс өз орнынан айырылғалы тұрған консервативтік күштердің қарсылығынсыз өткен жоқ. Конституцияны қабылдау кезінде көшелерге танкілер шыққан Ресейдегідей ашық сипат алмағанымен, әртүрлі бағыттағы блоктардың қасарысуы көзге ұрып тұрды. Президентіміз Н.Назарбаевтың тұжырымдауынша, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы ымырашылдық (компромистік) Конституциясы болды. Сол тұстағы қазақстандық қоғамға «демократиялық масайрау» керегі жоқ еді. Қос азаматтық мәселелері, этностық мүдделері саяси саудаға салынды. Осындай келеңсіздіктер қоғам дамуының ырғағына сызат түсіре бастағаны мәлім.
– 1995 жылғы Конституцияны қабылдаудың себебі туралы айтыңызшы...
– 1993 жылғы Конституция бойынша жерге жекеменшікке жол берілмейтін. Алайда, тәжірибе көрсеткеніндей, жерді жекеменшікке бермейінше, толыққанды нарықтық қатынастарды дамыту мүмкін емес. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепілдік берілмейінше отандық өндірісшілеріміз де, шетелдік инвесторлар да түпкілікті тәуекелдікке бара алмайды. Жағдаятты басқа арнаға бұру ұмтылыстары байқалды. Қоғамда өріс ала бастаған жіктену тұрақтылыққа, баяндылыққа қауіп төндірді. Сондықтан, жаңа Конституция қабылдау керек болды.
– Тәуелсіздіктен кейінгі уақыттың динамикасы туралы не айтар едіңіз?
– Біз тоталитарлық жүйеден шықтық. Барлық мәселені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шешіп тастау, солай деп талап ету мүмкін емес. Оны шешу үшін уақыт керек. Өткен уақытта саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлардың іргетасын қалап, жұртшылықтың қажеттіліктеріне мойын бұра бастадық. ТМД бойынша көш басында жүргенімізді бірқатар мемлекеттер мойындап отыр. Ел байлығын еселеу үшін өндірісімізді, халыққа қажетті тауарларды шығаратын технологияларға қол жеткізу керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист