Жеңіл атлетика • 28 Тамыз, 2017

Астанада халықаралық марафон өтті

735 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі ая­сында кезекті маңызды спорт­тық шара – Шанхай ынты­мақтастық ұйымының (ШЫҰ) тарихындағы екін­ші халықаралық марафон өтті. Алғашқы марафон был­тыр ШЫҰ-ның 15 жыл­­дығына орай Қытайда ұйым­­дастырылған болатын.  

Астанада халықаралық марафон өтті

Биылғы сайыс Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) 25 жылдығына орай өткізілді. Осы жылдың 22 мамырында атаулы датаны халықаралық марафонмен бірге атап өту қажет деген шешім шығарылып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясы мен Қытайдың «Шанхэ» Юньнань мәдениет және спорт компаниясы ШЫҰ мен АӨСШК халықаралық Астана марафонын өткізу туралы келісімге келген еді. Мұндағы басты мақсат – ұзақ мерзімді, тиімді қарым-қатынас орнату. 

Астанадағы халықаралық марафонға әлемнің 20 елінен алты мыңға жуық спортшы қатысты. Оның ішінде ШЫҰ-ға мүше әрбір мемлекеттен жалпы саны 50 кәсіби спортшы тартылды. 

Таң ата басталған марафонды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тілеген соң, спортшылар кезек-кезегімен жүгіруді бастады. Марафоншылар үш қашықтыққа, яғни ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне орай 2017 метрге, 10 шақырымға және 42 шақырым 195 метрге жүгірді. Желаяқтар жарысында еліміздің жоғары шенді тұлғалары да өз бақтарын сынады. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Әкімшілігінің Бас­шысы Әділбек Жақсыбеков, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Кәрім Мәсімов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және Қазақстан Даму банкі басқармасының төрағасы Болат Жәмішев марафон жүгіруге тілек білдірді. Сондай-ақ, еліміздің Олимпиада чемпиондары мен жүл­дегерлері де марафонға қа­ты­сып, спортшыларға қолдау көрсетті. 

Ел тарихындағы тұңғыш кәсіби марафон жарысының қо­­рытындысы бойынша 42 шақырымды құрайтын ең ұзақ қа­шықтықта өзбекстандық спортшы Андрей Петров пен белоруссиялық жүйрік Владислав Прямов мәре сызығын бір уақытта кесіп өткен. Нәтижесінде, төрешілер ақылдаса келе бірінші орынды өзбек спортшысына берді. Үздік үштікті қыр­ғызстандық Илья Тяпкин қоры­тындылады. Жеңімпазға 13 мың АҚШ доллары, екінші орынға 6 мың долар және үшінші орынға 4 мың доллар сыйақы берілді. 

Сондай-ақ марафонның 10 шақырымдық сайысында ерлер арасында бірінші орынды елордалық Құдайберген Зейноллаев, екінші орынды Алматы облысынан келген Дарын Қонысбаев иеленді. Жүлделі үшінші орынға ОҚО-ның желаяғы Артем Чижевский қол жеткізді. Қыздар арасындағы сайыста Татьяна Нерознак топ жарды. Күміс жүлде Шымкенттен келген Балнұр Асылбектің ен­шісіне бұйырса, үшінші орын­ды көкшетаулық Надежда Бек­мағамбетова иеленді.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 шарасына орай ұйымдастырылған 2017 метр қашықтықтың ерлер арасындағы сайысында астаналық студент Әлімжан Сейдешов жеңім­паз атанды. Тағы бір астаналық Әділбек Серікбек екінші орыннан көрінсе, қола жүлде семейлік Ев­гений Орхиповқа бұйырды. Әйелдер арасындағы жарыста аста­налық Анар Қырықбаева бас жүлдені жеңіп алса, екінші және үшінші орынды Павлодардан келген екі марафоншы – Анастасия Шараварова мен Белла Комарова өзара бөлісті. 

Марафон соңы қа­зақ эстрада өнерпаздарының кон­­церттік бағдарламасымен жалғасты.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген 
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар