Парламент • 28 Тамыз, 2017

Сенат Төрағасы Пагуош конференциясында бірқатар кездесулер өткізді

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Пагуош ғалымдар қозғалысының Астанадағы 62-ші конференциясының аясында бірқатар кездесулер өткізді.

Сенат Төрағасы Пагуош конференциясында бірқатар кездесулер өткізді

Ғылым және халықаралық істер жөніндегі Пагуош ғалымдар қозғалысының президенті Джаянт Данапаламен кездесуде конференция ядролық қақтығыстардың туындау қаупін төмендету жолдарын іздестіруде жаңа серпін бергені атап өтілді. Д.Данапала пікірсайыстардың мазмұндылығын және осы форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті, сондай-ақ осындай ауқымдағы конференцияны Астанада өткізгені үшін Қазақстанға алғыс айтты.

Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Лассина Зербомен Қазақстан және ЯСЖТШҰ-ның ынтымақтастығының келешегі талқыланды.

Қ.Тоқаев Қазақстан мен ЯСЖТШҰ-ның өзара нәтижелі іс-қимылына жоғары баға берді, Ядролық сынақтарға мониторг жүргізетін халықаралық жүйенің қазақстандық секторын құрудағы Ұйымның көмегіне ризашылығын білдірді. Л.Зербо халықаралық қауіпсіздік және ядролық қаруларды таратпау саласындағы Президент Н.Назарбаевтың бастамаларының жаһандық маңызын атап өтті.

БҰҰ Бас Хатшысының бұрынғы орынбасары, Қарусыздану жөніндегі бұрынғы жоғары мәртебелі өкілі Серхио Дуартемен кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі, оның ішінде халықаралық терроризм мен ядролық қаруды таратпау мәселелері талқыланды. С.Дуарте 29 тамызда Қазақстанда МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің ашылуының маңыздылығын атап өтті. Бұл әлем қоғамдастығының қолдауының және ядролық қарудан азат әлем құруға теңдесі жоқ үлес қосқан мемлекет ретінде Қазақстанға деген биік сенімнің арқасында мүмкін болды.