Меркі – Шу аңғарында жатқан облыстың кішкентай көшірмесі іспеттес өңір. Мұнда асқақтаған Алатау, таудан арқырай, күркірей, көбіктене ағатын өзендерді де, кілемнің түгіндей құлпырған көкмайсаны да көретініңіз анық. Түйенің түлеген кезіндегідей ойдым-ойдым тақыр да, төрт құбыланың қай жағынан жел соқса да құмы аспанға көтерілетін немесе сексеуілдің түбінен сая табатын жал-жал құмды өңір де осында.
Меркі аумағындағы Алатаудың Мүйіздіқара, Қараауыз, Құмбел, Қасқасу, Үңгірлі, Сандықтас, Шайсандық, Молалы таулары мен сол заңғарлардың қарлы шатқалдарында жылдар бойы жатқан мұзарттардан бастау алған буырқанған өзендер өңірдің барлық табиғатын қалыптастырған. Осы таулардың қойнауындағы жайлауларды көргеніңіз бар ма?!
Соңғы жылдары Сандықтас жайлауына жиі барған жайымыз бар. Бұл мал жайылымы ғана емес, тұнып тұрған тарихтың жайлауы. Тақия, Қарқалқа жайлауындағы ғажап көріністерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Биік тау басындағы Көккөлдің ғажаптары кімді болса да тәнті етері сөзсіз. Бұл көлді көпшілік әртүрлі атайды. Бірі – «Әулиекөл» десе, енді бірі – «Айдаһар көлі» дейді. «Көккөл» дейтіндері басымырақ. Неге бұл көлдің аты көп? Ол бөлек әңгіме. Осы көлдің жан-жағынан жамырайтын Меркі, Аспара, Қарақыстақ, Мықан, Көлтоған секілді тағы да басқа өзендерді жағалай биікке көтерілген сайын жер жұмағының бар екеніне сенесіз! Көк аспан мен көк шалғынды жер астасып кеткендей. Түп-түзу немесе мың бұралған аққайың, қарағай, шырша, тағы да басқа орман ағаштарының самал желмен тербелгенін көрудің өзі керемет емес пе?! Шөбі беліңізден асатын алаңқайлар жиі кездеседі. Жер бауырлай өсетін сан түрлі гүліне көзіңіз тоймайды. Бұл жерде ат шалдырып, сары қымызды сіміре ішсеңіз, бойыңызға өлшеусіз қуат құйылатыны анық. Ауасын айтсаңызшы! Керімсал, саф ауаны жұтқаныңызда сіздің мас болмасыңыз екіталай. Табиғаттың мұндай аясында тек ғажайып толғаныс, шығармашылықтың асылы өмірге келетінін, шалқып, көңіліңіз таситынын аңғару қиын емес.
Қырғыз бен қазақтың ортақ жайлауы болып келген атақты Сусамыр мен Мойынқұм, Ойранды мен Аспара ортасында жатқан Меркі, Қорағаты, Сұрат, Қарақыстақ, тағы да басқа кішігірім өзендер мен Көккөл, Көлтоған, Мықан сияқты көлдерді жағалай қонған меркіліктер Жер бетінде өздерінің туған өңірінен ғажап өлке жоқ екенін жиі айтады. Оны жоққа шығару қиын.
Меркіде жаратылысы өзгеше бұлақтар мыңдап саналады. Сондықтан болса керек, Меркі өңірін кейбір зерттеушілер «Бұл өлкені ертедегі саяхатшылар мен тарихшылар «Мыңбұлақ» деп атаған дегенді айтады. Бұл атауды Меркіден екі жүз шақырым жерде, Алатау бөктерінде орын тепкен жуалылықтар да өзіне балайтынын еске алатын болсақ, ой қозғайтын көзқарастар бар екені анық. Қытайдың будда миссионері Сюань-Цзанның жазып қалдырған мына сөздеріне назар аударайық. «Цянь-Цюнань (қытайлықтар Меркіні ертеректе осылай атаған – авт.) елді мекені 200 ли аумақты алып жатыр, оңтүстігінде басын қар шалған тау, қалған үш жағында теп-тегіс дала жатыр. Мұнда жер дымқыл, тоғайы қалың, көктем айларында гүлдері безендірілген жібек мата секілді. Бұлақтардың саны мыңға жетеді. Сондықтан, ол жер осындай атауға ие. Әрі онда көл бар...». Қазақстандық шығыстанушы Ю.А.Зуев жапон тілінде жарық көрген ғылыми еңбектерден Меркіге қатысты мынандай жайттарды бізге жайып салады: «Меркі қаласының көне атауы Мыңбұлақ (көне түркі тілінде Бин-Юл, қытай тілінде Цянь- Цюань). Батыс түрік қағанатының құрамына енген. Онда 618 жылдан бастап Жетісудағы соғдылық және ортаазиялық мемлекеттерді басқару міндеті жүктелген Тон Жабғу қағанның ордасы орналасқан. 629 жылы Мыңбұлақта (Меркіде) буддалық монах Сюань-Цзян болған. Ол 729 жылы Шығыс Түркістаннан шығып Ыстықкөлге жеткенін, одан соң түркілер мекені Баласағұнға келгенін айтады. Баласағұннан шыққанан кейін аялдаған жері Мыңбұлақ алқабы болғанын, Түркістанға жеткенше Талас өзенінен өткенін, Таразға ат басын тірегенін, Исфиджапта, Шаш қаласында болғанын жазады. Оның Меркіге міндетті түрде келетіндігін, себебі ол кезде бұл өңірде сол кездің саяхатшылары тоқтайтын Меркі, Аспара, Құлан сияқты ірі қалалары мен қорғандары бар екенін еске алсақ, «Мыңбұлақ» деген атауды Меркі жеріне байланысты айтса керек. «... Оңтүстігінде басын қар шалған тау, қалған үш жағында теп-тегіс дала жатыр» деген суреттеуден-ақ бұл Меркі өңірі екенін жазбай танисыз. Жуалыны «Мыңбұлақ» деп атағанын да жоққа шығаруға болмайды. Мұнда да мың бұлақ бар.
Өңірде жер бетінде және астында арнасы бар өзендер аз емес. Мұндай өзендер Меркі жерінде баршылық. Тек таудан бастау алатын оннан аса өзен бар. Солардың ең үлкені Шуға барып қосылатын Қорағаты және оған келіп құйылатын ұзындықтары жүз шақырымнан асатын Меркі, Аспара өзендері. Батыстан шығысқа қарай, құмды жағалай ағатын Қорағаты өзенінің жаратылысы да қызық. Таудан бастау алатын өзендердің жер астына сіңіп, одан жазық далада мың-мың бұлақ болып жер бетіне қайта шығатыны айтпасада түсінікті.
Меркіні «Мыңбұлақ» деп атауға толық негіз бар екенін осы өңірді көп зертеген ғалым Айман Досымбаева мен өңір су көздері, табиғаты туралы өте дәлелді әрі жан-жақты дәйектер мен деректер келтірген профессор Темірбек Қожакеев пен Ермек Сауранбаев бекіте түседі. Өлкетанушы Ермек Сауранбаев Меркі су көздері төрт деңгейден бастау алатынын айтады және дәлелдейді. Туған жердің табиғатын өте жетік білген, тылсым тіршілікті өзі аралап, өзі көрген, содан ой түйген ол Ақтікен, Қорағаты өзендерінің жаратылысын айта келіп, ауданның құм бөлігінде кішігірім көлдердің көп болуы себебін де түсіндіреді. Суы көп болса да оны тиімді пайдалануды мақсат еткен меркіліктер Тәтті, Кеңес, Аспара, Меркі сияқты су қоймаларын салған.
Суды пайдалануда ерте заманда өмір сүрген адам әрекеттері мен табиғат салған сурет ізі сайрап жатыр. Ауданның орталығы мен солтүстігі жазық болып келгенімен, таудан басталатын терең-терең сайлардың арналары, қорғандарды айналдыра қазылған орлар біздің бабаларымыздың белгілі мақсатқа су көздерін тиімді пайдаланғанын аңғаруға болады. Тіпті тау қойнауларында адам мекені болғанын айғақтайтын үңгірлерді, Аспара маңында мыс, алтын қорыту пештерін салуда да суды пайдаланғанын аңғару қиын емес. Үңгірлер де, пештер де өзен маңында болуы осыны айғақтайды. Жер бедерінен-ақ бұл өңірде жер сілкіністері болып тұратынын білесіз.
1983 жылы ашылған Меркі шипажайынан жоғары 3-4 шақырым жерде орын тепкен республикалық сейсмологиялық бақылау және жер сілкінісін болжау жүйесіне кіретін «Меркі» кешенді стансасы мамандарының айтуынша, мұнда 1770 жылдан бері 6 балдан жоғары 14 рет күшті зілзала болыпты. Бұл осы өңірде жер қыртысының орналасу ерекшелігіне байланысты. Әсіресе, 1865 жылы тарихқа «Меркі жер сілкінісі» деп енген зілзаланың күші 8-9 балға жеткен. Оның өзегі Меркі кентінің маңы болатын. Үйлер қирап, биік дуалдары құлап, қарауылда тұрған күзетшілер мен басқа тұрғындар қаза тапқан. Ең соңғы рет 2003 жылы 24 мамырда Құланда болған жер сілкінісі көрші жатқан Меркі ауданының ауылдарына да залалын тигізгенінің куәсі болғанымыз бар. Жердің әлсіз сілкіністері әр уақытта, тіпті ай сайын болып тұрады десем, артық айтпаған болар едім. Мамандар, ғалымдар осылай дейді. Ыстық әрі шипалы судың көп болуын ғалымдар жер қыртысының сейсмологиялық орналасуымен байланыстырады.
Меркі ауданының басты байлығы – су. Су болғанда да қандай десеңізші?! Ағын сумен бірге адам денсаулығына аса пайдалы шипалы су көздері мұнда көп. Сондықтан да Меркі суынан нәр, қуат алу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен «Меркі» шипажайына жыл сайын мыңдаған адам келіп, суының дәмін татады. Геологтарға «Меркі бұлақтары» деген атаумен белгілі жер астынан атқылаған шипалы судың температурасы 21-23 градус ыстық. Оның құрамында натрий, фтор, сульфат, хлор, кремний қышқылы кездеседі. Шипалы судың зерттелген қазіргі тәуліктік қоры орта есеппен 354 текше метр.
Алатаудан бастау алып, жазыққа қарай асығатын өңір өзендерінің бәрі жанға шипа екенін ғалымдар дәлелдеген. Әлі емдік қасиеттері анықталмаған су көздері де жеткілікті. Солардың қатарына Мықан мен Көлтоғанды қосуға болады. Бұл еке-
уін де «көл» деп те, «өзен» деп те айтуға болады. Мықан өзенінің басы осы аттас аумағы 65-75 метр болатын көлден, нақтылай айтсақ, қайнардан бастау алады. Көлтоған да аумағы 2-3 шақырым, жарқабақтарының биіктігі 5-8 метр болатын алып қайнардан ағып шығады. Алып қайнарлардың ортасы бүлкілдеп, суы көк аспанға атқылап жатады. Осындай шипалы және асханалық су аудан аумағында құрылыс материалдарының қалыптасуына да негіз қалаған. Атап айтқанда, саз балшық құмсудың араласуымен пайда болған.
Жер бедерінің әрқилы болғаны сияқты, оның аңы мен құсы да, өсімдігі де әралуан. Өңірде «Қызыл кітапқа» енген аң да, құс та, өсімдік түрлері де мол. Меркінің биік тауларын мекен еткен бір ғана ұлар құстың өзі неге тұрады?! «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген сөз тіркесі қалыптасқан. Соған қарағанда Ұлытауда ұлар құс бар екен деген сенім санаңызға сіңген. Шындығында, адам көзіне түсе бермейтін ұлар қарлы, шыңды үш жарым мың метрден биік тауларда мекендейтіндігін еске алатын болсақ, Ұлытау жерінде ондай биік тау жоқ. Қойылып отырған сауалдың мағынасына да назар аудару қажет. Мәселе, сауал «Ұлытауға барып, ұлар етін жедің бе?» деп қойылмаса да, Ұлытауда ұлар деген құс бар екен деген сенім әркімге-ақ ұялаған. Сол Ұлытаумен бірге аты аталатын ұлар құс Алатаудың шыңдарын мекендейді. Ертеректе алыс елдерден келген саудагерлер бүкіл керуенін бір жапырақ ұлар етіне айырбастайтын болған. Себебі, ұлар еті барлық аурудан тазартып, бойыңа қуат беріп, өміріңді ұзартатынын олар жақсы білген. Осындай байлықтың көзі Меркіде бар.
Тау көгінде ұлармен бірге бүркіт, сұңқар тұқымдас құстар қалықтаса, жерде қақпақ мүйізді арқар, ай мүйізді таутеке, қорбаңдаған қоңыр аю, қар барысы, сілеусін, қасқыр, түлкімен бірге, жазықта қояныңыз, қарақұйрық, ақбөкен мен саршұнақ, күзен, тасбақа, тағы да басқа аң-құс мекендейді. Мойынқұм қойнауындағы көлдерде аққуды көгілдірімен жүзіп жүргенін көрсеңіз, сұлулыққа деген іңкәр сезіміңіз шалқитыны сөзсіз. «Қызыл кітапқа» енген қара көкқұтанды да көруіңіз әбден мүмкін. Сандықтастың елігін көрсеңіз, жануардың сұлулығына көзіңіз тояды. Ертеде бұл далада бұғы да болған. Әлгі бұл өңірді «Мыңбұлақ» деп атайды екен деген қытай саяхатшысының жазып қалдырған жылнамасында мынандай да жолдар бар:
«...Түрік қағаны жыл сайын осында келіп, жазғы ыстықтан паналайды. Бұл жерде бұғы көп. Олардың біразының мойынына қоңыраулар тағылып қо-
йылған. Олар үркіп, қашпайды. Түрік қағаны оларды жақсы көргендіктен өлтіруге тыйым салған. Бұғыны өлтіргендер қатаң жазаланған...». Ол заманнан бері көп уақыт өтті. Меркі жерін жау да, дос та басты. Бір сөзбен айтқанда, көп су ақты, тас қалды. Бірақ қалған тасыңыз мүжіліп құмға айналғандай, аңы мен құсы да бұл өңірден ауып, жер ұйығын іздеп кеткендей. Әлгі жат елдің саяхатшысы көрген еліктің сынық тұяғы ғана қалғанына өкінесіз. Шүкір, жоқ емес, бар!
Аң-құс, өсімдік түрлерінің көп болуына Меркі табиғатының жайлы, топырағының құнарлы әрі әртүрлі болуы үлкен ықпал жасаған. Жауын-шашыны қалыпты. Тау бөктерлерінің топырағы қара, қошқыл, қызылқоңыр болуы салқын ауаға ыңғайлы өсімдік түрлерінің көп өнуіне әсер етсе, жазықта сұр, бозғылт құм-топырақты болып келуі тағы да басқа шөп түрлерінің өсуіне, өнуіне негіз қалаған. Аз болса да сазды жер де бар. Су көздерінің жер бетіне жақын болуы тал-дарақтың, жеміс ағаштарының, өсімдік түрлерінің жапырақ жаюына негіз қалағаны сөзсіз. Мойынқұм өңірінің Түлейқұм, Сарқоба, Қарақоба және Қорағаты өзенінің жағалауында адам таңғаларлық әртүрлі шөп өседі. Бұл өңірдің өсімдікке бай болуы зоологтарды таңғалдырып келеді. Ағаш тұқымдас өсімдіктер – асатаяқ, изен, теріскен, ақтаспа, жабайы жүзім, тағы да басқалары өсетін болса, бидайықтың бірнеше түрі, атқұлақ, шашыратқы, қазтаңдай, құлқайыр, жабайы жоңышқа, бетеге, жусан, бүрген, есірткілік қарақурай, қамыс, тағы басқалары бітік. Тауда және оның бөктеріндегі өсімдіктер дүниесі бір әлем. Исі мұрныңызды жаратын сарымсақ, жуа, жерсабын, рауғашты айтпағанда, долана, қарақатты аң-құс қана емес, адам да сүйсініп жейді.
Меркі жерін аралаған сайын жаңа өсімдікті көрем. Өкініштісі, олардың атын мен де, сол өңірдің азаматтары да білмейді. Туған жерде өсетін қызғалдаққа дейін әлдебір натуралистердің атын беруі таңғалдырады. Біздің далада өсетін қызғалдақтарды «альберт», «кауфман», «регель» қызғалдақтары деп атауы ешқандай ақылға сыймайды. Сондықтан да адам аттарын үлкен әріппен жазбаймын. Тіпті, біздің өңірде өсетін бәйшешекті «корольков бәйшешегі» деп атауы-
ның өзі таңғаларлық?!
Мұнда дәрілік шөп өте көп өседі. Бір ғана қырықбуын (эфедра) дәрілік аса құнды шикізат. Бұл шөптен «эфедерин» атты дәрі жасалады. Өңірде бұлардан басқа да аса бағалы дәрілік шөптер көп өседі. Сондықтан да ерте көктемнен бастап, өзге жақтан келіп, тау, тасты, құмды, дала мен жазықты аралап, шөп жинап жүргендерді жиі кездестіресіз.
Сулы жер нулы екені бесенеден белгілі. Бұл өңірге бақ қонып, қыдыр дарыған. Бұған Қарақыстақ шатқалы арқылы Сандықтас биігіне көтерілгенде көзіміз анық жетті. Бұл жер тарихшылар арасында «Меркі ғибадатханасы» деген атпен белгілі. Түркі қағандарының жаз жайлауы болған аңғарлы алаңдағы балбалды көргенде, оның киесі мен иесі бар екеніне қапысыз сенесіз. Бір топ өлкетанушылар теңіз деңгейінен төрт мың метрге жуық биіктікке көтеріліп, табиғаттың ғажайып суреттерін көргенде таңданыстарын жасыра алмады. Тау бөктерлерін қиып салынған жол биіктеген са-
йын жүрек соғысы жиілеп, сұлу көріністерді көруге ұмтыла түсті. Көккөл, Астаукөл, Бұзылғанкөл жағасында тұрып, Тәңірдің күшімен пайда болған көлдердің сұлулығын айтқың келіп, көңілге келген сөзді түйіп, ой бөлісер уақытын амалсыз күтесіз. Себебі, ешкімнің әсерін, көңіл күйін бұзғыңыз келмейді. Бір ғажабы мұнда сан жылдар бұрын адамдардың өмір сүргеніне көз жеткізесіз. Мәселен, Қарақыстақ шатқалы арқылы Әулие- шоқыға көтерілер жолда көкпар алаңындай жазықтан қорғандар мен қамалдарды, оны қорғағандарға қойылған балбал тастарды көргенде мұнда да тәуелсіздік үшін қиян-кескі шайқастың болғанын аңғарасыз.
Әрине, ауасы таза, шөбі шүйгін өңір жаз жайлау болғаны сөзсіз. Сонымен бірге, жаугершілік заманында ұлы аталарымыздың сыртқы жаудан сақтану үшін қиын болса да қиялап шығып, тауды мекен еткенін де білесіз. Бұл өңір жаз жайлау ғана емес, адам рухы мәңгі сая табатын орынға айналғанынан осыны аңғаруға болады.
Меркі бұлақтары бастау алатын Сандықтас шатқалының көркіне де, тарихына да тоймайсыз. Одан бастау алатын өзендер мәңгі шалқиды. Табиғатта ең сұлу көрініс күн шұғыласы, толқынымен толқыны жарысқан өзен, көкорайға оранған асқар тау, көк аспанда қалықтаған құс, жерде жортқан аң болса керек. Осының бәрі Меркі өңірінде бар!
Меркінің бүкіл табиғатын тәптіштеп айту мүмкін емес. Туған жердің біз білмейтін, біз аңғара қоймаған табиғат ғажайыптары көп. Оның бәрін білу мүмкін бе? Сонысымен туған жер әрқашанда ыстық, ғажап, жұмбақ. Сондықтан да оны аялай, қастерлей білген жөн.
"Ауданның орталығы мен солтүстігі жазық болып келгенімен, таудан басталатын терең-терең сайлардың арналары, қорғандарды айналдыра қазылған орлар біздің бабаларымыздың белгілі мақсатқа су көздерін тиімді пайдаланғанын аңғаруға болады".
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы