Аймақтар • 29 Тамыз, 2017

Кеше Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысына барды

335 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

 

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысына барды. Сапардың басты мақсаты – Елбасы бастамаларының жүзеге асу барысын қадағалап, атқарылған жұ­мыс­тармен танысу. Соған сәйкес М.Құл-Мұхаммед Қарағандыдағы көлік-және логистикалық орталық, құбырларды изоляциялау кәсіпорны және ескі автокөліктерді жою зауытында болды. Бұл өндіріс ошақтарының барлығы Индустриялық-инновациялық даму және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде іске қосылған.

 

Кеше Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысына барды

Сапар барысында М.Құл-Мұхаммед Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен бірге «Ригер» ЖШС мамандандырылған көлік-логистикалық ор­та­лығына барды. Бұл жерде дәрі-дәрмек­тер мен медициналық заттар сақ­талады. Мем­лекет тарапынан кәсіп­кер­лерге қол­дау көрсетіліп, 17 млн теңгеге аталған нысан­ның қа­жетті инфрақұрылымы жүргі­зілген. Сон­дай-ақ, жоба­ның несие бойынша сый­ақы мөлшер­лемелеріне де субсидия берілмек.

Орталық директорының орынбасары Аян Рысбековтің айтуынша, кешен осы са­ла­дағы жетекші өндірушілер – Аустрия және Ресейден әкелінген заманауи қон­­ды­рғылармен жабдықталған. Сондай-ақ, жұмыс үдерісінің тиім­ділігін арттыру үшін толы­ғымен автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілген. Бұл меди­циналық препараттарды жет­кізушіден тұтынушыға дейінгі тасымалдау кезеңінде олар­дың сапасының жоғары дең­гейде сақталуына кепілдік береді. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 372 млн теңге. Осы ретте кешеннің басты тұтынушылары Қазақстанның ірі фармацевтикалық компаниялары екенін де атап өткен жөн. Бұл жөнінде А.Рысбеков: «Біздің орталық Қазақстанның барлық өңіріне дәрі-дәрмек жібереді. Олардың ішінде облыс орталықтарынан бөлек аудан орталықтары да бар. Мұнда 7 мың паллеталық орын бар. Бұл дегеніңіз өте үлкен көрсеткіш. Сондықтан да біздің кешен Орталық Қазақстан бойынша ең ірі логистикалық орталық болып саналады», – деді.

«Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары логистикалық орталықтың ұжы­мымен кездесіп, олардың атқарып отырған жұмыстарына жоғары баға берді және елімізде осындай заманауи кешендер тұрғызылып, халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екеніне назар аударды.

Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед жаңадан іске қосылған «Recycling­Company» ескірген көліктерді жою зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Ол жерде автокөліктермен қатар пайдалануға жарамайтын арнайы және ауылшаруашылық техникалары да қайта өңделеді. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан зауыттың Орталық Азияда ешқандай баламасы жоқ. Мұндағы индукциялық балқыту пешінің бір жылдық жобалық қуаты 22740 тоннаға дейін жетеді. Бұл бір жылда 50 мың ескі автомобиль қайта өңделеді деген сөз. Сол арқылы автоқалдықтардан пештік отындар, шойын, болат, алюминий, түрлі-түсті металл құймалары және резеңке қиындылары дайындалады. Аталған жоба негізінен қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын сақтауға, сондай-ақ, қалдықтардың жиналуы салдарынан болатын жағымсыз әсердің алдын алу мен оны азайтуға бағытталған. Зауыттың басқарушы директоры Әзімжан Оспанның сөзіне сүйенсек, кәсіпорын қайта өңдеу саласы бойынша Қазақстандағы ең ірі жобалардың бірегейі. «Бұл әрине Елбасымыздың Қарағанды өңіріне жасаған үлкен қамқорлығы мен қолдауының нәтижесі. Сол үшін де біз Мемлекет басшысының барлық бастамасын тиімді жүзеге асыруға тікелей мүдделіміз. Өндіріс орны 2015-2019 жылдарға арналған ин­дустриялық-инновациялық да­му бағ­дарламасы аясында іс­ке қо­сылған. Жобаның жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайды. Зауыты­мыз тек Қарағанды облысы ға­на емес, бүкіл Қазақстан үшін аса зор маңызға ие. Себебі, бүгінд­е елімізде 5 млн-нан астам авто­мобиль тіркелсе, соның үштен бірі әбден тозығы жетіп, жоюға сұранып тұр», – дейді кәсіпорын басшысы.

Сондай-ақ, ол жыл соңына дейін ескі көліктерді өңдеу жұмыстарының толық циклі іске қосылатынын жеткізді. Зауыттың екінші бөлігі автокөліктен аққан жанармай, май сияқты зиянды сұйық­тықтарды жою жұмысына бағытталмақ.

Одан бөлек, Мұхтар Құл-Мұхаммед кеншілер өңіріндегі тағы бір заманауи кәсіпорын – «Изоплюс Орталық Азия» ЖШС-ге барды. Мұнда құбырларды изоляциялау жұмыстары жүргізіледі. Зауыттың басты ерекшелігі өнім сапасының әлемдік стандарттарға толығымен сай болуында. Сондай-ақ, өндіріс ошағы «жасыл технологияға» негізделген. Соның нәтижесінде бұл жерден ауаға зиянды қалдықтар таралмайды. Зауыттың өнімдері жылу құбырларынан бастап, мұнай құбырларын жүргізуге дейін қолданылады. Сол себепті де «Изоплюс» өнімдеріне еліміздің әр өңірінен сұраныстар көптеп түсуде. Кәсіпорынға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар тұрақты көрсетіліп келеді. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Изоплюс» ЖШС бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы, Қарағанды облысының өңдеу және өндіру саласы бойынша елімізде алғашқы орында екеніне ешкімнің таласы жоқ. Оған дәлел ретінде Қазақстандағы өңдеу саласының бестен бір бөлігін осы облыс қамтамасыз ететінін айтсақ та жеткілікті. Нақты айтқанда, Қарағанды өңірінде 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында өндіріс көлемі 950 млрд теңгеден асып, 3,6 пайызға көбейген. Облыс экономикасының қарқынды дамуы­на мысал боларлық бұдан басқа да жетістіктер жетіп-артылады. Соның ішінде жалпы аймақтық өнім (ЖАӨ) көлемінің жартысына жуығын (47,4 пайыз) өнеркәсіп саласы қамтамасыз ететінін ерекше атап өткен жөн. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі де тұрақты түрде өсіп, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша 10 пайызды құрады. Осылайша бұл көрсеткіш бойынша Қарағанды облысы елімізде екінші орынға табан тіреп тұр. Одан бөлек, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 5,1 пайызға өскен. Егістік алқабы да 76 мың гектарға артқан. 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында облыста 2600 орындық 20 жаңа мектепке дейінгі мекеме ашылды. Денсаулық сақтау саласы бойынша да бұл өңірде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірде ашылған жаңа кәсіпорындардың маңызы мен тиімділігін лайықты бағалап, Елбасы айқындап берген басым бағыттарды сәтті жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек екенін айтты. Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыз бүкіл елімізге, әрбір қазақстандыққа қажет жағдайдың бәрін жасады. «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сы қабылданды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілді. Оларды жүзеге асыру үшін жыл сайын триллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Енді бізге тек бі­лек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды. Бүгін мен Қарағанды облысында Елбасы тап­сыр­маларының табыс­ты орындалғанының куәсі болдым», – деді.

Расымен президенттік бағ­дарламалар арқылы Қазақстанның барлық өңірінде өндіріс саласының қарқыны айтарлықтай күшейді. Соның нәтижесінде халықтың жағдайы жақсарып, өмір сүру сапасы артты. Бұл елімізде жүзеге асырылып жатқан үшінші жаңғыртудың оң нәтижесі екені даусыз.

Еламан МАҚСОТҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар