ЭКСПО-2017 • 29 Тамыз, 2017

Атыраулық ардагерлер көрмені аралады

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық ардагерлер кеңесі  аға буын өкілдерін еліміздің тарихындағы елеулі оқиға – халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне жі­беру туралы шараларды ағымдағы жыл­дың басынан бастап қолға алған бола­тын. 

Атыраулық ардагерлер көрмені аралады

Барлық қалалық, аудандық ке­ңес­терге хаттар жіберіліп, сапарларды ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар ай­тыл­ды. Ерте қолға алынған әзірлік жұ­мы­стары өзінің игі нәтижелерін берді. Кү­ні бүгін облыстың қала, аудандарынан құ­рамында 300-ге жуық ардагерлерді қамтыған 13 топ әсем қала Астанада болып, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып қайтты. Олар көрменің ғажайыптарын тама­шалап қана қоймай, астанамыздың сәу­летті әлеуметтік, мәдени нысандарымен, ұмытылмас ескерткіштерімен танысты.

Тамыз айының 13-19-ы арасында ЭКСПО-2017 көрмесіне Атырау облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индус­трия­лық-инновациялық даму басқармасы мен об­лыстық кеңес ұйымдастырған сапарға барған ардагерлер тобының құрамына 26 еңбек ардагері кірді. Олардың арасында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау, білім беру, бюджеттік сала ардагерлері болды, бұрынғы еңбек еткен мекемелері тарап кеткен ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ. Ардагерлер үшін Атырау-Астана-Атырау бағытында арнаулы вагон бөлінді.

Көрмеде ардагерлерге әсіресе, Қазақ­стан­­ның «Нұр Әлем» павильоны ұмы­тыл­мас әсер қалдырды. Ғаламшардың іші ер­тегі әлеміндей болды. Туған еліміз­дің бо­­ла­шағына деген үлкен сенімге бөлен­ге­­німізді жасыра алмаймыз.

Ресей Федерациясы, Германия Феде­ра­тив­тік Республикасы, Аргентина Рес­пуб­ликасы, Монако князьдығы, Нидер­ла­нд корольдігі, Франция Республикасы, Африка мемлекеттері, Орталық Азия рес­пуб­ликаларының павильондары арда­гер­лерге жақсы әсер қалдырды. Көрме қыз­меткерлері ардагерлерді ерекше риза­шылыққа бөледі.

Атыраулық ардагерлер тек көрмені тамашалаумен шектеліп қана қоймай, ас­танамыздың «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументтерін, «Хазірет Сұлтан» ме­ші­тін, Кенесары хан ескерткішін, Бей­бітшілік пен келісім сарайын, жаңа көрікті аудандарын аралауға мүмкіндік алды.

Әсіресе, көрмеге арнаулы жасақталған «Этноауыл» кешені өзінің тарихи ерек­ше­лі­гімен, ұлттық құндылықтармен көздің жау­ын алды. Ардагерлер Маңғыстау облы­сы күндерінің ашылуына қатысып, қа­зыналы өлкенің қолөнер шеберлерінің қо­лынан шыққан жауһар дүниелермен та­нысты.
Қоғам қайраткері Н.Абдолова, еңбек ар­дагерлері Қ.Оңғарсынов, Б.Амиров, Е.Жәкиев, Р.Оспанов, Г.Ясько және бас­қалары ардагерлердің биік мәртебелі көр­меге баруына жан-жақты қолдау көр­сеткен облыс әкімі  Н.Ноғаевқа ерекше ри­за­шылықтарын білдірді.

Атыраулық ардагерлер үшін осындай сапарларды қала, аудан әкімдері, «НКОК», «ТШО» компаниялары да ұй­ым­дас­тырып отырғанын ризашылық сезім­мен атап өткіміз келеді.

Серік МҰХАМБЕТОВ, 
Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары