Қазақстан • 29 Тамыз, 2017

Бас мүфтидің Құрбан айтпен құттықтауы

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аса Қамқор, ерекше Мейі­рімді Алланың атымен бастаймын!

 

Бас мүфтидің Құрбан айтпен құттықтауы

Құрметті бауырлар!

Баршамызды айтқа аман-есен жет­кіз­ген Алла тағалаға сансыз шү­кір­лер мен мақтаулар болсын!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мық­ты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Құрбан айт – Жаратушы иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған Құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.

Айт – ағайынның ауыз­бір­шілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.

Қасиетті Құранда: «Ұмыт­паңдар, олар­дың еті де, қаны да ешқашан Ал­ла­ға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шы­найы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Айт күндері қажылық парызын өтей­тін күллі мұсылман ба­ласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шала­ды. Қасиетті Мекке қаласын­да хал­қы­мыз­дың бірлігі мен бере­кесін тілеп жат­қан отандаста­ры­мыздың да дұғасы, қа­жылығы қабыл болғай!

Қаржылық мүмкіндігі жоқ адам­ға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы тө­мен отбасыларына, жетім мен жесір­лерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.

Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құ­йынып, айт намазына қатысу – пайғам­барымыз Мұхам­медтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.

Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құр­меті үшін мүге­дектерге, жетімдер мен жесірлерге, қарау­сыз қалған қарттарға қайырымдылық жа­сауға шақырамын.

Алла тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбан­дық­та­рымызды қабыл еткей! Әмин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, 

Бас мүфти

Соңғы жаңалықтар