Көрмеге мемлекеттік музейдің қорында сақтаулы белгілі ғалымдардың жеке кешендері қойылған. Оның ішінде Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы, елімізде геологиялық институтты құруға белсене араласқан академик Қаныш Сәтбаевтың, этноархеолог, шығыстанушы, тарихшы-ғалым Әлкей Марғұланның жеке бұйымдары келушілер назарына ұсынылды. Бұл көрменің келесі экспозициясы кезінде Есік обасынан табылған «Алтын адамды» зерттеуші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышевтің, этнограф, археолог, тарих ғылымдарының докторы профессор, Қазақстан халықтары шаруашылық мәдениеті мен тұрмысын тиянақты түрде баяндайтын көптеген ғылыми-танымдық монографиялардың авторы Халел Арғынбаевтың жеке кешендері қойылмақ.
Сондай-ақ, көрмеде алғашқы ғалым әйел-палеонтолог, палеозоолог, биология ғылымының кандидаты, Ресей Палеонтология қоғамының құрметті мүшесі Б.Қожамқұлованың фотоқұжаттары қойылды.
Көрменің «Тәуелсіз Қазақстанның ғалымдары – академиктер» деп аталатын екінші бөлімі академиктер С.Зиманов, М.Асылбеков, Ж.Қасымбаев, М.Қозыбаев, А.Қошанов, Е.Ерғожин және басқа ғалымдардың жеке кешендеріне арналған. Бұл бөлім Қазақстанның заң ғылымдарының бастауында тұрған, заңгерлік білімнің дамуына зор үлес қосқан, 200-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 12 монографияның авторы, академик С.Зимановқа арналған экспозициядан басталады.
Көрмеде қойылған әрбір зат жастарға ертең қажеттігімен құнды екендігін түйсінесіз.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ