Аймақтар • 29 Тамыз, 2017

Кейкі батырдың табаны тиген жерлерге баспасөз туры ұйымдастырылды

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша, Арқалық қаласындағы «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы «Ауылым–алтын бесігім» әлеуметтік жобасының шеңберінде  Кейкі батырдың  табаны тиген тарихи жерлерге    баспасөз турын ұйымдастырды. Үш күнге созылған бұл шараға жастар көшбасшылары, БАҚ өкілдері, өлкетанушылар, үкіметтік емес ұйымдар  өкілдері, орталықтың мамандары қатысты.


Кейкі батырдың табаны тиген жерлерге баспасөз туры ұйымдастырылды

Арқалық қаласы мен Амангелді ауданы өңіріндегі  Кейкі батырға, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты тарихи орындарды аралауды, Кейкі батырдың жұмбағы мол өмірімен, ерлік істерімен танысуды баспасөз турын өткізген «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы  алдына мақсат етіп қойды.  Турға қатысушылар алдымен Кейкі батырдың құрылысы жүріп жатқан кесенесіне барды, жұмыстың аяқталуға жақын екенін көрді.  Қазір кесененің айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Батырдың бас сүйегін жер қойнына  тапсыруды рәсімдеу шарасы өтетін 17 қыркүйекке дейін кесене толық дайын болады.

Мұнан турға қатысушылар мінген «Газель» мен ТБРУ геологтарының жүрдек машинасы Қарағанды облысының Ұлытау ауданы өңірінде орналасқан  Дулығалы мешітіне бет алды. Кейкі батыр және оның мергендері, замандастары  көтеріліске  аттанар алдында Құлмұхамбет ишан салдырған Бердікей ишан мешітіне келіп, ақсарбас айтып, бата алып, тараған екен.  Құлмұхамбет ишан кесенісінің ішінде Кейкі қатысқан жиында сойған қошқардың бас сүйегі 100 жылдан бері сақталған.  Баспасөз турына қатысқандар осы жерге қонып, ертеңіне Құлмұхамбет ишан мазарына барып, құран бағыштады, ол салдырған мешітті көрді. Өткен ғасырдың басында салынған мешіттің қазір қабырғалары ғана қалған. Халықтың ықыласымен арнайы құрылған қор қаржысына Бұхарадан келген құрылысшылар мен сәулетшілер мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алыпты. Қазір сол жерде кірпіш дайындалып жатыр.

Баспасөз турына қатысушылар  жолда  Аманкелді Иманов белгісіне,  Бірәлі мен Ахмет кесенелеріне, Кейкі батырдың қаза болған жеріне, Рахмет бай кесенесіне, Көшімбек кесенесіне, Үрпек ауылындағы Аманкелдінің штаб-пәтеріне соқты. Әруақтарға құран бағыштады, тарихи орындар туралы өлкетанушылар айтқан қызықты деректерді, әңгімелерді тыңдады. Сонымен қатар баспасөз турына қатысушылар қайтар жолда Аманкелді ауданындағы Торғай свастикасын–үшайырығын  тамашалады.

Баспасөз турының үшінші күні Арқалық қаласында сапар барысын қорытындылаған «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай-Аманкелді-Арқалық-Ұлытау-Арқалық-Қостанай