Аймақтар • 29 Тамыз, 2017

Ақтөбеде жергілікті полиция автокөлікпен толық қамтылды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Конституция күні қарсаңында жергілікті полиция қызметі учаскелік инспекторларына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 180 қызмет автокөлігінің кілтін табыс етті.

Ақтөбеде жергілікті полиция автокөлікпен толық қамтылды

Бұған аймақтық бюджеттен миллиард тенгеге жуық қомақты қаражат жұмсалған. Бір мезгілде тәртіп сақшыларына осыншама мол көлемде материалдық-техникалық жағдай туғызу ісі өңірдің арғы-бергі тарихында болып көрмепті. Тіпті мұның өзі тұтастай ел өңірлері бойынша алғанда да сирек кездесетін жағдай десе де болады.

Егер бұған дейін өңірде учаскелік полиция қызметкерлерінің қызмет көлігімен қамтылу деңгейі небәрі 20 пайыз құрап келген болса, мереке қарсаңындағы мол тартудан кейін оның мөлшері 100 пайызға бір-ақ көтерілді.

«Өткен жылдың осы кезегімен салыстырғанда өңірдегі қылмыстар саны қазір 32 пайызға азайды. Сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселелерінде де кең көлемдегі кешенді салалар жүзеге асты. Бүгінгі мақсатымыз жергілікті атқарушы органдар туғызып отырған қамқорлыққа орай Ата Заңымызда қарастырылған талаптар деңгейінде жергілікті полиция мәртебесін одан әрі көтере түсу», деді қызмет көлігін тапсыру рәсімінен кейін Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»