Қазақстан • 29 Тамыз, 2017

Алматыда Конституция күні аталып өтті

1110 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің өркендеуіне және мемлекеттік биліктің қалыптасуына, экономика, әлеумет, мәдениет салаларының қарқынды дамуына жол ашқан Қазақстан Конституциясы  күні айтулы мереке ретінде Алматыда да аталып өтті. Тәуелсіз еліміздің тұғырының мықты, туының биік болуының мызғымас тірегіне айналған Қазақстанның Ата заңы қабылданған айырықша маңызы мол мерекені ұлықтау дәстүрі биыл да қала әкімдігінің ұйытқы болуымен елге белгілі зиялы қауым, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері Абай атындағы опера және балет театрындағы салтанатты жиынға шақырылды.


Алматыда Конституция күні аталып өтті

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан қала әкімі Бауыржан Байбек барша қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып отырған Конституцияның қалыптасу тарихына, Ата заңымыздың Алматы секілді алып шаһарды өркендетудегі роліне тоқталды.

Жыл сайын әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келе жатқан Алматының қаржы, экономикалық, ғылыми, әлеуметтік, мәдени орталық болғанын және алдағы уақытта да дәл сондай болып қала беретінін айта келіп, жалпы еліміз экономикасының күретамыры іспеттес Алматының даму динамикасындағы оңды өзгерістер туралы әңгімеледі. Орта және шағын кәсіпкерлік көрсеткішінің өрістеуі мыңдаған алматылықтың жұмыспен қамтылуына жол ашып отыр. Тұрғын үй кешендерін салу құрылысы бұрынғыдан екі есе артып, оған салынатын қаржы көлемі де ұлғайған. Әкімнің айтуынша, еліміздің аса ауқымды мегаполисіндегі баспанаға мұқтаждық мәселесін шешу ешқашан күн тәртібінен түспейді.  Көшелерде көлік саны бес есе өсті. Кептелістерден құтылу үшін осы уақытқа дейін Алматыда 20 жол айырығы салынды. Көшелер кеңейтіліп, велосипед жолдары төселе бастады. Қала тұрғындарының өміріне күрт жақсы өзгерістер еніп, өмір сүру сапасы бұрынғыдан жақсара түсті. Бүгінде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін жетіп отыр.

Алматыда өткен Универсиаданы дүниежүзі мамандары Универсиада тарихындағы биік деңгейде өткізілген, ең үздік спорт жарыстарының қатарына жатқызды. Болашақта Универсиада өткізерде ұйымдастыру комитеті Алматы тәжірибесінің есепке алынатынынан хабардар еткен.

Әлемдік экономикадағы дағдарыстың салқыны дүниежүзіне ортақ болса да, Алматы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің барлығында даму көрсеткішін сенімді сақтай алып отыр. Өндіріс 4,5%, инвестиция көлемі 12,6 % орта және шағын кәсіптің өнімін сатып алу 1,5 % артқан. «Шағын және орта кәсіп өнімін сатып алу деген не? Ол – азаматтардың көңіл күйі, ол – жұмыс орнының ашылуы, ол –  кәсіпкердің өзін сенімді сезінуі» дейді Б.Байбек.

Биылғы жылдың соңына дейін 85 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл құрылыстың 40 пайызы – Алатау ауданының аумағында. Осынша құрылыс нысанын салу 5000 жұмыс орнын қамтуға мүмкіндік туғызды. Пәтерге сұраныс қалада  6 есеге артқан. Биылдың өзінде 3000 алматылық отбасына пәтер кілті табыс етілді. Жыл соңына дейін тағы да 3000 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек. Жаңадан жасақталып жатқан Алатау ауданының дамуына 200 млрд теңгеден артық қаржы құйылды. 12 мектеп, 12 балабақша, 4 медицина мекемесі салынды. Әкімшілік, сот, прокуратура, салық, ХҚО, өрт сөндіру депосы, ІІБ  сияқты халыққа қызмет көрсететін маңызды нысандар пайдалануға берілді. Аудан аумағы 95 пайызға абаттандырылған. 170 шақырым жол жөнделді. Бір сөзбен айтқанда, Алатау ауданының тамырына қан жүгіріп, аз уақыттың ішінде қаланың бұрыннан қалыптасқан аудандарымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетті. Сондай-ақ әкім жаңадан құрылған Наурызбай ауданындағы оңды өзгерістермен, тұрғындар пайдалана бастаған тиімді жаңалықтармен де бөлісті.

Қаланың орталық көшелеріндегі жылдар бойы  ұсақ шенеуніктердің «қамқорлығымен» жұмыс істеп, көлеңкелі экономикаға қызмет етіп келген жүздеген заңсыз салынған сауда нысандары, дүңгіршіктер сүріліп тасталды. Шаһар әкімі қала тұрғындарының бюджетіне нұқсан келтіретін, бір тиын салық төлемей, жеке адамдардың қалтасына кетіп жатқан мұндай нысандардың қожайындарымен ешқашан ымыраға келе алмайтынын кесіп айтты. Бұл секілді заңсыздықтарды жүгендеп, дамыған елдердегі үлгіге ұқсас, құқықтық қаржылық мәдениетке негізделген нысандармен алмастыру – қала билігінің мақсаты. Сондай-ақ, Бауыржан Байбек Алматы көшелері бойынан алынып тасталған 100 шақырым ұзындықты құрайтын қоршаулар, қала тұрғындары арасында шу туғызған Алматы зообағы, кикілжіңнен көз ашпайтын КСК жұмысы, көпшіліктен қолдау тапқан веложолдар, қаланың барлық бұрышына орнатылып жатқан бейнебақылаудың тиімділігі туралы әңгімеледі.

– Мемлекет құру, оның мәртебесін биік ұстау – мәңгілік ел мүддесінің асқақ көрінісі. Бұл орайда мемлекеттілігіміздің мызғымастығы, елдігіміздің айбыны Ата заңымызда көрсетілген құқықтарымызды түсінуде, оларды қастерлей білуде жатыр. Қазақстанның Конституциясы бүгінгі күнге дейін өміршеңдігі мен тиімділігін толық дәлелдеді. Уақыттың талай сыны мен сабағынан өтіп қабылданған оның басты құндылығы ешқашан мән-маңызын жоғалтпай, қаз-қалпында сақталып қала бермек. Заңы заңғар елдің – заманы озық. Тәуелсіздіктің арқасында Ата заңымызды басшылыққа ала отырып, біз барлық қазақстандықтардың жарқын болашағына жол ашатын жаңа белестерді бағындыратын боламыз,– деп сөзін түйіндеді Б.Байбек.

Салтанатты шара Абай атындағы опера және балет театрының симфониялық оркестінің сүйемелдеуімен «Ұлы дала аңызы» атты екі бөлімді балет қойылымын тамашалуға ұласты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар