Музейдің ашылуы Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көлемді жобасын жүзеге асырумен қатар, құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлік дәстүрін сарбаздар арасында кеңінен насихаттау шарасымен өзара үндестікте ұйымдастырылған. Сондықтан да жиынды ашқан Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Ұлттық ұлан құрылуының 25 жылдығы құқықтық тәртіп әскері үшін тағы бір елеулі оқиғамен толығып отырғанын атап өтті.

«Бұл – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында жаңа бейнедегі Ұлттық ұланның Орталық музейінің ашылуы. Мен Тәуелсіз Қазақстан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өзінің ержүрек ерлігімен қаншама азаматтарды құтқарған жауынгерлерді мақтан тұтамын. Халық өз батырларын тануы тиіс десек, олардың есімдері әскери бөлімдердегі жауынгерлік Даңқ бөлмелері мен бүгінгі Орталық музейде мәңгі сақталатын болады», деді генерал-лейтенант.
Содан кейін сөз алған Армия генералы Мұхтар Алтынбаев Ұлттық ұлан музейінің ашылуы еліміздің Қарулы Күштерінің тарихында айтулы оқиға екенін айтты.

«Бүгінгі шара Елбасы Н.Назарбаевытың рухани жаңғыру бойынша мемлекеттік реформаларымен тоғысып тұр. Экономикалық және әлеуметтік жетістіктермен қатар, біз өз тарихымызды білуіміз қажет. Бұл – біз бен сіздің дамуымыздың негізі», деді Мұхтар Қапашұлы.
Орталық музей негізгі үш зал мен мұрағаттық құжаттардан тұрады. Оның біріншісі – Ұлттық ұлан тарихынан сыр шертіп, экспозициялар құқықтық тәртіпке қатысты әскерилер өмірінің өткен кезеңін қамтыса, екінші залда – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бүгінгі бет-бейнесі жұртшылық назарына ұсынылады. Атап айтқанда, «Ұлттық ұлан – ел айбыны!» ұранымен құқықтық тәртіп әскерінің даму сатыларына арналған. Ал үшінші зал – көрме залы. Бұл жердегі экспозицияларда еліміздің өз Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жасаған ерліктері айшықталған.

Сыры кетсе де, сыны кетпеген музей экспонаттарының қатарында, жауынгерлік тулар мен орден-медальдар, қару-жарақ коллекциялары, жауынгерлердің бүгінгі әскери киім үлгілері бар. Сондай-ақ, көркем безендірілген заманауи стендтерде Ұлттық ұланның құрылымдық бөлімшелерінің тарихы мен әскери-жауынгерлік әрекеттерін бейнелейтін фотосуреттер қойылған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»