Қазақстан • 30 Тамыз, 2017

Астанада «Конституция және қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы» атты конференция өтті

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған «Конституция және қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Екі күнге жалғасқан алқалы жиын аясында алыс-жақыннан келген қатысушылар 60-тан астам баяндаманы тыңдап, талқылады. Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов жетекшілік еткен жиында сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. 

 

Астанада «Конституция және қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы» атты конференция өтті

«Құрметті ханымдар мен мырзалар! Қазақстанның бас­ты мерекелерінің бірі – Конс­титуция күні қарсаңында Сіз­­дерді «Конституция және қоғам мен мемлекеттің жаң­ғыруы» атты халықаралық ғы­лыми-практикалық конфе­рен­циясының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Біздің Ата Заңымыз заңдылықтың, келі­сімнің және еліміздің қарқынды дамуының кепілі болып табылады. Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлемде жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы деп таниды. Біздің еліміз БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Елімізде экономика мен әлеуметтік сала нығаюда. Бизнес пен азаматтық қоғам дамуда. Біз Конституцияны басшылыққа ала отырып, ауқымды мәселелерді шешеміз және 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі тиіс. Биыл біз ел дамуының 25 жылдық тәжірибесі мен жұртшылық пікірін кеңірек ескере отырып, конституциялық реформа жүр­гіздік. Оның негізі билік тар­мақтары арасында бірқа­тар өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламент пен Үкімет­тің дербестігі мен жауапкер­ші­лігін нығайту, қорғалатын конституциялық құндылық­тарды, адамның және азаматтың құ­қықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту, сот жүйесі мен мемлекеттік бас­қару негіздерін жаңғырту. Ко­нституциялық өзгерістер қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық салаларын одан да әрі жаңғыртудың берік негізін қалайды. Осы тұрғыда Қазақстанда конституциялық реформа мен оны іске асыру қазақстандықтардың да, ше­телдік қонақтардың да зор қы­зы­ғушылығын тудырады. Кон­ференцияға қатысушылардың идеялары мен ұсыныстары бізге пайдалы болады, ал Конс­ти­туцияның жасампаздық әлеуетін жан-жақты іске асыру жолындағы бірлескен күш-жігер елді дәйекті жаңғыртуға ық­пал етеді деп сенемін. Қаты­су­шыларға табысты және нәтижелі жұмыс тілеймін» делінген Ел­ба­сы жолдаған құттықтау хатта.

Айтулы жиынға халықаралық деңгейдегі сарапшылармен қатар, ел билігіндегі жоғары шенді тұлғалар да қатысып, мемлекет дамуындағы Конституцияның маңыздылығын айрықша атап өтті. Соның қатарында Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми қазіргі Ата Заңымыз қоғамдық қаты­нас­тардың барлық саласында жаңа табыстарға қол жеткізудің кепілі екендігіне кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ, конференцияға қатысқан Грузия Жоғарғы со­тының төрағасы Нино Гвенетадзе де қазақстандық әріптестері мен отан­дастарымызды Конституция күні­мен құттықтап, екі ел арасын­дағы қарым-қатынастың ертеңіміз үшін игілігі мол екендігіне шүбә келтірмейтіндігін білдірді.
«Біз құқық қорғау саласы мен қоғамдық тәртіпті сақтау қыз­метінде өз елімізде сәтті жүзеге асқан жобаларымызды қазақ­стандық әріптестерімізге тәжіри­белік тұрғыда жарқын жүзбен ұсына аламыз. Мұндай әрекет екі ел арасындағы сала мамандарының білім, біліктілігін арттыра түсетіндігі сөзсіз және ол тараптар үшін тиімді деген ойдамын. Сол сияқты сот саласындағы ашықтық пен әділеттілік қағидат­тарын қамтамасыз етуде азамат­тық істер мен құқықтық істерді қарау процестерінде де үйренетін үрдістеріміз аз емес», деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстан Конституциясында қоғамның құқықтық тұрғыда даму бағдар­лары айшықталып, нақтылан­ғанын атап өткен жөн. Жаңа демо­кратия елдерінің конститу­ция­лық бақылау органдары конфе­ренциясының төрағасы, Армения Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Гагик Ару­тюнян Ата Заңымыз арқау еткен та­лап-тілектер Қазақстанның құ­қықтық мемлекет ретінде да­муының басты мақсаты екендігін екшеп айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жария еткен «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаңғыру» атты мақала­да көр­сетілген бағыт-бағдар­ларға орай, үндестіріле отырып ұйым­дас­тырылған конференцияның екін­ші күні панелдік сессиялар арқы­лы Қазақ гуманитарлық заң уни­верситеті мен Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық универ­­ситетінде жалғасын тапты. Он­да заң саласының сарап­шы­­лары мен білікті мамандары ел Конституциясы мен аза­мат­тық қо­ғамның және мемле­кет­тің бүгінгі күн талабына сай жаң­ғыруының жай-күйін жан-жақты талқылады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024