Өйткені, туған жерде ата-бабаларыңның сүйегі жатыр. Жаныңа жақын адамдарды, өміріңдегі асыл жандарды ардақтай білетін болсаң, туған жерді естен шығару әсте мүмкін бе?! Ат ізін жиі салмағаныңмен, жүрегіңнің түкпірінде туған топыраққа деген сағыныш сазы әрдайым шырқала беретіні анық.
Басқаны қайдам, туған жері атажұрттан шалғайда қалған кісінің кіндік қаны тамған жерге деген құрметі, арман-аңсары ерекше болары хақ. Бір кездері ата-бабамыз еркін жүріп, кең жайлаған Алаш жерінің кейбір пұшпағы саясаттың салқыны дейсіз бе, тағдырдың тәлкегі дейсіз бе, әйтеуір замана дауылының кесірінен бөтен бір елдің еншісінде кеткені бар. «Баяғыда біздікі болған» деген уәждің жүрмейтінін сезе тұрып, біле жүріп, жүрегің қан жылайды. Қан жылағаны бөлек, тіпті бүгінде оған алып-ұшып барып сағынышыңды басып қайту да машақатқа толы. Одан гөрі қарт құрлыққа немесе мұхиттың арғы бетіне барып-қайту жылдамырақ шығар. Соңғысына жылдам баруын барасың ғой, бірақ оның Қызылқұмның баурайындағы қойлы ауыл сияқты соншалықты әсерге бөлемейтіні, сағынышыңды баса алмайтыны тағы мәлім.
Осындайда Қарға бойлы Қазтуғандар еске түседі. XVII ғасырдың өзінде жырау бабамыз бекер зарламаған екен ғой. «Еділді алса – елді алар, Енді алмаған не қалар? Жайықты алса – жанды алар, Жанды алған соң не қалар? Ойылды алса – ойды алар, Ойлашы, сонда не қалар?» «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы» жыраудың Алаш жұртының басынан өткен нәубеттің жыр-жылнамасы ретінде әдебиет тарихында біржола таңбаланып қалды. Туған жер туралы трагедияға толы толғау дерсіз.
Туған жер, туған ауыл демекші, Жарасқан ақынның жыр шумақтары жадымызда жатталып қалғаны. Туған жер төңірегінде әңгіме қозғала қалса, сол шумақтар ойға оралатыны бар. Ұзын-ырғасын қысқаша баяндап көрелік. Көз жүгіртіңіз.
Алматыға келіп емделген ақынның әкесі ауылға аттанарда баласына уәжін айтады. «Кетерінде сын көзімен қарап ап: Ағайынды шықтым деді аралап. Талай жерге атағыңды жайғанмен, Туған жерге танылуың керек-ақ».
Ақын ақын бола ма, ә дегеннен айтқанға көне кетсе. Оның үстіне Жарасқан болса. Ол әке алдында өз дегенін айтып бағады: « – Әке, дедім, – жасамаңыз құр обал, Ештеңе етпес танымаса бір Арал. Өлеңіме өзек еттім әлімше, Мін қоярлық менде қандай кінә бар?!»
Туған жерден, ауылдан тамыр үзбеген ақсақалдың да өзіндік байламы бар: « – Кінәң сонда, сол Аралда өстім мен, Қартайғанша кем қалғам жоқ ешкімнен. Ең алдымен туған жерін іздейді, Ер азамат етек жауып ес білген. Жасқа жеттің алды-артыңды бағамдар, Іні болсаң, бағалайтын ағаң бар, Мәңгі-бақи қалады ұмыт, іздеусіз, Туған жерін іздемеген адамдар».
Қарттың аузынан шыққан соңғы сөз қандай әсерлі, қандай айбарлы! «Мәңгі-бақи қалады ұмыт, іздеусіз, Туған жерін іздемеген адамдар». Ақынның мойындамасқа амалы да қалмаған-ды. Сонда да ол: «Жеңілдетіп жағдайымды жеңілген, Ақынға тән асқақтаған көңілмен, – Туған жерім Арал ма екен тек қана, Туған жерім Қазақстан дедім мен...».
Әрине, іштей мойындай тұрып, сыртқа сыр білдірмеген сыңай ақындыкі. Сөздің түйінін бәрібір ақынның әкесі қояды: « – Дұрыс айттың, қайта құлақ құлақ тос балам, Дұрыс және дұрыс уәжді қостаған. Тұрған жерің елдің астанасы да, Туған жерің сенің ғана астанаң. Жетем десең мұнарланған мұратқа, Тік көзіңді жақынға да, жыраққа, Астанасыз бәлкім, елдер бар шығар, Астанасыз ер болмайды бірақ та». Кіндігі туған жеріне байланған қазақ үшін төл «астанасының» болуы заңды да!..
Құдайға шүкір, Қазтуған бабамыздың туған жерге деген толғауы ұрпағының бойына жігер беріп, жердің тұтастығы, елдің азаттығы үшін жан аямай арпалысты. Еңку-еңку жер шалған ерлер күресінің ақыры баянды болып, Қазақ елі тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сөйтіп, төрткүл дүниедегі тоғызыншы территорияның қожасы ретінде Қазақ елі әлемдік картада таңбаланды. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.
Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» дегенде осыны айтқаны айдай ақиқат. Ендігі мәселе – мирасқа қалған мемлекетті болашақ ұрпаққа аманаттап, туған жердің, туған елдің рухын асқақтата түсу. Туған жердің туған елге ұласатыны заңдылық. Туған жердің қадір-қасиетін терең түсінген жандар ғана туған елдің Туын асқақтата түсетіні анық.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»