Қазақстан • 30 Тамыз, 2017

Мемлекеттік ойлау эволюциясы

808 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жаһандық дамуға ілескен бүгінгі қоғам білімділікпен, зиялылықпен сипатталса керек. Өткен ғасыр өркениеттің адамдар бойындағы біліммен қаланатын қабілет пен сапа­ға толық тәуелді екенін көр­сет­ті. Егер бүгінгі білім бе­ру жүйесінің дағдарысты жағда­йын айтар болсақ, ол ең алдымен уақыттың талабы мен шын­дығына сәйкессіздіктен туындап отыр. Сауатсыздар қатарының өсіп отырғаны, білім сапасының төмендеуі және білім мен мәдениет арасының алшақтауы, білім алушы мен білім берушінің жаңғыру үдерісін жатырқауы көңілге беймазалық тудырады. 

 

Мемлекеттік ойлау эволюциясы

Дағдарыс талантты жастар­дың шетел асуынан, мемлекеттік және мемлекеттік емес инсти­туттардың шынайы емес бәсе­кесінен, қоғамның білім беру үдері­сінен «филологияланды­ру» мен «сұх­бат­тасуды» ығыс­­тырып, оқытудың рә­сім­­деу мен «тестілеуіне» қо­ғам­дағы мүдделілік пен сұ­раныс арасындағы дұрыс теңге­р­мешіліктің бұзылуынан, іргелі құндылықтар мен қоғамдық ізгі­лік­ке деген құрметтің азаюынан көрініп отыр. 

Әдетте, жиі орын алып тұ­ра­тын тех­ногендік апат­тардың қорқынышы бар. Бірақ қоғам мен азаматтардың ру­хани, яғни зиялылық, мораль­дық, психологиялық қауіп­сіздігінің алғы­шар­ты болып табылатын рухани қауіпсіздік бәрінен маңызды әрі оның өт­кір­лігі де басым. Рухани қауіп­сіздік дегенде, мәдени құндылықтардың тарихи қа­лыптасқан нормалары шең­бе­рінде сақталуын айтуымыз ке­рек. Бұл норманың бұзылуы ұлттық апатқа, қоғамның тұтас жүйе ретінде ыдырауына әке­ліп соғады. 

Тарих тереңінен тамыр тар­­та­тын философиямен, әде­­биетпен, тілмен байып, да­ми түскен гуманитарлық білім рухани қауіпсіздіктің бас­ты шарты және И.Ильин айтқандай, халық ұлылығы мен мемлекеттік тәуелсіздіктің де кепілі болады. Тарихтан, тілден, философиядан, әде­биеттен, дәстүр мен салттан, пси­хологиядан құралатын гума­нитарлық білім ұлттық мә­дени құндылықтарды, оның ұстанымдары мен мән-мағы­насын, формасы мен мазмұнын болашаққа жеткізудің маңызды меха­низмі. Мәдениет пен білім ара­сындағы диалектикалық бай­ланыс, әсіресе, қоғамның ру­хани ахуалына білімнің әсер ету мүмкіндігі бүгін оны реформалаудың теориялық және әдістемелік негізін жасайды. Білім беруді ұлттың рухани қауіпсіздік факторы деп түсіну жеке адамды жан-жақты дамыту мен мәдениет сабақтастығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: ру­хани жаңғыру» атты мақа­­ласының тарихи маңызы орасан. Бұл – Қазақстандағы мемлекеттік ойлаудың эволюциясы. Елбасының халыққа жолдаған құнды, стратегиялық маңызы бар құжаттары тарихи қажеттілік деп санаймыз. Мемлекет пен адам өмірінің барлық қырларына заманауи ұстаным тұрғысындағы дана көзқарас әлем назарын аударды. Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі идеясы ұлттық дәстүр­ді және қазақ халқының біре­гейлігін сақтай отырып, көш­­­тен қалмай өмір сүруге, уа­қытқа қарай өзгере, жаңғыра, жаңара білуге саяды. Үлкен қоғамдық, саяси, мәдени тамыры бар Қазақстанда барлығын да жүзеге асыратын әлеует жеткілікті. 

Елбасы аталған мақалада ел назарын тарихи сананы қа­лып­тастыруға аударады, өйт­­­кені онсыз мемлекет тұ­ғы­рын бекіте, нығайта алмай­мыз. Болашақты кеңінен ой­ла­­ған дана бағ­дарламада қо­ғам дамуының барлық жағы қам­тыл­ған. Елбасы бұрыннан ай­тып келе жатқандай, тәуел­сіздіктің елең-алаңынан-ақ қолға алынған саяси, эконо­микалық реформалар рухани жаңарусыз, дамусыз, қоғамдық сананың жақсы жаққа қарай өзгеруінсіз толық жүзеге аспайды. Біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі бағыттарын ғасырлар бойы қоғамдық дамудың нә­ти­жесі болмақ ұлтымыздың жа­һан­дық бәсекеге қабілетті болуын, прагматизмді, ұлт­тың біре­гейлігін, білімге бас қою­ды, Қазақстанның эволю­циялық да-муын және сананың ашық болуын қол­даймыз. Бағдарламалық мақалада біз­дің қоғамның осы ғасыр мен алдағы жүзжылдықта қа­лай болуы керектігі нақ­ты көрсе­тілген. Сондықтан ұлттың са­­пасын жақсарту, мінез-құлықтағы таптаурын болған әдеттерді жақсылыққа қарай өзгерту үшін айқын жоспарлар белгіленді. Кейде көптеген істер орындалмайтындай, тіпті мүмкін еместей көрінгенімен, халқымызда «жүргенге жөргем ілінеді» немесе «асықпаған арбамен қоян алады» деген мәтелдер талаптансақ, ұм­тылсақ алынбайтын асу жоқ екенін меңзейді. 

Табысты жұмыс пен ман­саптық өсудің іргетасы болатын жоғары деңгейлі білім жастар үшін кейін өзінің мамандық қызметін жеңіл ауыстыруға мүмкіндік туғызады. Соған орай педагогикалық білім әмбебап база болады да, өз бетінше оқу мен өзін-өзі жетіл­діріп оты­ру қон­дырмаға айналады. Тамы­ры тереңге кеткен ағаштың діңі де, бұтағы да ірі болмақ. Сон­­дықтан, қоғамда өмірдің заңы­мен зейнет демалысына шыққан мамандардың орнын ауыстыратын жаңа кәсіби кадрлар болуы үшін білім саласында алдын ала ойластырылған сая­сат болмай, нәтижеге жету мүмкін емес. Жоғары оқу орны гуманитарлық интеллигенцияны тәрбиелеуде мемлекетке қолғабыс, көмекші болуы тиіс. Көптің аузынан түспейтін білікті дәрігер, заңгер, биолог болу жеткіліксіз, алдымен адамгершілікті пір тұтқан азамат болуы тиіс, қысқасы, қоғамға алдымен адам, сосын маман керек. Ол үшін гу­манитарлық білім саласында жан-жақты ысылған, бо­йына ұлттық негіздегі руха­ни нәр жинаған адамның ға­на майлық-сулығы бірдей болмақ. Жас ұрпақ бойына мұн­дай қасиет тарих, саясаттану, әлеу­меттану, философия секілді пәндер ар­қы­лы егілетінін біз, педагогтар біле­міз. Дәрігердің аяқасты жі­­бер­­ген қатесі өте қай­ғылы жағдайларға соқтыратыны аян, ал білім беру мекемелеріндегі педагогтар жіберген қатенің қасіретін көз­ге елестетіп көрі­ңіз. Ұстаздар тұтас ұр­пақ­ты тәрбиелейді, ал олар жіберген қатеден қоғамды алға апаратын, оның тірегі болатын азамат қалыптаспайды, тек статистикалық маңызы бар қуыс кеу­де адамдар ғана өсіп шығады. 

Бүгінгі білім беру саласына тоқтау­сыз жүргізіліп жат­қан реформалар көпшілікті дабыл қақтырардай ойландырып отыр. Әсіресе, тарих, философия, саясаттану, құ­қық негіздері, экономика негіз­дері, мәдениеттану, эти­ка секіл­ді гуманитарлық блок­тың бағытын қайта бағалау қиын. Гуманитарлық пәндер топ­тамасының сағаттар санын біресе азайтады, біресе қосады немесе тіпті оқу жос­парынан алып тастайды. Ал бұл пәндер ойлау мен сананы қалыптастырып қана қоймайды, жас ұрпаққа өзіндік ұғынықты тілмен жігер береді, бойына еңбек дәнін сеуіп, мақсаттылыққа тәрбиелейді. Гуманитарлық пәндер адамның еркін ойы мен тілінен бас­тау алып, оған байып, мол тәжірибемен қайтып оралады. Гуманитарлық білімнің рухани қауіпсіздіктегі қасиетті міндеті де осы болса керек. Білімнің ауқым­дылығы (философия), ойлау мәдениеті (тіл білімі мен тарих) кез келген мамандықты тез игеруге мүмкіндік береді. «Жан немен сусындайды?» деген сұраққа данышпан Сократ та «Әрине, біліммен» деп жауап берген ғой. 
Дәрігер ағзаны емдейді, ал біз оның санасын қалыптас­тырамыз, азаматтық ұста­ны­мын қорғай білуге, қоғамға әлеу­­­меттік тұрғыдан пайдалы болу­ға үй­ретеміз, оқытып, дайын­­даймыз. Жастар өздеріне қойылған «Сен қоғамға қандай пайда әкелдің, қандай үлес қостың?» деген сұраққа жауап берерде, бос сен­деліспен ештеңе бітпейтіні туралы ойлануы, ширығуы тиіс. Жаңалығы да, ұсынысы да көп жаңа әлемде өмір сүріп отырмыз. Жастар оны дер уақытында түйсініп, дұрыс қабылдауы, өзгелердің де түсінуіне ықпал етіп, керек жерінде бағыт бергені де ләзім. 

Жас ұрпақта бүгін еліміз­дің, өлке­міздің тарихы, жерлес­теріміздің жеткен жетістіктері жөнінде білсем деген талпыныс бар ма? Студент тарих, саясаттану, әлеуметтану пән­дерін оқудың арқасында ғана қоғамдағы және жалпы әлемдегі сая­си үдерістерді түсініп, қоғам ішіндегі секілді мемлекеттер арасында болып жататын түйт­кілдерді ажы­рата алады, жа­һан­дағы және қоғамдағы мәселелерге өзінің іргелі фило­софиялық көзқарасын қалып­тастырады. «Отан – отбасынан бас­талады» дегендей, әр­кімнің ұш­қан ұясы, суын ішіп, отын оттап отырған кіші ота­ны, өзінің айналасындағы адам­­дар оның бойында мемле­кет­тік патриотизмнің, мем­ле­кет­шілдіктің іргетасын қалай­ды. Осы орайда адамның ел­ге, туған жер­ге деген сөзі мен ісінен бірдей көрі­нетін, ай­қай­латқан ұрандардан емес, жүректен шығатын махаббат үлгісі туралы бір тарихи сәт еске түседі. Ке­ңес Одағының Батыры, қостанайлық Сейітқан Темірбаев Берлинді алғаннан кейін Рейхстаг қабырғасына жанталаса: «Қостанай-Берлин. Сейітқан Темірбаев. Қазақ» деп жазған еді. Осы үш ауыз сөзге Отанға, өзінің халқына деген махаббат, жас жігіттің өмірге деген құлшынысы сыйып тұрған жоқ па?

Өзінің тұрған жеріндегі тарихи-өлкетану ісіне назар сал­майтын, өз мемлекетінің, облыстың, ауданның, туған ауылының тарихынан хабарсыз мұғалім оқушыларға не айтады, оларды патриотизмге қалай тәрбиелей алады? Мәң­гүрттікке ұрынбау үшін әркім тарихты білуі тиіс. Қазір адамды жан-жақтан анталаған көп қауіптің бастысы осыған сая­ды. Ол бүгінгі замандастар бо­йын­дағы мақсатсыздықтан, жауапсыздықтан, білімсіздіктен ой әрекетіне деген бойкүйез­діктен, нем­құ­райдылық пен ен­жар­лықтан, әлеуметтік келеңсіз құбылыстарға көнбістіктен көрі­ніс табады. Осының барлы­ғы да жас ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. 

Рухани білімді адам асыл тас се­кілді. Асыл тас уақыт­тың, желдің, күн­нің әсеріне мұ­қал­­майды, сол секілді гу­ма­­нитарлық жеткілікті бі­лім алған адамның да рухани діңгегін бөтен насихат, жат ағым сындыра ал­май­ды. Біз, Қос­танай мем­лекеттік педагогикалық инс­­­ти­­тутының тарихшылары мен қоғам­танушылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағ­дар: руха­ни жаңғыру» мақала­сында айтылған бастамаларын қолдаймыз, себебі ол әр қазақстандықты қанаттанды­рады, алдымыздағы асқаралы жұмыстарға жігерлендіреді, ұлтымыздың, еліміздің көркей­ген болашағына ұмтылдырады. 

Айгүл АМАНТАЕВА, 
философия ғылымдарының кандидаты, 
 Елизавета ЯРОЧКИНА, 
тарих ғылымдарының кандидаты
 
 ҚОСТАНАЙ