
Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің Ресеймен шектескен суық түстігінде орналасқан топырағы құнарлы, ақ қайыңы сыңсыған, астықты аймақ. Соңғы жылдары өңір экономикасы айтарлықтай даму көрсеткіштеріне ие. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында облыстың кәсіпорындары 122427,8 млн теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл өткен 2016 жылғы мезгілдік көрсеткіштен 5,2 пайыз жоғары. Соның ішінде тамақ өнімдері өндірісі 50672,3 млн теңгенің, өңдеу өнеркәсібінің 27,3 пайызын құрап отырған машина жасау саласы 22861,6 млн теңгенің, резеңке-пластмасса өндірісі 2571,7 млн теңгенің өнімін шығарып көш бастап тұр.
Аймақты электрмен жабдықтау, газ, су беру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға артса, сумен жабдықтау 7,3 пайызға жоғарылап, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 78 041,7 млн теңгеге жеткен екен. Осының 41,5 пайызы орман және балық шаруашылығына, 18,8 па-йызы өнеркәсіп саласына, 14,3 па-йызы қосалқы қызмет көрсетуге, 10,1 пайызы жылжымайтын мүлік операцияларына бағытталған.
Осының арқасында өңірде шағын және орта кәсіпкерлік көлемі ұлғайған. Дәл қазір бұл сала бойынша жұмыс істеп жатқан субъектілер саны 28 397 бірлікті құрап отыр. Үстіміздегі жылы кәсіпкерлерді қолдау картасы аясында жаңадан сегіз жоба қолға алынып, жаңадан 151 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қолда бар мәліметке жүгінсек, биылғы жылдың алғашқы жеті айында облыстың сыртқы сауда айналымы (ішкі сауданы есепке алмағанда) 95,9 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 54,1 млн АҚШ долларына, импорт – 41,8 млн АҚШ долларына жеткен. Сөйтіп, сыртқы сауда айналымының сальдосы 12,3 млн АҚШ долларына өсіп отыр. Экспорт бойынша негізгі әріптестер – Ауғанстан, Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Латвия республикалары. Ал импорттық өнімнің 38,8 пайызы Қытай елінің үлесіне тиесілі болса, қалғандары – Германия (8,2%), АҚШ (5,4%), Украина (5,4%), Польша (5,3%), Канада (4,2%) елдеріне тән.
Өңірдің ауыл шаруашылығына келер болсақ, биылғы қаңтар-шілде айлары аралығында жалпы өнімнің өндіріс көлемі 81217,4 млн теңгені құрапты. Сөйтіп, нақты индексі көлемі өткен жылмен салыстырғанда 101,9 пайызға артқан. Бүгінгі таңда майлы дақылдар алқабы 712 мың гектарға дейін ұлғайтылып, бұл республика бойынша барлық майлы дақылдар көлемінің 30 пайызына тең келіп отыр. Бұршақ дақылдарының да егіс алқабы кеңейтіліп, жасымық жылдағыдан 2,5 есе мол себілген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаевтың мәліметіне қарағанда, облыс көлемінде жүргізіліп отырған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламаларының қолдауымен шаруалар 2509 бас ірі қара, 1691 жылқы, 4087 қой сатып алса, 2011 жылдан бастап алыс және жақын шет мемлекеттерден 11 мыңнан астам асыл тұқымды сиырлар – ангус, герефорд, симменталь және лимузин әкелінген. Нәтижесінде, асыл тұқымды мал басын көбейтетін 40-қа жуық репродуктор құрылып, өңірдің сүт өндірушілері жыл сайын шамамен 500 мың тонна сүт дайындауда. Тіпті, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігі мен «Тайынша-Астық» ЖШС сияқты ірі шаруашылықтар әр сиырдан жылына 8 мың литрге дейін сүт сауатын озық технологияны пайдалануда.
Облыстың әлеуметтік қорғау саласында да өзгерістер бар. Осы жылдың 1 тамызына дейін жаңадан 9182 тұрақты жұмыс орны ашылып, 16882 жұмыссыз адамға жәрдем көрсетіліп, 2845 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып үлгерген. Сонымен қатар, 1295 азаматқа 32,1 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек белгіленген.
Білім саласын дамытуға 2017 жылы бюджеттен 47,4 млрд теңге бөлінсе, оның 1946,8 млн теңгесі білім нысандарының күрделі шығыстарына жұмсалуда. Бұның сыртында облыстық денсаулық сақтау саласы бойынша бөлінген қаржы 12 млрд 729,5 млн теңгені құрап отыр. Оның 618,8 млн теңгесі салаға қатысты нысандарға күрделі жөндеу жүргізуге тиіс болса, есепті кезең жоспарына сәйкес қаржының 316,6 млн теңгесі игеріліпті.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында облыс аумағында жалпы аумағы 58 966 шаршы метр тұрғын үй алабы пайдалануға берілсе, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 132,1 пайызды құрап отыр.
28 тамыз күні «Қазмедиа» орталығында журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген облыс басшысы Құмар Ақсақалов аймақтың жоғарыдағы жетістіктеріне тоқтала отырып, Петропавл қаласында «Жас өркен» атты шағын аудан салынып жатқанына, сондай-ақ, алдағы күндері 300 орындық концерт залы, төрт қабаттан тұратын Оқушылар сарайы, әмбебап теннис орталығы қатарлы заманауи ғимараттар бой көтеріп жатқанын жеткізді.
* * *
Мәдени күндердің басты маңыздылығы – елорда тұрғындары мен қала қонақтарына аймақтың мәдениеті мен өнерін тамашалату. Бұл ретте солтүстікқазақстандықтар тарапынан жұртшылыққа ұялмай көрсетуге тұратын дүниелер бар екен. Басқасын айтпағанда, Айыртау ауданы Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерден табылып, «Ботай мәдениеті» деген атпен ғылыми айналымға енген энеолит дәуіріне тән тайпалар қонысы, сондай-ақ, ХVII ғасырда қазақ даласына Ресей ықпалының күшеюіне қатысты жүргізілген отарлау саясаттың бір жұрнағы «Абылайдың ақ үйі» қатарлы тарихи орындар өңірдің төлқұжаты іспеттес.
Қазіргі таңда облыс аумағында: 603 мәдениет нысандары мен мұрағат мекемелері жұмыс істеп тұрса, олардың ішінде – 255 клуб, 320 кітапхана, 12 мұражай, 15 мұрағат, 3 театр, филармония және кинобейнеқорды сақтап-пайдалану орталығы, сонымен қатар, 32 ведомстволық мәдени кәсіпорын қызмет етуде. Жыл басынан бері жоғарыдағы мекемелерде 13 000 мәдени шара өткізілген. Биылғы жылы жол картасы бағдарламасына сәйкес жаңадан 36 мәдени нысанды ашу жоспарланып отыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, облыстағы 12 музейдің 3-еуі Петропавл қаласында болса, қалған 9-ы аудандық музейлер есебінде. Ағымдағы жылы бұл мекемелерде 1006 экскурсия және 123 көрме ұйымдастырылып, оған 85 961 адам қатысқан.
Осы орайда, елорданың оңтүстік-батыс шетінде орналасқан «Этноауыл» кешенді ауыл-қалашығында солтүстікқазақстандықтар облыстық тарихи-өлкетану мұражай қорында сақталған тарихи жәдігерлерді әкеліп көрме ұйымдастырды. Мұнда 90-ға жуық құнды экспонат қойылыпты. Атап айтар болсақ, Сібірдің тайыншадай сұр қасқырының терісінен жасалған ішік, биіктігі жарты құлаш саптама етік, жарғағы мен балағы кестеленген тері шалбар, ХVІ ғасырдың мұрасы – айбалта, ХVІІ ғасырдың жәдігері – жиегіне алтынды араб жазуымен Құран аяттары бәдізделген дулығаны көріп көзайым болдық. Осындағы дулығаның бір шетінде «Мұхаммед пайғамбар әрдайым сенімен Ахмет Жақыпұлы» деген жазу жазылыпты. Бұл жәдігерлерді «кім тапсырды, қайдан табылды», ол туралы бір ауыз сөз жоқ. Сонымен қатар, көрме сөресінен 100 жыл бұрын бүтін қарағайды тұтастай шауып жасап, әрі сыртына белдемше оймыш өрнектер салған ескі домбыра мен көнтерілі көне қобызды көрдік. Жергілікті суретшілер Бургаев пен Абдрафиковтің картиналары, ақжарлық шебер Жандос Мәдиғажының қолынан шыққан жетіген, адырна, шаңқобыз сияқты ұлттық аспаптар да көрме сәніне мән қосып тұрды.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы аумағынан 599 тарихи және мәдени ескерткіштер тіркелсе, оның 8-і республикалық маңызға, 591-і жергілікті (437-сі археология, 162-сі сәулет ескерткіштері) мәртебеге ие. Аймақта Елбасының Рухани жаңғыруға арналған мақаласы негізінде «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда облыс аумағында орын тепкен 12 нысан «қасиеттілік» тізіміне ілінсе, «Ботай қонысы», «Абылай хан резиденциясы», «Қарасай мен Ағынтай батырлар» мемориалдық кешен нысандары республикалық дәрежелі дәргейге алынған.
* * *
Аталмыш аймақтың басқа өңірлерге қарағанда, тағы бір ерекшелігі, мұнда өткен тарихымызға қатысты мұрағаттық құжаттамалар көп сақталған. Бұған себеп, облыс орталығы Петропавл қаласының іргесі 1752 жылы Есіл бойына әскери бекініс ретінде қаланып, өңірде ресейлік кеңсе тәртібі ертерек қалыптасқандықтан болар, мұнда тарихи деректемелердің жинақ қоры сақталған бірден-бір өңір.
Мәдени күндер аясында облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік архив мекемесінің мұрындық болуымен елордада орналасқан Ұлттық архив ғимаратында «Қазақстанның жаңа тарихи белесі» атты құжаттамалық көрме ұйымдастырылды.
Көрме тақырыптық тұрғыдан: «Президент Солтүстік Қазақстанда», «Тәуелсіздік туын көтерген Абылай», «Петропавл қаласының тарихи сәулет ескерткіштері», «Солтүстікқазақстандық тұлғалар галереясы», «Облыстың киелі жерлері», «Латын ғарпімен жазылған мұрағат құжаттары» атты мазмұндық бөлімдерге бөлініп, көрермендер үшін барлығы 200-ден астам мұрағаттық құжат жиынтығы сөреге қойылды.
Осындағы «Киелі жерлер» бөліміне – облыстық мешіт және әулие Петр мен Павел шіркеуі, аудандарда орналасқан Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов музейлері, Байқара ескерткіші, Құлсары батыр мен Қожаберген жырау мазарлары, Уәлихановтар қонысы қатарлы нысандар енсе, «Солтүстікқазақстандық тұлғалар галереясын» – атақты ордабасы Қожаберген жырау, Шал ақын, Шоқан Уәлиханов, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Евней Бөкетов, Кәкімбек Салықов, Сафуан Шаймерденов, Герольд Бельгер, Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Ермек Серкебаев және ғарышкерлер Владимир Шаталов пен Александр Викторенко толықтырып тұр.
Одан кейін «Латын ғарпімен жазылған мұрағат құжаттары» бөлімінде 1800-1900 жылдары аралығында араб, орыс тілдерінде жазылған тарихи метрикалық құжаттар орналасыпты. Солардың арасында көзге жылы ұшыраған дүние – «Мағжанның қолжазбасы». Мұрағат қызметкері Мереке Баймұқановтың айтуына қарағанда, ақын 1922-1923 жылдары Ақмола губерниясының кейбір уездерін жайлаған аштыққа байланысты құрылған төтенше комиссия төрағасының орынбасары болған. Ол кісі жұмыс бабымен ашаршылық жайлаған аудандарды аралап келіп, көрген-білгенін комиссияға өз қолымен жазып өткізген. Бұл сол қолжазба екен.
Қатардағы көрермен ретінде бізді айрықша қызықтырған дүние – «Тәуелсіздік туын көтерген Абылай» бөліміне қойылған құжаттар. Облыстық мұрағат директоры Сәуле Мәлікова берген мәліметке жүгінсек, мұрағат қызметкерлері 2004 және 2008 жылдары қаладағы «Абылайдың ақ үйіне» қатысты құжаттық дәлел іздеп көрші елдің архивіне барып, ондағы Ресей мемлекеттік көне құжаттар мұрағаты мен Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты қорынан көптеген дерек тапқан. Атап айтқанда, Петропавл бекінісіне Абылай хан резиденциясын салу туралы 1765 жылы император қол қойған шешімнен бастап, генерал-майор Хабуловтың Абылай ханның өлімі туралы хаты, «Абылай резиденциясының жоспары» туралы генерал И.Шпрингердің рапорты, патша ІІ Екатеринаның Абылайды Орта жүздің ханы етіп бекіткен патенті тәрізді т.б. көптеген тарихи құжаттарды көріп, бір марқайып қалдық.
* * *
Солтүстікқазақстандықтар мәдени күндер аясына сыйғызып «Этноауыл» ұлттық кешенінде арнайы жабдықталған киіз үйлерде қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін өткізді. Аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі Жібек Жүзенованың айтуына қарағанда, ақ қайыңды елдің шеберлері қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін, өнері мен салт-дәстүрін таныстырады. Бұл іске 11 қолөнер шебері тартылып отыр екен. Бұлар тек облыстық деңгейдегі шеберлер емес, республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып тәжірибе жинаған адамдар.
Бұлардың арасында он саусағынан өнер тамған Ольга Ермактың асыл тастардан жасаған сутуаж әшекейлері, шебер Әлия Белденова өз қолымен жасап әкелген 50-ден астам ұлттық стильдегі интерьер қуыршақтары, Елена және Борис Козловтардың ақ қайыңның қабығынан қаптап жасаған кәдесый бұйымдары, тігінші Қағира Дәуенованың туындылары – төркөрпе, дастарқан, қыз жасауына арналған тоқыма көйлектер, Светлана Холопованың фелтинг техникасын қолданып киізден жасаған пейзаж, натюрморт композициясы, Айдарбек және Болатбек Қалдыровтардың ағаштан жасаған абстракті туындылары мен Қанат Айдархановтың көркем кәдесыйлары, темірден түйін түйген Дмитрий Нападовтың металдан дәнекерлеген сәндік паннолары мен раушан гүлдері әдемілігімен көз тартса, қыш құюдың маманы Вадим Вольфтың шеберлік сабағына куә болушылардың қарасы да мол болды.
* * *
Облыс күндері барысында өткізілген келесі бір маңызды оқиға – өңірдің өнерін насихаттау ісі. Осы орайда, облыстық қуыршақ театры «Белая дочь степей», Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры «Ночь перед Рождеством», С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері «Ревизор» спектакльдерін елорда төрінде паш етті.
Оның сыртында «Әлқисса» фольклорлық-этнографиялық тобы, «Туған жер» халық би ансамблі, «Балқадиша» вокалдық тобы, «Айнар», «Самғау», «Әлем», «Курс» эстрадалық ұжымы, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі қатарлы өнер ошақтары «Этноауыл» аумағында орналасқан дала театрында астаналықтар мен қала меймандарына өз өнерлерін ұсынды.
Мәдени күндердің түйіні ретінде – 27 тамыз күні солтүстікқазақстандықтар ЭКСПО-2017 көрме кешенінің амфитеатрында «Қызылжар елі» атты гала-концертін көпшілікке тамашалатты. Оған облыс, республикаға танымал өнер қайраткерлері һәм облыс тумалары – «Астана Опера» театрының әртісі Гүлсара Жазитова, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Ермек Бірімжанов, танымал солистер Біржан Есжанов, Мұхит Ахметов, Надежда Косыгина, Любовь Фасхуддинова, «Шабыт» халықаралық конкурсының дипломанты, опера әншісі Рамзат Балакишиев, Президент оркестрінің әншілері Айзат Қарабекова, Диана Таймышева, Динара Тауышева атсалысты.
Сондай-ақ, облыс спортшылары «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түрлері – аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, тазы жарыстыру, асық ату, тоғызқұмалақтан көрсетілімдер ұйымдастырып, қазақ күресінен «Қызылжар батыры» атты ашық турнир өткізді.
Бекен Қайратұлы,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»