
Ол кезде Кеңес одағының дүрілдеп тұрған шағы. Басшы, қосшыдан қарапайым еңбек адамы жоғары құрметтеледі.
Созақтық диқан Асаубай Бақиев шаруақор, егістік басында күн-түн жүруге бар азамат болатын. Жүгерілігі аттылы кісі кірсе таптырмайды. Социалистік жарыста жүгерісінің әр гектарынан 129 центнерден өнім алады. Одақтан келген комиссия төбесімен көк тіреген жүгері алқабын көріп таңғалғандарынан біраз уақыт бастарын шайқап тұрыпты.
Бұл – 1980-жылдардың аяғы. Ол кезде Асаубай ағамыздың жалындап тұрған шағы. Оған комиссияның бағасы емес, өз жұмысының рахаты керек. Отбасын ешнәрседен тарықтырмауы керек. Жылдар өтеді. Өнім жоғары. Бір күні хабар келеді. Социалистік жарыстың жеңімпаздарын қорытындылаған бәйгеде Асаубай Бақиевке «Москвич» автокөлігі сыйға беріліпті. Тегін.
Асаубай Бақиев ақсақал: «Поштаға түбіртек үшін 1 сом 50 тиын төледім. «Москвичті» базардан айдап қайттым», дейді.
Созақ ауданындағы Құмкент ауылының азаматы Асаубай ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да еңбектен қалмаған. Үй іргелік бау-бақшасы көз қызықтырады.
– Бүгінде агротехниканың дамыған заманы. Тыңайтқыштардың түрі де көп. Сонда да бау-бақшасына қарай алмай, арамшөпке бастырып алатындар жетеді. Ал мен тыңайтқышты бір-ақ рет беретінмін. Күн ыстықта суаруға болмайды. Жүгері алқабына күзде де, қыста да су жіберіп, құнарландырып отырдым. Осы дақылды баптаудың жақсы тәжірибесін жинақтадым. Қазір кеңес сұраған диқандарға білгенімді үйретіп келемін.
«Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей», деген ғой ұлы Абай атамыз. Ал еңбек жасаған адамның үйінде береке бар, несібесі мол. Жұмыс жоқ деген жастарға қарным ашады, – дейді Асаубай ақсақал.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы