ЭКСПО-2017 • 01 Қыркүйек, 2017

Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды

385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады. Форумда таза энергетикаға көшуді қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның тиімді серіктестігі негізінде баламалы энергетика мен жасыл экономика саласындағы инновациялық идеяларды ілгерілету ісінде әйелдердің атқаратын рөлі мен үлесі талқыланды.

Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды

Шараға Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-де­мографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүл­шара Әбдіқалықова қатыс­ты. Ашылу салтанатында Мемле­кет­тік хатшы арулардың «жасыл энергия» өндірудегі рөліне тоқ­талды. 
«Осы көлемді шараны талантты өнертапқыш Илон Масктің «Біздің мақсатымыз әлемнің энергияны қолдануын түбегейлі өзгертуіміз керек» деген сөзімен бастағым келіп отыр. Бүгінгі таңда адамзат 4.0 индустриясының трансформациялық кезеңіне аяқ басты. Технологиялық инновация мен цифрлық өнімдердің дамығандығынан, әлемде құ­ры­лымдық өзгерістер болып жатыр. Олар «жасыл» экономиканы жаһандық деңгейде түбірімен өз­гертеді», деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшының сөзіне сүйенсек, «жасыл» энергияның дамуына әсер етіп отырған әлемдік бес үрдіс бар. Әуелі, энергияны жинау мен оның құнының өсуі. Екінші, қаржылай қол­дауды ашық түрде жүргізу. Келе­сі бағыт аталған саланы дамы­туға арналған саяси бастамалар. Климат өзгеруіне қатысты туындайтын апаттардың алдын алу – төртінші мәселе. Соңғысы – дамушы елдердегі энергияға деген қажеттіліктің артуы. 

Сонымен қатар, Мемлекеттік хат­шы келешекте энергетикаға деген сұраныстың өзгеруіне тоқ­талды. Оның айтуынша, 2050 жылға қарай әлемде «жасыл» энер­гия көздеріне деген сұ­ра­ныс ұлғаяды. Сондықтан, оны өнді­ретін құрылғылардың бағасы арзандайды.

«Таяуда еліміздің Энергетика министрлігі «Форсайт-2050» Жаңа әлем энергиясы және Қазақстанның сондағы орны» деп аталатын зерттеу жүргізіп, 139 елден жиналған 6 миллионға жуық дерек талданды. Онда 2050 жылға қарай энергияға деген сұраныс 3 пайызға азаятыны айтылған. Көмір тұтыну көлемі 2 есеге дейін азаяды. Ал мұнайға қажеттілік күніне 95 миллион баррельге дейін жетеді», деді Г.Әбдіқалықова.

Жиында сөз алған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірах­манов нәзік жандыларды энергетика саласында белсенді болуға ша­қырды. Оның пікірінше, ару­лар­дың «жасыл энергияға» араласуы олардың тиімді бизнес-модель құруына жағдай жасайды. Министр кейбір дамушы елдердің «жасыл» энергия көздеріне өтуіне қаржы тапшы болатынына тоқталды. Оның айтуынша, қазірдің өзінде 3 миллиардқа жуық адам экологиялық таза технологияны пайдаланбайды екен. Солардың көбі – нәзік жанды адамдар. 

«Ауылдық жерлерде әйел­дер­дің тұтынуға қажетті энер­гияға оңай қол жеткізуіне жағ­дай жасалуы тиіс. Бұл салаға нә­зік жандылардың қатысуы бүкіл деңгейде жүруі керек. Біз адам­зат­тың жартысын құрайтын әйел заты белсенді әрекет ететін энер­гетикалық революция жасауымыз қажет. Президент Нұрсұлтан Назарбаев гендерлік тепе-тең­дікті, саясатта, экономикада және технологиялық үдерісте әйелдер мен ерлер арасындағы теңдікті толық қолдайды. Бүгінгі форум арулардың барша қиындықты жеңіп, баламалы энергия көзіне қолжетімді болуына мүмкіндік жасап отыр. Әлем бойынша әйелдер осы қозғалыстың ал­дың­ғы қатарында жүр», деді Қ.Әбді­рахманов. 

Сонымен қатар, шара аясында Мемлекеттік хатшы ше­тел­дік ресми делегациялар мен халықаралық ұйымдар басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, «жасыл» экономикадағы және баламалы энергетикадағы әйел­дердің мүмкіндіктерін кеңей­ту саласындағы қарым-қаты­насты дамыту перспективаларын талқылады.

Форум жұмысына әлемнің 25 елінен 300-ден астам делегат келді. Олардың арасында Ре­сей Федералды жиналысы Феде­рация кеңесі төрайымының орынбасары Галина Карелова, Беларусь Президенті әкімшілігінің басшысы Наталья Кочанова, Жаһандық әйелдер саммитінің президенті Ирен Нативидад, Өнертапқыш жә­не кәсіпкер әйелдердің дүние­жү­зі­лік қауымдастығының прези­денті Ми-Йонг-Хан секілді бірқа­тар танымал тұлғалар бар. 
Іс-шара қорытындысы бо­йын­ша, әлемдік қоғамдастықты қор­шаған ортаға қысымды тө­мен­детуге, климаттық өзгеріс және табиғат ресурстарының азаюын бәсеңдету жөніндегі халық­аралық қағидаларды сақ­тау­ға шақырған, «жасыл» эко­но­микаға көшу ісін жеделдетіп, халық­тың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетін қарар қабыл­данды.

Жиыннан кейін арнайы ша­қырылған меймандар ЭКСПО-2017 көрмесінің павильондарын, Астана қаласының көрікті жерлерін аралап, Ұлттық музейге, «Астана Опера» театрына барады. 

Абай Асанкелдіұлы,
«Егемен Қазақстан»