18 Қазан, 2011

Саркозидің қарсыласы анықталды

300 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Францияда 2012 жылы өтетін президент сайлауындағы Николя Саркозидің қарсыласы анықталды. Ол – социалист Франсуа Олланд.  Алдын-ала өткізілген сай­лаудың екінші турында Франсуа Олланд өзінің партиялас әріптесі, Лиллия қаласының мэрі Мартин Обриден басым түсті. Мені ауыр жұмыстар күтіп тұр. Мен Николя Саркозидің сая­сатынан әбден ығыр болған француздардың үмітін ақтауға тиіспін. Соңғы айлары мен отандастарымның қандай қиындық­тарға душар болғанын өте жиі көрдім. Олардың ашу-ызаларын естідім. Оларды жұмыссыздық, елдегі тұрақсыздық пен қымбат­шылық қатты алаңдатуда, деп атап көрсеткен Франсуа Олланд. Наразылық ауқымы арта түсуде «Уолл-стритті басып ал» деп атала­тын қозғалыс Нью-Йорктен ғана емес, АҚШ шеңберінен де шығып кетіп отыр. Енді «қаржылық терроризмге» қарсы­лар «Бірге басып аламыз» деген жаңа ұран­мен бой көрсетуде.  Өткен демалыс күндері әлемнің 82 елі жаңа қозғалыстың күшін сезінуге мәжбүр болды. Осылайша, демалыс күндері биліктің экономикалық саясатына қарсы ұйымдастырылған акцияға әлемнің 82 елінің 950 қаласының тұрғындары қатысқан. Соны­мен бірге бұл болып өткен акциялар осы жылдың 3-4 қарашасында өтуі тиіс «анархия салтанатының» алдындағы кең ауқымды дайындық қана болуы мүмкін, деп жазады «Российская газета» басылымы. Тәртіпсіздіктерге ұласқан шеру Римде «наразылар» акциясын белгісіз экстремистер қалалық партизан соғысына айналдырып жіберген көрінеді. Нағыз «қалалық партизан соғысының» үрей туғызарлық кадрларын қаладағы барлық дерлік телеарналар көрсеткен. «Наразылар» болса күш көрсету әрекеттеріне өздерінің қатыс­тарының жоқ екенін айтуда. Біз халықаралық қаржы жүйесіне  және Италия үкіметінің елді аштыққа соқтырған саясатына қарсымыз. Бұлай өмір сүруге болмайды, жастардың болаша­ғына да балта шабылуда, деп атап көрсеткен олар. Бүгінде билік ірі-ірі америкалық және еуропалық банктер қолына шоғыр­ланған, сондықтан әлемді апатқа алып бара жатқан қаржы жүйесімен күресу керек, дейді саясаткер Джульетто Кьеза. Түркия ескерту жасады Егер 2012 жылы Кипр Еуроодаққа төрағалық ететін болса Түркия ЕО-мен байланыстарды тоқтатады, деп мәлім­деген Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Ердоған. Оның айтуынша, Анкара «грекиялық» Кипрдің егемендігін мойындамайтындық­тан, Түркия «солай деп аталатын» мемлекетпен диплома­тиялық қарым-қатынастарға баруға ниетті емес. Анкара Кипрдің біртұтас мемлекетке бірігуін жақтайды, тек сондай жағдайда ғана оның Еуроодаққа төрағалығы туралы сөз қозғауға болады, деп атап көрсеткен Ердоған. Әскери тұтқындар алмасудағы аса зор шара Израиль бір ғана капрал Гилад Шалита үшін бірден мыңдаған палестиналықтарды түрмеден босатпақ. Осы оқиғаға байланысты Газа секторында мерекеге дайын­дық жүріп жатса, Тель-Авивтегілер осының өзі бекер болып шықпай ма деп бас қатыруда. Тіпті Газа секторы мен Иордан өзенінің Батыс жағалауында да ұзақ жылдардан кейін өз туыстарымен кездесетініне қиындықпен сенетіндер бар. Егер осы мәміле болмаса, түрмеде отырғандардың көбінің бостандыққа шығуға еш үміттері де болмас еді. Олардың арасында 34 жыл бойы қапаста отырғандар да бар көрінеді. Қақтығыстан 8 адам опат болды Йемен президенті Али Абдалла Салехке адал күштер мен оппозиция жағына шыққан әскерилер арасындағы қақтығыс­тан 8 адам қаза тапқан. Куәгерлер жексенбіден дүйсенбіге қара­ған түнгі атыстың өте жойқын болғанын айтуда. Үш адам оппозиционерлер орналас­қан алаңда артиллериялық  снаряд жарылған кезде қаза тапқан көрі­неді. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат құралдары хабарлап отыр. Қастандыққа қатысушылар кімдер? Иранның сыртқы істер министрі Али Акбар Салехи өз елінің, Иран адамдарының Сауд Арабиясының Вашинг­тондағы елшісіне жасалған қастандыққа қатыстылығы туралы АҚШ-тың айыптауларын тексеруге дайын екенін мәлімдеген. Салехидің айтуынша, Иран дипломатқа қастандық жасауға дайындыққа қатысты қолда бар ақпараттарды, тіпті олар қасақана қолдан жасалғанның өзінде,  мұқият зерттемек. Иран сыртқы істер министрінің түсіндіруінше, Тегеран Вашинг­тонға іс бойынша тергеу нәтижелерін беру жөнінде ресми сұрау жіберген. Хамистің қаза тапқаны расталды Ливияның бұрынғы басшысы Муамар Каддафиді қолдайтын Сирияның «Арраи» телеарнасы полковниктің кіші баласы Хамистің қаза тапқанын растаған. Телеарна мәліметтері бойынша, Хамис пен Ливия барлау қызметінің экс-басшысы Абдулла әл Сенуси Тархун қаласы жанын­дағы шайқаста 29 тамызда қаза болған. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Муамар Каддафидің кіші ұлының қаза тапқаны туралы бұған дейін де хабарлаған болатын. Бірақ ол ақпаратты ол кездері ешкім ресми түрде растамаған еді. Оппозицияны бұлтартпаудың амалы... Соңғы бірнеше жылда Әзербайжан экономикалық салада зор нәтижелерге қол жеткізді, сондықтан оппо­зицияның үкіметпен дауласардай еш сылтауы жоқ, деп мәлімдеген Әзер­байжан президенті Ильхам Әлиев «Әл Жазира» теле­арнасына берген сұхбатында. Соңғы жеті жылда ішкі жалпы өнім  үш есе өсіп, 300 пайызды құрады, кедейшілік деңгейі 49-дан 9-ға дейін төмендеп, 5 есе азайды, бюджет шығындары 20 пайыз емес, 20 есе өсті. Біз өте күшті әлеуметтік қорғау жүйесін, инфрақұры­лымдық жобаларды құрдық. Үкімет жақсы жұмыс істесе оппозияның да бұлтаруға шамасы келмей қалады,  деп атап көрсеткен И.Әлиев.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.