Білім • 01 Қыркүйек, 2017

Ұлы мұрат – білімнің салтанат құруы

394 реткөрсетілді

Қызылордада өткен облыстық білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» та­қы­­рыбына арналды. Қоғамдық сананы жаңғыртуды арқау еткен кеңеске об­лыс әкімі Қырымбек Көшербаев, БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мариямкүл Мұқатаева, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Бі­лім беру бағ­дарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина мен Пар­ла­мент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, сала қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. 

Кеңеске қатысушылар алдымен оқу­шылардың техникалық шығарма­шы­лығы мен білім саласындағы Сыр өңірі­нің жетістіктеріне арналған көрмені ара­лады. Осыдан кейін жиында өткен оқу жылының қорытындысымен қатар сала­да­ғы жаңалықтар жөнінде жан-жақты ай­тылды.

– Ұрпақ тәрбиесінде өз елінің тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін қадір тұта отырып, оны жаңаша байыту – бізде ежел­д­ен қалыптасқан дәстүр. Елбасы сол игі дәстүрге жаңа бағыт, тың серпін бе­­ріп, бүкілхалықтық қозғалысқа ай­нал­­­дырды. Бұл баршамыздың көптен күт­­кен көкейдегі мұратымыз болатын. Сон­дықтан, мен сіздерді осы істе саяси сау­аттылық, азаматтық белсенділік, кә­сіп­тік біліктілік, ең бастысы, туған жер мен елге, Отанға деген шынайы сүйіс­пен­шілік танытуға шақырамын, – деді облыс әкімі Қ. Көшербаев. 

Қоғамдық сананы жаңғырту Қазақ­стан­­ның ел ретінде жаңғырып же­ті­лудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұр­ғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда би­ік сатысына талпынысы. Көп кешікпей-ақ қоғам осы игі бастаманың алғашқы нә­тижесін сезіне бастайды. Бұл сонымен бір­­ге, өзімізбен қатарлас басқа бірде-бір ел­де жоқ, ерекше «әлеуметтік инжиниринг» жобасы.

Рухани жаңғырудың мектеп және ұстаз­дар үшін аса маңызды болуының бір­не­ше себебі бар. Мемлекет пен қоғамды іші­нен жаңартып, адамның санасын өз­герту арқылы елге жаңа сапа беруді көз­деген бағдарлама жеке тұлғалық сананың өзгеруі негізінде іске асады. Сондықтан да, бұл бағдарламаның әр қадамы жаңа тұ­р­патты тұлға тәрбиелеу, азамат өсіру, ма­ман даярлау жұмысымен қатар жүреді. 

– Бұл ретте рухани жаңғырудың басты тірегі – ұстаздар, ал оның іске асырылатын негізгі алаңы біздің оқу орындарымыз болмақ. Сондықтан да биылғы тамыз кеңесін «Қазақстанның үшінші жаңғыруына білімнің үлесі» тақырыбында ұйымдастырғанды жөн көрдік. Елбасы биылғы Жолдауына арқау еткен үшін­ші жаңғыру әдеттегіше, негізінен, эко­номикалық қуатты үстемелеумен шек­тел­мейді, – деді Қырымбек Елеуұлы. 

Жалпы, рухани жаңғырудың негізі – білім һәм бәсекеге қабілеттілік. Сон­дық­тан да Елбасы белгілеп берген осы ба­сымдықты жүзеге асыруда мектеп пен ұстаздың алар орны айрықша. Бірақ қоғамдағы қозғаушы күшке айналуы үшін әрбір мұғалім алдымен өзі рухани жа­ңаруға бекінген, бағдарлама идеясына қана сусындаған маман болуы шарт. Сонда ғана алға қойған мақсат аясындағы жұмыс жандана түспек. 

Әр азаматтың, сол арқылы тұтас ұлт­тың ХХІ ғасырға лайықты білім мен дағ­дыларға, жаңа заманға қажетті ұлт­тық мінез бен қасиеттерге ие болуы ру­хани жаңғырудың өзегіне айналған бәсе­келік қабілеттің басты шарты. Соның ішінде ком­пьютерлік сауаттылық, шет тіл­дерін білу, жаңа білім мен мәдени құн­ды­лық­тарға ашық болу сияқты факторлар қо­ғамның алға басуын жеделдетеді. 

Бұл ретте жастарды етекбасты ес­кі­­ліктен арылуға, ысырапшылдық пен ас­тамшылыққа, даңғойлық пен кер­дең­дікке жол бермеуге үндеу аса маңызды. Ел жастары алға қойған мақсатқа жету үшін білім алудың, саламатты өмір салтын ұстанудың аса қажеттілігін сезініп өсуі тиіс. 
Бірақ, жаңғыру дегеніміз өзіндік келбеттен, төл белгіден, ерекшеліктен айырылу еместігін де естен шығармауымыз керек. Керісінше, тек сол ерекшеліктер ар­қылы ғана бәсекеге қауқарлы боламыз. Сон­дықтан әр ел, әрбір мемлекет өзінің дербес, дара даму үлгісін қалыптастыруда. 
– Яғни, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ті­ліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бой­ы­мызда мәңгі қалуы тиіс. Осындай да­ралықты сақтап, ұлттық бірегейліктің негізін күшейтуде қаймағы бұзылмаған қазақы мәдениеттің қасиетті ордасы – Сыр елінің орны бөлек,– деген облыс басшысының лебізі кеңеске жиналған көптен қызу қолдау тапты. 

Бүгінгі жиынға облыс әкімі ғана емес, Мемлекет басшысы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі және осы бағдарламаның әр тарауы мен әр қадамын шын жүректен жақтаушы, жанашыр азамат ретінде ке­ліп тұрғанын айтып өткен өңір же­тек­­шісі жастарымыз басымдық бе­ре­тін құндылықтардың қатарында білім әр­дайым бірінші орында тұруы қа­жет­тігін жеткізді. Елбасы ұсынған жа­ңа­ру қағидасын ой елегінен өткізіп, қо­рытынды жасау жалпы қоғамның, со­ның ішінде білім беру жүйесінің өте маңызды дүниетанымдық, әдістемелік және рухани міндетінің бір бөлігі екендігі жайлы пайымды пікір білдірді. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын іске асыру тетіктері ретінде Мемлекет басшысы 6 арнайы жоба ұсынғанын айтып өтті. 

Сол 6 жобаның мазмұны мен мін­дет­терін білу және терең түсіну ұстаздар ор­та­­сы үшін өте маңызды. Өйткені, ал­дағы жыл­дары еліміздің қоғамдық саяси және білім беру мен тәрбие жұмысының өзегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болады, деді облыс басшысы. 

Кеңесте облыстағы білім саласының жа­ңа­лығы мен жетістігі, жүзеге асуы тиіс жұ­мыстар жайлы да айтылды. 

Бүгінде облыста мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі аясындағы жұмыс­тар­дың дені осы білім саласына қатыс­ты бо­лып отыр. Осының арқасында қазір Ел­­басы бастамасымен қолға алынған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дей­інгі тәрбие және біліммен қамту бағ­дар­­ламасы аймақта толық орындалды. Облыс, аудан орталықтарымен қатар ауыл­дарда да балабақша қатары көбейіп, ке­рісінше сәбиін орналастыру кезегін сарыла күткендер азайды. 

Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап аймақта апатты мектеп деген ұғым атымен жойылды. Өткен оқу жылы 13 мектеп жаңадан пайдалануға беріліп, ел мәре-сәре болған еді. Ал жаңа оқу жылының қар­саңында Арал, Қазалы, Қармақшы ау­дан­дарындағы апатты жағдайдағы 11 мек­теп жергілікті бюджет есебінен, Жаңа­қор­ған ауданындағы 300 орындық 2 мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайта салынды. Сонымен қатар, бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен 300 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар келесі жылы қолданысқа берілмек. 2018 жылы тағы 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланған.

Білімнің қай кезде де бәсі биік. Сон­дық­т­ан да, оған бөлінетін қаражат үлесі жө­­нінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы ел­дердің санатында тұр. Ал аймақтар ара­сында бұл көрсеткіштен Қызылорда об­лысы көш бастап келеді. Мысалы, 2015 жы­лы 63,9 млрд теңге болған сала бюд­же­ті былтыр 70 млрд-ға жетті. Ал биыл 89,3 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл облыс ұстаздарының ұлттық салт-санаға жаңа сапа берудің, өскелең ұрпақты жаңаша тәрбиелеудің тұжырымдамалық тұғыры саналатын рухани жаңғыру аясында атқарар жұмыстарына тың серпін бермек. 

Елбасы жаңа құндылықтар санатын­да­ғы сананың ашықтығы да білім беру жүйе­сі арқылы қалыптасатынын айтты. Демек, барымызбен базар болып, бұй­ығы тартуға болмайды. Біздің қоғам да әлемнің қарқынды өзгерісіне ілесетіндей сергек, өзгеріске бейім болуы тиіс. «Көп білген көптен озады» демекші, осы өзге­ріс­терге кең өріс ашатын басты құрал ағыл­шын тілі болмақшы. Кеңесте мектепте ағылшын тілін оқытуды жүйелеу туралы да жан-жақты айтылды. 

Соңғы үш жылда облыс түлектері ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары балл жинап, республикадағы үздік бес­тікке еніп отыр. Мәселен, был­тырғы оқу жылында мектеп бітірген 6 564 түлектің 95 пайызы колледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гран­ты және ақылы негізде білімдерін жал­ғастыруға қол жеткізді. Биыл 6 196 тү­лектің 4 123-і жаңа форматтағы ҰБТ сы­нағынан өтіп, орташа 82,4 балмен рес­пуб­лика бойынша білім деңгейлерінің жо­ғары екендігін тағы бір дәлелдеді.

Жоғары оқу орындарына жолдама алған түлектердің үлесі жөнінен Сыр­дария, Қазалы, Жалағаш аудандары үз­дік­тер қатарынан көрінді. Ендігі міндет – қал­ған бітірушілерді түгелдей кол­ледждер­де білім гранты негізінде, уни­вер­си­теттерде ақылы негізде оқуға тарту. Бұл ба­ғытта да бітірушілерге көп мүмкіндік жасалған.

Рухани жаңғыруды өзек еткен конференцияда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясының вице-пре­зи­денті М.Мұқатаева 2017-2018 оқу жылын­да білім беруді ұйымдастырудағы жа­ңа­лықтар туралы айтты, «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымы­ның Білім беру бағдарламалары ор­талығының директоры Жанар Әбділдина 2, 5, 7-сыныптарда жаңартылған білім беру мазмұнын енгізудің ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. 

Конференция қорытындысында бір­қатар ұстаз «Ы.Алтынсарин», «Білім бе­ру ісінің құрметті қызметкері» төсб­ел­­гі­лерімен, министрліктің Құрмет гра­мо­тасы­мен, облыс әкімінің Алғыс хаты­мен марапатталды. Ал Қызылорда қа­ла­сын­да­ғы С.Толыбаев атындағы №3 мектеп-ли­цей «Үздік орта білім ұйымы» атағын ие­леніп, облыс әкімі Қ.Көшербаев ұжым басшысы Меруерт Әбдіхалықоваға 17 млн теңге сыйақы сертификатын табыстады. 
Ұлы мұрат – рухани жаңғыру жолын­да­ғы білімнің салтанат құруында Сыр өңірі­нің ұстаздар қауымы отан­дас­та­ры­мыз­дың алдында өнеге көрсетіп, алдыңғы қа­тардан табылуы тиіс.

Конференция түйіні осы болды. 

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Данияр Саламат

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрболат Аманжол

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ерболат Қуатбек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Нұрлыбектің домбырасы

Руханият • Кеше

«ХАТ ҚОРЖЫН»

Қазақстан • Кеше

Күлкі керуені

Руханият • Кеше

Қыз әулие

Руханият • Кеше

Қайталанбас қымыз дәмі

Қазақстан • Кеше

Рухани жаңғырған ауыл

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар