01 Қыркүйек, 2017

Әлемді өзгертетін сөздер

2204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда соңғы жеті жыл бойы қыр­күйек айында ерекше дайын­дық­пен өткізілетін конференция би­ыл 24 қыркүйекте өтеді. Оны біле­тін­дерден гөрі, білмейтіндер көбірек си­яқты. 

Әлемді өзгертетін сөздер

Бұл несімен ерекшеленеді, неге бұл туралы айтқым келеді, неге Қазақ­стан­дағы бар адам бұл жиын туралы бі­ліп, оның идеясымен жігерленсе, қызық­са, үміттенсе, рухтанса деймін? Сіз бір жыл ішінде дүние жүзі елдерінің ағыл­шын тіліне аударылған кітаптарын оқып шыққан адамды танисыз ба? Ал Африкадағы ауылын арыстандардан қорғап, арыстандардың өздерін де өлімнен құтқарып қалған адамды ше? Аулаңызда орман өсіруге болады десе, сенесіз бе? Ал микроскопты өз қолыңызбен жасап шыға аласыз ба? Бұдан өзге ғылым, технология, ди­зайн, өнер, білім және басқа сала­лар­да өз үлесін қосып жүрген мың­да­ған адамның ойымен TED және TEDх форматы арқылы таныса аласыз. TED (Technology, Entertainment, Design) дегеніміз – қысқа, әсерлі сөз сөйлеу. 1984 жылдан бастау алған, қа­зір дүние жүзінің 100 тілінде түрлі та­қырыпта жүргізіледі. Жұрт алдына шы­ғып сөйлейтін әр адамға тек бір тал­ап қойылады: әлемге айтар ерекше ойы болуы және ол жүзеге асырылған, айна­ласын, ортасын, қауымдастықты өзгертуге, көркейтуге, жетілдіре түсуге бағытталған болуы керек. Әдетте таны­мал адамдар көп, бірақ ерекше ойы, идеясы болмауы мүмкін. Сон­дық­­т­ан, TED, TEDх конференцияла­рына танымал ғалымдар, инженерлер, биз­нес­мендер, салалық мамандармен қа­тар қарапайым, өз ісіне берілген адам­дар да көптеп шығып жатады. Осы орайда TED кураторы, таратуға тұрарлық идеяның таратылуына үлес қосып жүрген Крис Андерсеннің «TED Talks»  атты кітабын атап өткім келеді. Кітапта Крис Андерсен TED-те сөйлеуге қойылатын талаптармен бір­ге TED-тің өзімен бірге ала келген ерек­шелігін де сипаттайды. Бұл кон­фе­­ренциялар жұрт алдында сөйлеу өнері­не өзгеріс енгізді деуге болады. Сө­зің­ді ойластырып, тыңдаушыны 18 ми­нут бойы қызығушылықта ұстау, ен­ді не болар екен деп еліту екінің бірі­нің қолынан келмес. Бірақ осылай­ша сөзіңді қызықты дайындауға үй­ре­ну­ге болады. Бұл үшін бүгінге дей­ін сөй­леген адамдардың сөзін тың­дап, оқу­дың қажеті болмас, бірақ тың­да­саңыз ойды жеткізудің басқа да жол­дары бар екеніне көзіңіз жетеді. Әр сөйлеуші ерекше ойымен, ойын жет­кі­зетін шағын және шынайы оқи­ға­ла­рымен есте қалады. Олар бір-біріне ұқсамайды. Крис Андерсен «идея»  сөзін кең мағынада қолданады. Идея тек ғылыми жаңалық немесе өнер­табыс емес, кейде бұл бір нәрсені қа­лай жасауға болатынының сипатта­масы да болуы мүмкін. Шынайы оқи­ға­мен берілген адамның көрегендігі иә ойының қырағылығы да болуы кә­дік. Идея арқылы адамның әлемді қабылдауын өзгерте аласыз, өзіңізге ма­ңызды идеяны басқалардың санасына жет­кізе алсаңыз, сіз нағыз әлемнің жеті кереметі сияқты ғажайып дүние жасайсыз. Тыңдап отырған адамдарға ерекше сый ұсынасыз, сіздің ой-дүниеңіздің бір бөлігі оларға ауысады. Кристің мына ойына құлақ асып көріңізші: «Жақсы сөз сөйлеу саяхат сияқты, ол саяхатқа сөйлеуші мен тыңдаушы бірге аттанады. ...Сөйлеуші экскурсия жетекшісі не­месе жол көрсетушідей тыңдаушыға т­ү­сінікті нәрседен бастауы керек. ...Сіз­д­ің саяхатыңыз зерттеу, түсіндіру, сен­­діру, тыңдаушының көзін жеткізу та­ғы сол сияқты нәрсе болса да, ең бас­ты мақсат – тыңдаушыны өте әдемі, жа­ңа жерге алып келу» . Яғни, сөз бас­тағанда сөйлеуші айтатын нәрсесі ту­ра­лы бәрін біледі, ал тыңдаушы әлі еш­нәрсе білмейді. Ал сөйлеуші сөзін аяқ­тағанда тыңдаушы оның білгенін өзі­не сіңіріп, жаңа ойлармен қуаттанып, жа­ңа әрекеттерге құлшынатындай әсер алады. 

Егер болашақта TEDх сияқты ко­н­­фе­ренцияларда идеяларыңызбен бө­ліс­кіңіз келсе, мына сұрақтарға жауап бе­ріп көріңіз: Бұл тақырып мен үшін ма­ңызды ма?; менің және айналамдағы адамдардың қызығушылығын тудыра ма?; тыңдаушымен бөлісетін білімді ал­ғысы келе ме?; айтар ақпаратым жа­ңа­лық па әлде бұл тақырыпты бәрі біле ме?; ұсынылған уақытта тақы­рыбымды жақ­сы мысалдармен айтып бере аламын ба?; тыңдаушылардың уақытын ала­тындай білімім терең бе?; сөйлейтін сөзімнің тақырыбын 15 сөзбен жеткізе аламын ба?; осы 15 сөз адамдарға әсер етіп, сендіре ала ма?

Жұрт алдында әсерлі сөз сөйлеу тек сезімге бағытталған емес, сіздің сөзіңіз тыңдаушының білімін кеңейтіп, әрекетке жетелеуі немесе ойландыруы ке­рек. Біз екі түрлі нәрсе туралы айта ала­мыз: мәселе және идея. Мәсе­ле туралы айтқанда «Бұл сұмдық емес пе?»  деген ой келсе, идея тура­лы айт­қан­да «Бұл керемет және қы­зы­қ емес пе!»  дейміз. Ал не туралы айт­қы­ңыз келеді, тыңдағыңыз келеді, бұл – сіз­дің шешіміңіз. Дұрыс таңдау жа­сай­­тыныңызға сенімдімін. 

Бақытгүл CАЛЫХОВА,
Педагогика ғылымдарының кандидаты