01 Қыркүйек, 2017

Құлымбет әулие кесенесіндегі құпия

1418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өлкенің тарихын, ұлан-ғайыр далада кімдер өтк­енін білгісі келетін, содан өзіне рухани дүние ала­тын адам ұлтына қарамайды. Арқалық қала­сындағы «Жасұлан» балалар мен жасөс­пірім­дер орталығының аға қызметкері Игорь Роговой – осы өңірдің тумасы. Жастайынан ауылда ақсақалдардың әңгімесін тыңдап өскен. Қазақ тілін жүр­гізіп сөйлеп кетпесе де, таза түсінеді. Ең қы­зығы, Торғай өңірінің тарихын бір кісідей білемін дей­тіннің бірі. Өйткені, он шақты жылдан бері Тор­ғай өңірін аралап, тарихи орындарды суретке тү­­сір­ген, кәсіби фотограф. Тамыз айында Кейкінің табаны тиген жерлерге «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастырған баспасөз турында сапарлас болғанымызда Игорь Иванович өзін әулиелер кесенесі қызықтыратынын айтқан еді. 

 

Құлымбет әулие кесенесіндегі құпия

– Бұл далада кімдердің ізі қалмаған дейсіз? Әулие атанған жандарды жұ­рт неге ұмытпайды? Қайта жылдар өт­кен сайын халық оларды іздейтін се­кілді. Маған осы жұмбақ көрінетін. Осыдан 3-4 жыл бұрын Арқалық қаласына қарайтын Қайыңды ауылынан жеті шақырым жерде орналасқан Құлымбет әулиенің мазарына бардық, сонда байқаған құбылыстан кейін халық жадынан кетпейтін әулиелерде бір қасиеттің, құпияның болатыны рас деген ойда қалдым, – дейді Игорь Иванович.

Ол былай болған екен. 2013 жы­лы жазда Арқалық қаласындағы «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер орта­лығы Торғай өңірінің Арқалық төңірегіндегі тарихи орындарға экспедиция ұйымдастырады. Оның құрамы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдерінен, бірнеше фо­тограф пен суретші жастардан, жур­налистерден жасақталады. Кесе­не­нің ішіне кірген соң фотографтар әдеттегідей жағалай суретке тү­сіреді. Арқалыққа қайтып оралған соң, жас фотографтар суреттің сапа­сыз түсірілгені туралы Игорь Ивановичке айтып, жұмыстарын әкеліп көрсетеді. Ол бірінен кейін бірі келген фотографтарға фотоаппараттарын дұрыс дайындамағанын, мүмкін ақау болғандығы жөнінде болжамдарын айтады. Сосын дереу өзінің тү­сірген суреттерін қарайды. Қызық бол­ғанда, өзінің жұмыстарының да өз­ге фотографтар түсірген суреттерден айырмасы болмай шығады. 

– Барлық суреттерде шарға ұқ­сас дөң­гелек ақ дақтар бар. Олар кесе­не­нің күмбезінде, ішінде жүрген адамдардың басында, жүрек, бүйрек тұсында орналасқан. Мұны экспедицияны қорытындылаған отырыста талқылап айттық та, қойдық. Ал арамыздағы Юра деген жігіт осы жайды жазып, суретімен интернетке салыпты. Ол көпшілік назарын аударады, талқылауға көптеген кісілер қатысты, болжамдарын айтты. Соның ішінде маған «бұл энергетиканың қу­аты, шар секілді ақ сәуле-дақты үл­кейтіп көріңдер, ішінде зарядты көр­есіңдер, ол қуатты энергетика» деген пікірдің жаны бар сияқты. Біз ақ дақтарды үлкейтіп қарап көрдік, ра­сын­да ақ дақтың іші шар секілді мөл­дір емес, түрлі-түсті, ішінде бір нәрсе бар секілді әсер береді, – дейді Игорь Иванович.     

Құлымбет әулие ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысында өмір сүрген. Ол көзінің тірісінде-ақ әулиелігімен аты шыққан, аруақты кіс­і болыпты. Оған денсаулығы на­шар­лаған адамдар келіп, емделеді екен. Көзі кеткен соң да ауырған, басы­на іс түскен адамдар оның маза­рына келіп, дертіне шипа, жанына ме­дет табады, тілек тілейді. Осы кө­рініс әулие мазарынан бүгінге дейін үзілмейді. Ел арасында оның әулиелігі ту­ралы әңгімелер де көп сақталған. Қа­зір қайыңдылықтар Құлымбет әу­лие мазарынан таңғаларлық құбы­лыс­­тарды байқайды. 2000 жылы Қайыңды ауылы маңайында дала өрті тұтанады, қызыл жалын бой бермей, мал шығынына дейін болады. Сонда даланы қарақұйқалақ еткен өрт Құлымбет әулие мазарына жа­қын­да­ғанда сөніп қалады. Ол жерде еш­қандай өртке қарсы шара болмайды, жер де жыртылмаған. Кейінгі жылдары да дала өрті болғанда әлгі құбылыс тағы қайталаныпты. 

«Табиғаттың біз білмейтін құбы­лыс­тары көп қой» деген Игорь Иванович Құлымбет әулие мазарында бір құпияның барлығына сенеді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»  
АРҚАЛЫҚ
Суретте: Құлымбет әулие кесенесінің сыртқы көрінісі.