18 Қазан, 2011

Тату көршіліктің куәсі

343 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекарасының шебінде Бөкей ханның кесенесі ашылды   Бұған дейін газетімізде хабарланғанындай, Елбасының тапсырмасымен қолға алынып, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің басшылығымен, бір топ қазақстандық азаматтардың қаржылай кө­мегімен іске асырылған ізгілікті құрылыс –Бө­кей хан Нұралыұлының кесенесі Ресейдің Ас­трахан облысының Краснояр ауданындағы Кішіарал ауылы аумағында салтанатты жағ­дайда ашылды. Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауыт­бек Тұрысбеков, Атырау облысының әкі­мі Бергей Рысқалиев үшеуі бастап, кесененің беташар салтанатына Ресей мен Қазақстанның көр­шілес өңірлерінен жиналған қалың қауым Қиғаш өзені үстіндегі жүзбелі көпір арқылы Кішіарал ауылына өтіп, қасиетті орынға қарай бет алды. Қонақтар Бөкей хан кесенесіне бұ­рыл­мас бұрын ханның рухани ұстазы – Сейіт баба зираты басында тізе бүгіп, тәу етті; ел таныған қасиетті әулие адамның рухына арнап құран оқылды. Салтанатты рәсімді Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин ашты. Ол өз сө­зінде екі ел халықтарының ежелгі достық байланыстарын одан әрі шыңдай түсетін тү­бе­гей­лі сәулеттік туынды – Бөкей хан кесенесінің Ресей топырағында бой көтеруі Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың қамқорлығымен жүзеге асы­рылған маңызды жоба екенін айта келіп, қазақ халқы үшін ғана емес, көп ұлтты Ресей жұрты үшін де ерекше тәрбиелік мәні бар тарихи ескерткіштің пайда болуына атсалысқан барша қазақстандықтарға ризашылығын білдірді. Әсі­ресе Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбековтің осынау халықаралық құ­ры­лыс­тың шын мәніндегі «прорабы» болғанын ай­рық­ша атап көрсетті, соның айғағы ретінде Қа­зақстан елшісіне облыс губернаторы өз атынан алғыс хат табыс етті. «Бүгінде Астрахан өңі­рін­де 130-дан астам ұлттар тату-тәтті өмір сү­руде. Бұл бәрімізге ортақ жер, біздің тағдыр-тарихымыз бір. ХVIII-ХIХ ғасырлар шебінде халқының басын біріктіп, Ресеймен тығыз қа­рым-қатынас орнатқан Бөкей ханның есімі мен ісі мәңгі өлмейді, өміршең өзара достығы­мыз­дың бастауында нақ осы Бөкей сынды тарихи тұлғалар тұрады. Астрахан топырағында бой түзеген Бөкей хан кесенесін шығыстың дәс­түр­лі классикалық үлгідегі туындысы деуге бола­ды. Мен бұл кесененің біздің аймақ үшін тағылымы мол тамаша ғимарат болатынына сенімдімін», деді облыс губернаторы. Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков өз сөзінде қасиетті халықаралық жобаның Елба­сы­мыздың тікелей тапсырмасымен қолға алын­ға­нын айрықша атап көрсетті, бұл игілікті іске туған халқының тарихына шын мәнінде құр­метпен қарай білетін отандастарымыздың шын ниетімен қатысқанына тоқталды. Сонымен бірге өзара достықтың өнегелі ескерткіші – Бөкей хан кесенесін салу жөніндегі елшіліктің алғаш­қы ұсыныс-бастамасын Ресей тарапының ықы­лас­пен қабылдағанына ілтипат білдірді. «Қазақ тарихында Бөкей ханның орны қашанда оқшау тұрады. Кешегі кеңестік заманда ата тарихын білмей өскен ұрпақтар мемлекеттік тәуел­сіз­ді­гіміздің арқасында ғана осынау ұлы ханның ұлты үшін жасаған жақсылығын енді сезіп, енді біліп жатыр. Бөкей хан Еділ мен Жайық ара­сына алаштың ордасын орнату арқылы қа­зақ­тың сол кездегі мемлекеттік құрылымының шекарасын кеңейтті, азиялық халықты Еуропа шең­беріне бастап келіп, еуразиялық тұтастық­тың алғашқы іргетасын қалады. Бөкей хан кесенесі бүгінгі адамдар үшін ғана емес, келесі ұрпақтардың тату-тәтті бақытты өмірі үшін де аса қажет. Бөкей хан өзінің дипломатиялық ше­бер­лігінің арқасында бүгінде қойнауы мұнай мен газға, айдыны балыққа толы ұлан-ғайыр аумақты ұрпағына аманаттап кетті», деді ол. Сондай-ақ елші Астрахан облысының губер­на­то­ры Александр Жилкиннің Бөкей хан кесенесін салу жөніндегі ұсынысқа ерекше ықылас танытқанын, кесененің алғашқы іргетасын қалау рәсіміне тікелей өзі келіп қатысқанын айта келіп, оған барша отандастарымыз атынан ризашылығын білдірді. Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев өз сөзінде Бөкей ханның есімі мен ісіне және Елбасы тапсырмасымен бой көтерген келісті кесененің екі ел арасындағы достық байла­ныс­тарды нығайтуға қызмет ететін ерекшелігіне жұртшылық назарын аударып, шекаралас өңір­лердегі интеграциялық үдерістер барысын кеңі­рек баяндады. «Бөкей хан – Қазақстан мен Ресей тарихында елеулі орын алған сұңғыла қайраткер. Оның тікелей бастамасымен ХІХ ғасырдың басында құрылған Ішкі қазақ ордасы мемлекеттілігіміздің қалыптасуындағы маңыз­ды кезең болды. Арада жүздеген жылдар өтсе де, Ресей мен Қазақстан, Астрахан мен Атырау достықтың, ынтымақтастықтың айнымас мекені болып қала береді», деді ол. Астрахан қазақтары атынан сөйлеген об­лыс­тағы Қазақ мәдениетін дамыту қорының төр­ағасы Никита Ысқақов ел мен елді жал­ға­ған Бөкей хандай ұлы тұлғаны бүгінгі ұрпақтар ешқашан ұмытпай, ұлықтай беретіндігін сал­танатты лебізінің арқауына айналдырды. Хан зиратын көруге жиналған қалың жұрт­шылықтың қатысуымен Бөкей хан Нұралыұлы рухына жеке құран бағышталды. Сәнді са­лын­ған тарихи ескерткішті таныстыру сәті осы жобаны жүзеге асырушылар мен мамандардың Бөкей хан кесенесінің сәулеттік және құры­лы­с­тық ерекшеліктері туралы маңызды әңгі­ме­лерімен жалғасты. Осы іс-шара аясында атыраулық жебеуші-демеуші азаматтардың бастамашыл тобын бас­қарған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Аты­рау облыстық басқармасының бастығы Мұ­хит Ізбановқа Астрахан облысының губер­на­торы А.Жилкин өз атынан алғыс хат тап­сыр­ды. Мұхит Кәрімұлының Бөкей хан кесенесін салуға сіңірген еңбегі туралы газеттің бұдан бұрынғы жарияланымында да айтылып еді. Енді оның осы жобаны жүзеге асыру жолында аян­бай атқарған адал ісін Ресей тарапы да танып, лайықты бағалағаны салтанатты рә­сімге жиналған жұртшылықтың шын ризашы­лы­ғын тудырғанын айтып өтуді басты бір парызымыз санадық. Сонымен бірге, Бөкей хан кесенесін тұр­ғы­зу ісіне айрықша атсалысқан Астрахан облы­сы­ның губернаторы А.Жилкинге, Атырау об­лысының әкімі Б.Рысқалиевке, Сенат депу­та­ты С.Еңсегеновке, Мәжіліс депутаты Б.Қо­нарбайға, «Қазтрансойл» компаниясының бас директоры Қайыргелді Қабылдинге және осы­нау ізгілікті перзенттік мақсат жолына маңдай тері мен адал еңбегін жұмсаған Мұхит Ізбанов, Аманжан Рысқали, Амангелді Барақатов, Әбдібек Бисенов, Орынғали Әлдекенов, Әділ Жұбанов, Мұрат Жақабаев, Оразалы Іздібаев, Фердинанд Мамонов, Самат Ғилымов сынды белгілі азаматтарға Қазақстанның Ресейдегі елшісі З.Тұрысбековтің шынайы ризашылығын білдірген алғыс хаттары берілді. Бұдан кейін Ресей тарапы жиналған қау­ым­ды аталған іс-шараға орай қаз қатар тігілген қа­зақ­тың киіз үйлеріне шақырып, Бөкей хан құр­ме­тіне ас берді. Кесененің ашылу салтанаты Атырау және Астрахан облыстары шығар­ма­шылық ұжымдарының облыс орталығында ұйымдастырылған бірлескен мерекелік концертіне ұласты. Жұртшылық алдында Қазақстан елшісі мен облыс губернаторы сөз сөйледі. Бөкей хан кесенесінің ашылуына алыс-жақыннан келген ағайынның қай-қайсысы да ризашылық танытудан тартынған жоқ. Мә­се­лен, Астрахан облысы Краснояр ауданының аза­маты Кендебай Мәтбеков: «Ресейде тұр­ға­нымызбен, Қазақстанның дүние жүзіндегі зор беделін, жалпы қазақ халқының күллі әлемдегі жақсы атағын естігенде жүрегіміз жарыла қуанамыз. Қазақ елінің қандай жетістігі болса да, біз үшін аса зор қуаныш. Қазақстан жақтан бір қуанышты хабар жетсе, бүйрегіміз бүлк ете түседі. Қазақстанның Ресейдегі елшісі бастап, қазақтың жомарт жүректі жігіттері қостап, Бөкей ханға кесене тұрғызуды қолға алды дегенде, марқайып қалдық. Бұл осы өңірдегі халықтың көптен күткені еді. Міне, бүгін сол кесененің ашылғанына куә болдық. Шынымды айтсам, Бөкей хан кесенесі Ресейді мекендейтін барша қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан игілікті іс болды», дейді ағынан жарыла. Иә, екі елдің шекаралық шебінде мәңгілік мекенін тапқан Бөкей хандай асыл сүйекті ардақты тұлғаның аспанмен таласқан көрікті кесенесі – қазақтың шежірелі тарихына, елі үшін еміренген есіл ерлеріне көрсетілген құрметтің белгісі һәм қазақ-орыс жұртының тату-тәтті көршілік хақының куәсі. Серікқали БАЙМЕНШЕ, Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Краснояр ауданы, Кішіарал ауылы.
Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51