Өте ұйымшыл, мықты командадан ұтылдық. Черногория барлық жағынан мықты болды. Футболда соғылған голдардың 60 пайызы стандартты жағдайдан кіреді. Ал стандарттық жағдай – біздің ең осал тұсымыз. Дайындықта көп жаттыққан едік. Бірақ ойын кезінде қарсыласымызға тосқауыл бола алмадық.
Бізге не болғанын білмеймін. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз де болды. Бірақ сәттілік жолдас бола қоймады. Черногория әлем чемпионатына шығу үшін жанталасып жатқан команда. Бүгін олар барын салды.
- Ұлттық құрамаға футболшыларды іріктейтін кезде қандай жайтты алға қоясыздар? Жартылай қорғаушылар мен қорғаушылар бір-бірін мүлдем түсінбейтіні анық байқалады.
- Менің ойымша, ұлттық құрамадағы жігіттер – Қазақстан премьер-лигасының үздік ойыншылары. Бүгін өздерін бар қырынан көрсете алмаған шығар, бірақ жекелеген эпизодтарда ерекшеленіп жатты. Ойыншылардың бір-бірін түсінбеуі психологиялық тұрғыда да әсер етіп жатыр. Бірақ та Черногория ойыншылары әлемнің үздік командаларында өнер көрсететінін ұмытпаған жөн. Сондықтан олардың халықаралық тәжірибесі де көбірек. Бізге осы жағы да жетпейтін сияқты. Жаттығу кезінде деңгейіміз басқа болғанымен, алаңда ашылып көрсете алмай жатыр. Егер мүмкіндіктерімізді пайдаланғанда жағдай мүлдем басқа бағытта өрбитін бе еді!?
- Команда мүмкіндіктерін пайдалану жағынан ақсап тұр. Алдағы уақытта осының орнын қалай толтыруға болады? Сондай-ақ, екінші таймда әуедегі допқа таласа алатын ұзын бойлы футболшылардың бірін жіберу керек пе еді?
- Сол мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалануымыз керек еді. Жаттығу кезінде дайындалатын боламыз. Команда осындай қиын ұжымдармен өткізген ойындарда шыныға түседі.
Сонымен қатар, алғашқы таймда Жуковтың жарақаты алаңның орталық тұсына қиындық тудырды. Шабуыл мен қорғанысты байланыстыратын бірден бір ойыншы сол болатын. Оның үстіне Қуатпен «Қайратта» ойнағандықтан, бір-бірін жақсы түсінер еді.
Ал ұзын бойлы шабуылшыға келер болсақ, бәлкім шығаруым керек пе еді?! Бірақ олардың қақпашысы, орталық қорғаушылары өте тәжірибелі екенін де ұмытпаған жөн.
– Орталық шабуылда ұзын бойлы шабуылшы болмады, бірақ қапталда ойнаған жігіттер допты тым көп әуелетіп берді. Осы кезде не нәрседен үміттендік?
– Мұндай тапсырманы нықтап бермеген едік. Бәлкім жігіттер қатты қобалжыған болар. Біз негізінен қос қапталдан шабуылдауды жөн көрдік.
– Өткен жылы біз Польшамен, Румыниямен тең ойнадық. Бір жыл ішінде команданың ойыны құлдырап кеткені ме, әлде басқа да себептер бар ма?
– Шынымды айтсам, бұл сұраққа жауап беруім қиындау. Мүмкін назардан тыс қалдырған өзге де жайттар бар шығар. Ал бүгінгі жеңілісімізге өзімді толықтай кінәлі екенімді мойындаймын.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»