Салтанатты жиынға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Мәскеу, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан келген қонақтар, соның ішінде ғалым, Н.Оңдасыновты зерттеуші Қанат Еңсепов, Нұртас Оңдасынов туралы үш кітаптың авторы Гүлсім Оразалиева, қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, сот жүйесінің ардагері Бекет Тұрғараев, Нұртас Ондасыновтың немерелері мен туыстары, ел ағалары мен аймақ ардагерлері қатысты.
Нұртас Ондасынов саналы ғұмырында халқына аянбай қызмет етті. Қазақ ССР Үкіметінің Төрағасы, Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Төрағасы, Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Саналы ғұмырының 25 жыл өмірін совет-партия қызметіне арнады. Хрущев заманында Қазақстанды бөлшектеу саясатына қарсы тұрды. Мұнай іздеуге салған тиымға қарамастан, Маңғыстау мұнайын ашқан көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, зейнетке шыққаннан кейін үш томдық Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктердің авторы.
- Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында туған жерін түлеткен, Атамекенінің өсіп-өркендеуіне ат салысқан тарихи тұлғалардың тағдарына басты назарды аударды. Оларды білімді ұрпаққа тәлім-тәрбиенің көзі етіп көрсетті. Ақпарат заманында олардың есімдері біздердің рухани қазынамыз болсын деп баса айтты. Ал тау алыстаған сайын биіктей түседі. Нұртас Ондасыновтың жұлдызы уақыт өткен сайын жарқырай бермек. Осы мектептің оқушылары Нұртас Ондасыновтың атына лайықты азамат болады деп сенемін. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жетістіктер мен жаңа бастамаларына сәттілік тілеймін,-деген Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов Ақтау қаласының №5 орта мектебіне теледидарды сыйға тартты.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы