18 Қазан, 2011

АСТАНА-БЕРН: Ядролық қарусыз әлем үшін

401 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақ­стан парламентшілері жексенбі күні Швейцарияның Берн қала­сына келіп, сол күні Парламентаралық Одақ Ассам­блея­сының ме­рейтойлық 125-ші отырысының ашылу сал­та­натына қа­тысты. Берндегі Қазақстан делега­ция­сының құрамында Мәжіліс депу­тат­тары Бағила Баймағамбетова, Әм­зебек Жолшыбеков, Ерлан Нығ­матулин және сенатор Ермек Жұ­ма­баев, Парламент Мәжілісі Ап­паратының басшысы Ерген Дошаев және басқалар бар. 1889 жылы іргесі қаланған Пар­ламентаралық Одақ – әлем пар­ламентшілерінің іс-әрекетін үйлес­ті­ру қызметіне арналған халық­ара­лық ұйым. Ол саяси талқылауларға арналған алғашқы халықаралық ұйым ретінде жұмысын бастаған. Парламентаралық Одақ БҰҰ-да бай­қаушы мәртебесіне ие. Осы ұй­ым­ның 125-ші отырысының ашы­луында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның құттықтау сөзі оқыл­ды. Сонымен қатар, Парламент­ара­лық кеңестің президенті Тео-Бен Гу­рирабтың құттықтауы жария етілді. Ол – Намибия Ұлттық ас­сам­блеясының төрағасы. 2011 жылы 157 елдің парламенті ұйым­ға мүше болып табылған екен. Бастапқыда Одаққа мүшелікке бірқатар депутаттар өтіп, келе-келе Парламент түгелдей мүше болатын болған. Парламентаралық Одақ төрағасы үш жылға сайланады. Парламентаралық Одақ алға­шында бейбітшіл шығармашылық жүйеде айрықша орын алып, оның бірқатар қайраткерлері әлем­дік Нобель сыйлығымен мара­пат­талған. Берндегі ПАО Ассам­блея­сының мерейтойлық ашылуында бейбітшілікті нығайту мен жаһан­дық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі үндеулер жария етілді. Адамзатты толғандырып отырған осы мәсе­ле­ні талқылау Ассамблея шеңберінде өткен «Ядролық қару – апатқа әке­ле­тін жол» тақырыбындағы пікір­та­ласта жалғасын тапты. Қазақ­стан делегациясы жуырда ғана Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы­ның жалынды лебін ала келгендей әсер етті. Әлемді ядролық қаруға қарсы күресте бірігуге шақырған Астана Декларациясы Бернде үндестік тапты. Осы алқалы басқосуда Қа­зақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұ­ха­мед­жанов баяндама жасап, ядро­лық қарусыз әлем құру ісіне Қазақ­станның қосып келе жатқан үлесі туралы ойларын ортаға салды. Мә­жіліс Төрағасы өз сөзін осы ша­раны ұйымдастырушыларға риза­шы­лығын білдіруден бастады. Жылы шыраймен қабыл алып, пікір алмасуға мүмкіндік жасаған­да­ры үшін рахмет айтты. Ядролық қаруды таратпау туралы ортаға салынған ойлар әлемде бейбітшілік орнатуға жасалған нақты бір қадам болып табылатынына сенім білдірді. Ұстанған мақсатымыз нақты және екіұдай емес, алдағы бағыттарды айқындап алуға негізделгенін бә­рі­міз де түсінуіміз керек. Біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында ядро­лық қаруды мүлдем жоямыз немесе оның ғаламшарымыз бойынша таралу ауқымы ұлғая түсіп, ерте ме, кеш пе, барша адамзат өркениетін біржола жойып жіберуге алып келеді. Осы ойларды айтқан Орал Мұхамеджанов бұл апаттың бұдан басқа жолы жоқ екенін атап өтті. 1949 жылдан бастап, біздің жеріміздегі Семей сынақ полиго­нын­да 40 жыл бойы 456 ядролық жа­ры­лыс жасалды. Екі жүйенің жа­һан­дық ядролық жанталаса қару­ла­нуының салдарынан 1,5 миллион бейбіт тұрғын атом апатының жа­зықсыз құрбандары болды. «Қа­зақ­станның ұстанымы – апатқа алып келетін ядролық қарудан біржола құтылудың басқа баламалы жолы жоқ екенін ескерту. Және ол ха­лық­тың қалауымен жүзеге асып, екі тарихи жеңіске қолымыз жетті. Біріншісі – 20 жыл бұрын Семей ядро­лық сынақ полигонының жабылуы. Екіншісі – Қазақстанның әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуе­тінен өз еркімен бас тартуы. Әлемде жарты ғасырдай уақыт бойы бір ғана үрдіс – ядролық қа­руға ие державалардың саны өсіп, ядролық қарудың географиялық аумағы ұлғая түсуі белең алды. Ядролық қуатты арттыру қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етудің бір ғана жолы деген жалған ұстаным пайда болды. Ядролық қаруы бар мемлекеттер оны күшейте түсуге ұм­тыл­ды, ал басқа елдер осы қаруға ие болуға тырысты. Сол кездің өзінде жанталаса ядролық қарулануды шектеу жөнінде ұрандар тасталды. Бірақ нақты іс-әрекеттермен негізделмеген бұл сөздер қарама-қай­шы­лығы мол әлемде ешкімге әсер ете алмады. Адамзат тарихында бірінші болып ядролық сынақ аймағын жапқан, қуатты ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тарқан және сол арқылы жаңа жаһандық үрдістің негізін қалаған Қазақстан жер жаһанға іс жүзінде үлгі көр­сетті», деді Орал Мұхамеджанов. Семей сынақ полигонының жұ­мысын тоқтату үшін Қазақстанға және оның Көшбасшысы Президент Н.Назарбаевқа қуатты әскери-өнеркәсіп кешенінің және кеңестік мықты держава басшыларының қарсылықтарын еңсеруге тура келді. Ядролық қарудан бас тарту туралы шешімнің тағдыры да өте күрделі болды. Мәжіліс Төраға­сы­ның пікірінше, біз ядролық оқ­тұмсықтардың көзін жойып қана қойған жоқпыз, жаппай қырып-жоятын қару ғана күш береді, әлемді күштілер ұстап тұрады деген қалыптасқан жаһан­дық қауіп­сіз­дік туралы көзқарасты түбірімен өзгерте алдық. Бүгінгі таңда осы бір ұғымды терең ұғынатындардың қатары арта түсуде. Соның арқасында жаңа көріністің күш алғанын, яғни яд­ро­лық қарудан азат елдердің аумақ­тары ұлғайып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондай аумақтың бірі Орталық Азияда қалыптасты. 2006 жылы Қазақстан, Қырғыз Респуб­ли­касы, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Біздің еліміз ядролық қа­терді таратпау және азайту мақ­сатындағы жаһандық үдеріске белсенді қатысып келеді және алдағы уақытта да атсалысады. Мемлекетіміз Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, барлық ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі шартқа қосылды. Қазақстан БҰҰ жүйесі шең­бе­рінде әзірленген лаңкестік әрекет­тер­ге қарсы тұру жөніндегі барлық 13 халықаралық конвенцияның қа­тысушысы болып табылады. Со­ның ішінде ядролық лаңкестік актілерімен күрес жөніндегі конвенция да бар. Біздің еліміз «Ядролық қа­терді қысқарту бойынша бастама» америкалық қорының ұсынған Атом энергиясы жөніндегі халық­ара­лық агенттігі (МАГАТЭ) ая­сын­да ядролық отынның халықаралық банкін құру идеясына қолдау білдірді және оны Қазақстан аума­ғын­да орналастыруға әзір екенін мә­лімдеді. Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастама­сы­мен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қар­сы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Қазір біз екі ұстанымның күре­сін байқап отырмыз. Бір мемлекеттер ядросыз әлем қозғалысын жақ­таса, екіншілері ядролық әлеуетін күшейтуге ұмтылуда. Бұл жерде бір ымыраға келу мүмкін емес, ядролық қарулануды тоқтата тұру және оған қарсы тұратын күштің бәрі таусылды. Ядролық қарудан толықтай азат болуымыз қажет, адамзаттың өзін өзі жойып жіберу қаупінен де азат болуымыз керек. 2010 жылы өткен Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық Саммитте Президент Нұр­сұлтан Назарбаев бір­қатар бастама көтерді. Соның ішінде Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдауға ша­қырды және Ядролық қаруларды жалпыға бірдей көлбеу және тігінен таратпау туралы жаңа шарт жасау туралы айтты. Нью-Йоркте жу­ыр­да өткен БҰҰ Бас Ассам­блея­сы­ның 66-шы сессиясы барысында Ядролық қауіпсіздік мәселелері жө­ніндегі жоғарғы деңгейде бол­ған басқосуда Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздіктің үш қа­ғи­датын ұсынды. Олар: адамзатты ядролық қарудан қорғау, ықтимал ядролық лаңкестікке қарсы бірлесе әрекет жасау, атом энергетика­сы­ның қауіпсіздігі. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, алдағы уа­қытта ядролық державалардың ондай қаруы жоқ мемлекеттерге яд­ро­лық қару қолдануына және оны қолданамын деп қоқан-лоқы жа­сауы­на болмайтындығы жөнінде мін­деттеме алуы туралы конвен­ция­ны бекіту қажет деп есептейді. Мәжіліс Төрағасы бес күн бұ­рын ғана Қазақстанда «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы болып өткенін, осы бас­қосуға қатысушылар қасіретті бастан кешкен Семей өңірінде болып, ұзақ жылғы ядролық сынақтың жан­түршігерлік зардаптарын өз көздерімен көргенін айтып өтті. Форумға қатысушылар ортақ тоқ­тамға келді. Егер біз түгелдей яд­ро­лық қарусыз әлем мәселелері жө­ніндегі келісімге қол жеткізсек және оның іс-шараларын жүзеге асырсақ, ондай бірлескен мақсат пен құндылық қауіпсіздіктің сенімді іргетасы болатыны сөзсіз. Ол ядролық қару алдындағы үрейдің орнын басып, бейбіт өмірге кепіл бола алады. Осы ойлармен сөзін қорытқан Қазақстан парламенттік делегациясының жетекшісі О.Мұ­ха­меджанов: «Бәріміз де осы мақ­сатқа жетуге ұмтылуымыз керек. Бұл жерде парламентшілердің рөлі айрықша және соған орай оларға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы жолда ядролық қарусыз әлем үшін, адамзаттың болашақ ұрпағы үшін барлық күш-жіге­рі­мізді біріктіруіміз керек», деді. Сайын ЕСМАҒИҰЛЫ,  арнайы «Егемен Қазақстан» үшін – Берннен.