18 Қазан, 2011

Түбі бір түркілер кездеседі

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше СІМ-нің ресми өкілі – Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Алтай Әбибуллаев дәстүрлі апталық брифинг өткізіп, сыртқы саясатта жүргізілетін шаралармен таныстырды. Ресми өкіл осы күндері Қа­зақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегацияның Бернде өтіп жатқан Парламентаралық Одақ Ассамблеясының 125-ші отыры­сы­на қатысып жатқандығын ха­бар­лады. Осы шараның аясында ядролық қарусыздану тақыры­бы­на арналған қызу пікір алмасу өтіп, онда негізгі баяндамамен Қа­зақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Қ.Саудабаев сөз сөйлегенін жеткізді. Ал 17-18 қазан аралығында елімізге Қазақстан-Колумбия қа­рым-қатынастары тарихында тұң­ғыш рет колумбиялық делегация жұмыс сапарымен келіп, мем­лекеттік мекемелердің бас­шыларымен және еліміздің іскер топтарының өкілдерімен кездесуді жоспарлап отырғанын журналистерге баян еткен ресми өкіл сыртқы саясаттағы өзге де маңызды шараларды хабарлады. Мәселен, 19 қазанда Санкт-Пе­тербургте Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Премьер-Министрі Кә­рім Мәсімовтің қатысуымен Еур­азиялық экономикалық қоғамдас­тық­тың Мемлекетаралық кеңе­сі­нің 31-ші және Кеден одағының жоғары органы – Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мем­ле­кетаралық кеңесінің отырыстары өтеді, деді А.Әбибуллаев. Оған ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің үкімет бас­шы­лары қатысып, экономикалық қоғам­дастықтың өзекті мәселелері мен даму басымдықтарын талқылайды. Ал 19-20 қазан күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев­тің елімізге ресми сапары болып, оның аясында екі мемлекет басшыларының қатысуымен екеуара және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Олардың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан президенттері арасында, сондай-ақ бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қою жоспарланған, деді ресми өкіл. Алдағы аптада ең басты сыртқы саяси іс-шара – бұл 20-21 қазанда Алматыда өтетін Түр­кітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің алғашқы саммиті, деген ресми өкіл саммит алдында 20 қазанда Алматыда Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың қатысуымен Түркі­тіл­дес мемлекеттер сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтетінін мәлімдеді. 21 қазан күні Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің алғаш­қы саммиті аясында Қазақстанға жұ­мыс сапарымен Түрік Республи­ка­сы­ның Премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған келеді. Түркия Үкімет басшысының қа­ты­суымен Алматы маңында қазақ-түрік лицейінің ашылуы жоспарланса, 18-19 қа­занда Измир қаласында (Түрік Рес­пуб­ликасы) Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі ке­ңестің (АӨСШК) Ар­найы жұмыс тобының (АЖТ) және Аға лауа­зым­ды тұлғалар комитетінің (АЛТК) кезекті мәжілістері өтетін болады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.