Медицина • 03 Қыркүйек, 2017

Балалар құқықтары жөніндегі қоғамдық қабылдау іске кірісті

1021 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Астанада Бейбітшілік және Келісім сарайында балалар мен жеткіншектердің қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Балалар құқықтары жөніндегі уәкілет жанынан ашылған қоғамдық қабылдау жұмысына «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік көрсетіп отыр.  

Балалар құқықтары жөніндегі қоғамдық қабылдау іске кірісті

Балалар құқықтары жөніндегі уәкілетінің қоғамдық қабылдау қызметінің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғаушылардың барлығын біріктіретін ақпараттық-кеңестік орталығы ретінде жұмыс істеп, бала құқығы бойынша қоғамда қордаланып қалған негізгі мәселелерді шешуге атсалысу. Egemen.kz орталықтың жұмыс істеу барысымен танысып қайтты. Бізді қарсы алған БҰҰ Балалар қоры ұлттық кеңесшісі Аяш Мәкенова орталықтың жұмыс істеу тәртібі мен маңызы туралы әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, Қазақстандағы бала құқығы тұрғысынан бірнеше маңызды мәселелер бар. «Бала құқығын қорғау бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарларды құру кезінде азаматтық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер арасында бірлескен іс-қимыл жеткілікті деңгейде орындалмайды. Сонымен бірге балалар құқығы бұзылу бойынша нақты деректер мен себептері анық көрсетілмей жатады» деген кеңесші бала мәселесіне қатысты бірқатар деректерді алға тартты.

«Қазақстанда бүгінгі күні 5,5 миллион бала бар. Олардың 2,5 миллионы мектеп жасына дейінгі, 2,8 миллион бала мектеп жасында, 220 мың жас жоғарғы оқу орнында білім алып жатыр. Қазақстан Республикасы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдігінің мәліметінше елімізде 29 мың бала ата-ана қарауынсыз жетім қалған болса, оралман статусында 11 мың бала, мүмкіндігі шектеулі 141 мың бала бар», дейді БҰҰ Балалар қоры ұлттық кеңесшісі.

Айта кетейік, Балалар құқықтары жөніндегі уәкілет 2016 жылғы 10 ақпан күнгі Президент Н.Назарбаевтың №192 жарлығы бойынша құрылды. Институттың нормативтік құқықтық базасын дайындауда Білім және ғылым министрлігінің бала құқығын қорғау комитеті, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік-құқықтық әкімшілік бөлімі, Премьер-министрдің заң бөлімі белсене атсалысты. Ел Президентінің 2016 жылғы 25 наурыз күнгі тағайындамасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева бекітілді.

Қоғамдық қабылдау үшін Бейбітшілік және Келісім сарайынан аумағы 100 шаршы метр болатын арнайы 4 кабинет берілген. Азаматтарды қабылдауға оңтайландыру мақсатында қоғамдық қабылдау бөлімі бірінші қабатқа кіреберіске орналастырылған. Одан бөлек кішкентай балалар үшін арнайы ойын алаңы да жұмыс істейді.

Қоғамдық қабылдау

 

Бала құқығына қатысты қоңырау қабылдайтын «111» байланыс нөмірі пилоттық режимде тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Соңғы мәліметтер бойынша, күніне орта есеппен 3 мыңнан астам қоңырау түседі. Әсіресе Қарағанды облысы, Алматы облысы, ШҚО облысынан хабарласқан азаматтардың саны басым екен. Маманның айтуынша, бала құқығы бойынша негізгі мәселелерінің бірі – өрт қауіпі мен жол-көлік апаты. 2016 жылғы мәлімет бойынша, жол-көлік апатынан 169 бала қайтыс болса, 3159 бала жарақат алған. Ал өрт салдарынан 159 бала қаза тауып, 3096 бала зардап шеккен. Осы негізде балалар мен жеткіншектер Қоғамдық қабылдауға ел азаматтары өздерінің жазбаша немесе ауызша өтініштерін, балалар құқықтарын қорғау саласын дамыту бойынша ұсыныстарын қалдыра алады. Барлық өтініштер сарапталып, тиісті шешімдер қабылданатын болады.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

111 сенім телефонына қоңырау шалып, қандай мәселелерді шешуге болады?

111 сенім телефоны

 

Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің Қоғамдық қабылдауы Омбудсмен мен өскелең ұрпақ кездесетін тұрақты орталыққа айналады. Бұл жерде балалар мен жастарға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, елдегі балалар мен жастар өмірінің әртүрлі аспектілері бойынша пікір алмасу өтеді. Қоғамдық қабылдау аясында республикадағы балалар үйлерімен тығыз қарым-қатынас орнатылып, ондағы балаларға көрсетілетін қызмет сапасы сарапталады.

«Балалар үйіндегі қауіпсіздік қызметін жіті бақылау үшін республика бойынша 260 видеокамера орнатылу керек. Жергілікті ұйымдар нұсқаулықты орындауға кірісті. Қаншалықты нәтижелі болатынын күтеміз», дейді Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева.

Мұндай қоғамдық бастамалардан бөлек, институт аясында балалар мен жеткіншектердің құқығы мен міндеттерін түсіндіретін түрлі семинар-тренингтер өтіп тұрады. Осы тұрғыда балалар мен жеткіншектер аталған ұйымға өз құқықтары мен мүдделерін қорғайтын өкіл ретінде қарап, мемлекеттік органдар, министрліктер мен Үкіметке өтініштерін білдіруге мүмкіндік ала алады. Сондай-ақ балалар омбудсмені балалар мәселелері мен мүдделеріне қатысты жағдайларды балалардың өз ауыздарынан естіп, жағдайға байланысты оң шешім табуға ықпал етпек. Қоғамдық қабылдау барлық деңгейдегі білім беру мекемелерін, студенттер мен еріктілерді ынтымақтастыққа шақырады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»