Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Үлкен сенімнің үдесі

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәртебесін еселей түсетіні анық. Оның маңыздылығы мен сайлау үдерісінің қиындығын ескеріп, Сыртқы істер министрлігі қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай тер төкті.  

Үлкен сенімнің үдесі

Қауіпсіздік кеңесіне кіру­ге дайындық жұмыстары 2016 жылдан бұрын басталып кеткен болатын. Дауыс бе­ру барысында біздің бас­ты бәсекелесіміз – Тайланд еді. Тиімді жүргізілген жұ­мыс­­тардың нәтижесінде Қа­зақ­станның тұрақты емес мү­шелікке лайық екенін дәлелдей алдық. БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесі 15 мүшеден тұ­ра­­тыны белгілі. Солардың бе­сеуі тұ­рақ­ты – олар АҚШ, Ре­сей, Қытай, Ұлы­б­ри­т­ания мен Франция. Қалғаны тұ­рақты емес мүшелер. Олар екі жылда бір рет сайланады. Яғни, жыл сайын құ­рамның жартысы жаңарып отырады. Қазақстанмен бір қа­тар­да Қауіпсіздік ке­ңеске Италия, Боливия, Эфиопия мен Швеция мемлекеттері де сайланды. 

Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшелер вето құқығына ие болады. Сонымен қатар, «тұрақты бестік» се­­кіл­­ді Кеңес отырыстарының күн тәр­ті­­біндегі мәселелерін талқылауға және барлық сұрақтар бойынша дауыс беруге құқығы бар. Қауіпсіздік кеңесінің шешімі он бес мүшенің тоғызының дауысымен қабылданатынын ескерсек, әр мемлекеттің көзқарасы шиеленіс жағ­дайындағы саяси және өзекті мәселелер жө­нінде шешім қабылдауда маңызы ерек­ше. Қазақстан қауіпсіздік кеңеске тұрақты емес мүше болу кандидатурасын 2013 жылы ұсынды. Содан бері үлкен жұмыстар атқарылды. Осы мақ­сатта БҰҰ Бас Ассамблеясының мү­шеле­ріне негізгі халықаралық және ай­мақ­т­ық мәселелер бойынша еліміздің ба­сымдықтарының өзектілігін жеткіздік. Со­ның нәтижесінде, Қазақстан кандидату­расын 193 мемле­кет­тің 138-і қолдады.

Елбасы атап өткендей, еліміздің мақ­саты – жаһандық мәселелерді шешуге сүбелі үлесімізді қосу. Нақты айт­қан­да, Қазақстан алдын алу диплома­тия­­сын Қауіпсіздік кеңестегі негізгі бағ­­дарламалық бағытына айналдырды. Сондай-ақ, сенімді күшейту, дағда­рыс­т­ың алдын алу және шиеленістен кей­інгі жағдайды реттеуге Қазақстан күш салады. Еліміз басымдық беретін мәсе­лелерге бітімгершілік қызметін әрі қарай дамыту мен бейбітшілікті сақтау, ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау, трансұлттық қауіппен күрес, анти­тер­рористік бастамаларды қолдау мен үгіт­теу кіреді. Сонымен қатар, әлем­дік азық-түлік, су, энергетикалық және яд­ро­лық қауіпсіздік секілді мәселе­лер­ге кө­ңіл бөлінбек.

Қазақстан кандидатурасын әлем елдерінің қолдауының бірнеше факторы бар. Әуелі, мемлекетіміздің халықаралық қауымдастық мүшесі ретінде ұстанған сыртқы саясаты. Оған қоса, Мемлекет басшысының бейбітшілікті, жаһандық және аймақтық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған сыртқы саяси қадамдары мен бастамаларының маңыздылығы шешім қабылдауға оң әсер етті. Мәселен, Семей ядролық сынақ полигонын жабу, ядролық қауіпсіздік саласындағы заманауи қадам­дар, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шараларының Кеңесін нығайту мен жылжыту, әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің Съезін өткізу мен дағд­арысқа қарсы бастамаларды атап өтуге бо­лады.

Қазақстанның халықаралық беделі мен танымалдығының артуына еліміздің Ирандағы ядролық бағдарлама мәселесін реттеу жөнінде келіссөздер өткізуі де түрткі болды. Көп жылға созылған үдеріс та­бысты аяқталып, Астана бұл мәселе­де маңызды рөл ойнады. Қазақстан эко­но­микасының қарқынды дамып келе жат­қандығы, тұрақты саяси жүйесінің болуы, нарықтық түрлендіруді жүргізуде өз аймағында лидер атануы бұл іске айтарлықтай септігін тигізді. Сонымен қатар, БҰҰ ұмтылатын ұлтаралық және кон­фессияаралық консенсусі Қазақ­стан­­­да іске асты. Осының бәрі әлем ел­де­рі мәселелерін оңтайлы шешу жо­­лын­­да Қазақстанның ұлттық және ха­лық­аралық ауқымды тәжірибеге ие екен­дігін көрсетеді. Қазақстан кандида­турасы бекітілгеннен бері бірқатар ірі халықаралық дағдарысты шешуде өзі­нің беделін дәлелдеп үлгерді. Мә­се­лен, Ресей, Түркия мен Иранның делдал болуы арқылы Дамаск пен қарулы сириялық оппозиция арасында ресми келіссөз алаңын ұйымдастырды. Бұл ұзаққа созылған сириялық шиеленісті реттеуге сүбелі үлес қосты. Астанада рәсімделген Сирия дағдарысы жөніндегі келісім маңыздылығы жөнінен Женева келіссөздерден кем емес. 

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгінгі таңда әлемдік геосаясатта шешім қабылдайтын заңды орталық. Оның жұмысына қатысу Қазақстанның жеке сыртқы саяси бастамаларын жылжытуға, мемлекетіміздің мүд­десін тікелей және жанама түрде қоз­ғайтын талқылау мен шешім қабылдау үдерісіне ықпал жасауға мүмкіндік береді. Тағы бір өзекті мәселе – Қазақстанның БҰҰ ҚК күн тәртібіне ұсынған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің жаһан­дық мақсаты. Мұндай қадам сөз­сіз Астананың аймақтағы негізгі фактор ре­тіндегі позициясын күшейтеді. Ауған­стан­мен шектесетін, қауіпсіздік сын тегеуріндеріне жауап беру қажеттілігіне орай ерекше мәселе.

Сонымен қатар, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы аймақт­ағы бірқатар мәселелердің ше­ші­мін та­бу­ына серпін береді. Еліміз БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атан­ған Орталық Азиядағы бірін­ші мем­лекет. Қауіпсіздік кеңесінің наза­рын Орталық Азияға, оның шешілмей жат­­қан мәселелері мен тұрақты дамуы­на аудару да ақылға қонымды қадам. Әсі­ресе, Қазақстанның басымдықтары сана­латын су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері Орталық Азияға тікелей қатысты.

Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі жұмысына қатысуын екі түрлі көзқараспен қа­растыру керек. Бір жағынан, бұл елі­міздің осындай үлкен сенімге ие екен­дігін көрсетіп, халықаралық қауым­дастықтағы беделі мен абыройын асқақтатады. Со­нымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясы мү­шелерінің халықаралық мәселелерді ше­шудегі Қазақстан ұстанған тәсілдің өмір­шең екендігін айғақтайды.

Ержан Салтыбаев,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы

Әлемдік экономика және саясат институтының директоры