04 Қыркүйек, 2017

Шарын Шұлғайбайұлы – аты аңызға айналған балуан

520 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарих тұнған, шежіре шалқыған ұлан-ғайыр ұлы даламыздың әр өңірі тұлғаға бай, қайраткерге кенен болып келеді. 

Шарын Шұлғайбайұлы – аты аңызға айналған балуан

Кезінде ел намысын қорғап, қару­лы қақтығыстарда да қайратынан қай­тпаған ерлердің есімі бүгінге аңыз болып жетті. Ал бөрілі байрақ көтерген батыр да, айыр көмей шешен де, аузын ашса ақ маржан төгіліп сала беретін ақын да қазақ даласының дегдар перзенттері. Тумысынан текті туған тарланбоз, жаратылысынан жайсаң болған даралық та қазақ топырағынан түлеген тектілік.

Ұлттың бойында бар тектілік атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылық. Туған ел әрдайым төсінен өр­ген тұлғаларын ұмытпайды. Ал Әулие­ата өңірінің Қордай жерінде өткен Шарын Шұлғаубайұлының да бұл күнде есімі елге елеулі. Атақты балуанның өмірі мен тағдырына байланысты да ел ішінде аңыз бен ақиқат аралас естеліктер айтылады. Шынында да Шарын балуанның бір кезде қазақ пен қырғыздың балуандары сайысқа түскенде, қазақ елінің намысын қорғағанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Ердің атын елі шығарса, елдің атын ері шығарады. Ал Шарын балуанның немересі Батырхан Күреңбекұлы бізге тұлға туралы кеңі­нен әңгімелеп берді. «Ол кісінің балуан ретінде танылуына мына бір жи­ын себепші болған екен. Атақты Но­ғайбай шешеннің екінші әйелі Әсел ана­мыздың асы ел жайлауда отырған шақта беріледі. Асқақ Алатаудың баурайын жайлаған қалың елге сауын айтылып, ас өтеді. Сондай-ақ, сол асқа көрші қырғыз ағайындар да шақырылады. Аста ежелгі дәстүр бойынша ақындар айтысы, ат бәйге мен балуандар сайысы ұйымдастырылады. Ал асқа келген бай-манаптар өздерімен бірге ақын-жыршысын, бәйгеге қосатын тұлпарын және жауырыны жерге тимеген балуанын ерте келетін болған екен. Сол дағдымен қырғыздың Шәбден манабы Тістеуік деген балуанын өзімен бірге асқа алып келеді. Ал Тістеуік деген сол заманда қазақ пен қырғызға балуан ретінде белгілі болып үлгерген. Әрине, мұндай балуанмен белдесуге ешкімнің де дәті бармайды. Өзіне қарсы ешкімнің шыға қоймағанын байқаған Тістеуік балуан қазақтардан бәйгесін сұрайды. Сөйтіп, қырғыздар жағы тұтасымен қиқу көтереді. Сонда бойын намыс кернеген жас Шарын ортаға шығып, Тістеуікпен белдесе кетеді. Шарын ол кезде жиырма жаста екен. Екі балуан ұзақ алысып, ақыры масаттанған Тістеуік сол арада жеңіліс табады. Кейіннен талай жиындарда өнер көрсеткен Шарын бабамыз ел құрметіне ие болған екен» дейді өз әңгімесінде.

Қай кезде де ел іші ерекше тұлға­лар­сыз болмаған. Шарын Шұлғаубайұлы мұнан бұрын да Шу бойында өткен ұлан-асыр аста ботбай руының атақты балуанын он төрт жасында жеңіп, бас жүлдені иеленеді. Ал қырғыздармен күрес бәсекесінде де ұлтының намысын қорғап, басын бәйгеге тігеді.
Шарын балуан туралы белгілі жазушы Марал Ысқақбайдың да жазбалары бар. Өз еңбегінде жазушы бірқатар деректерді келтіреді де, балуанға қатысты тың мәліметтерді алға тартады. «Дүйсебай әжі оны Ноғайбайдың Ажар деген қырғыз әйелінен туған баласы Күбірдің Орауыз дейтін жатаған атына мінгізіп:

Шақырдық біз Шарынды,
Құдай ашсын бағыңды!
Тістеуікке қарай бет алдың,
Аямағын барыңды! – деп батасын береді» деп жазады жазушы. Ал Дүйсебай әжі өз заманында Қордай өңірінде беделді би болған кісі екен. Әрі Шарын балуан қырғыздың Тіс­теуік балуанын жеңетін аламанда жас Шарынды ауылдан адам жіберіп ал­дыр­тқан қария. 

Ал Қор­дай топырағында өткен кешегі баһа­дүр батырлардың соңғы тұяғындай болған Шарын Шұлғаубайұлының есімін бүгінгі ұрпақ үлкен құрметпен еске алады. Қай кезде де бабалардың жүріп өткен өмір жолы өнегеге толы. Батырлық та, ақындық та, тектілік те топырақтан түлеп, қазақтың дегдар азаматтарының болмысына сіңген. Елі барда ерлердің де есімі ешқашан ұмытылмайды. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы