18 Қазан, 2011

Тәуелсіздіктің тәтті жемісі

368 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Елбасы Оңтүстікке келген сапарында Тәу­ел­сіздік саябағында об­лыс ардагерлері мен ұлт­тық мәдени ор­та­лық өкілдерімен жүз­де­сті. Жылы қауышуда әң­гіме ағытылып қоя берді. Жарқын һәм бүк­песіз сырласу. Корей мә­дени орталығының белсенді өкілі, мектеп директоры С.Пак көр­ші мемлекеттердегі әріптестеріміз қазақстандық ата-аналар бақытты ғой дегенді жиі айтады деп қалды. Корейлердің сталиндік репрессия кезінде Қазақстанға жер аударылып келгендігін, туысқан қазақ халқының ақпейіл, жомарттығының арқасында тағдыр тезінен аман қалғандықтарын тағы да еске алды. Сондықтан да қазақ халқының проблемалары – біздің де проблемаларымыз. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайық болуына, берік орнығуына бәріміз де мүдделіміз деді. Жөн сөз. Ел бірлігін ойла­ған ағайынның сөзі осылай боларға керек. Қазақ тілінің төрге шығуына өзіміздің шала­қа­зақтар қарсы болып жат­қан­да Пак ханым сияқты жан­ашыр жандардың қолдауы кей қандастарымыздың мүлгіген санасын сілкіндірсе керек-ті. Көрші елдердің, бүкіл ер азаматтары астынан су шық­қан­дай Қазақстаннан тартып, сонау Ресейдің қиыр шығы­сы­на дейін жұмыс іздеп кететін ағайындар­дың “қазақстандық ата-аналар ба­қытты ғой” деп айтатынындай бар. Ата-ана бақытының ең үл­кені – ұрпақ саулығы, олардың алаңсыз жақсы білім алуы, көшелі азамат болып жетілуі. Халқы өсімтал Оңтүстікте мек­теп, балабақша мәселесі өте күр­де­лі күйде болатын. Кеңес Ода­ғының дәуірлеп тұрған ке­зі­нің өзінде мұнда төрт ауысыммен оқитын мектептер болған. Құ­дай­ға шүкір, қазір үш ауысыммен оқитын мектептер де жоқ. Соңғы үш жылда 164 білім ошағы іске қосылды. Ал, осыны таратып жаз­саңыз газеттің әлденеше па­ра­ғы, айтсаңыз таңды таңға ұратын әңгіме. Ел үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ардагерлердің ри­за­лық білдіруі сұхбатты жан­дан­дыр­ған. Нұрсұлтан Әбішұлы Оң­түстіктегі ең үлкен проблемалар: су, көгілдір отын, жарық және жол мәселелеріне тоқталып, әр­қай­сысы бойынша өзінің тікелей бақы­лауы­мен Үкіметтің толымды жұмыстар жасап жатқанын баян етті. Өзінде ағыл-тегіл ағып жат­қан өзендер, байырқалап жатқан көк теңізі болмағаннан кейін Оң­түстік көрші елдердің суына тәу­ел­ді-ақ. Мәселен, Шардара су қой­масының сыйымдылығы 5 млрд. текше метрден сәл асады. Оған су келетін Тоқтағұл су қоймасын Қырғызстан қыс кезінде электр қуатын алу үшін энер­гетикалық режімге көшіреді. Сол кезде топан су Шардараға жөң­кі­леді. Айқұлақтанып алған ағайын “тоқта, ауыл, аудандарымызды су алып барады” десең одан сайын екіленеді. Амал жоқ, ол суды Арнасай арқылы Өзбекстанға өт­кі­зуге тура келеді. Бұл кезде тү­бі бір туыспыз деп майдалап сөй­лей­тін көрші де кәріне мінеді. Артық су қабылдағаны үшін ақы төле деген талап қоя­ды. Ар­тық судан көл жасап, тоғандарға бөледі. Балыққа бөгеді. Қырғыздарға да “артық су жібермеші” деп беліміз бүгіл­ген­ше иіліп, мазут, көмір, тағы басқа керектерін беріп келдік. Екі оттың ортасында қалған, бір Өзбекстанның өзіне бір Арал­дың суын берген Қазақ­стан­ға басқаша амал ойламаса болмайтын еді. 2008 жылы Ел­басы осынау шетін мәселеге нүк­­те қойды. Жыл сайын Оң­түстік Қазақстан мен Қызыл­ор­да облыстарының су жолын­да жандарын шүберекке түйіп отырған 50 елді мекен де жыл сайынғы көктемдегі әбігер­ші­ліктен құтылды. Ел ішінде “ғасыр құрылысы” атан­ған Көксарай су реттегіші іске қо­сыл­ды. Ең алдымен жаз кезінде көрші елдерді кіріптарлықтан құтқарды. Би­ыл­ғы көктемде Көксарай су реттегішіне 2 млрд. текше метр су жинап алуға мүмкіндік туды. Ал, мұныңыз бұрын Өзбекстанға ақша төлеп жүріп жіберіп келген өзімізге тиесілі суы­мыз еді. Бұрын “су алмаймын” деп кергіген ала топылы ағайын бүгіндері жусаннан аласа, бетегеден биік бо­лып, су сұрап жүр. “Оңтүстікке су ауадай қажет. Керек десеңіз, ауыз сумен, ағын сумен қамтамасыз ету – еліміздің қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ету деген сөз. Сон­дық­тан, Көксарай – еліміздің қауіпсіз­дігін нығайтатын құрылыс”, – деді Елбасы. Көксарайдың қызығын ел көріп отыр. Бұрын мал жайылымына пай­даланып келген жұрт енді суармалы жерлерде диқандықпен айналыса бас­тады. Көкөністер егілді. Ауыл жас­тары бағбандыққа ден қойды. Балық молайды. Көксарай су реттегіші Шардара ГЭС-ның да электр қуатын 20-25 пайызға ұлғайтуына септігін тигізді. Жарықты көрші облыстардан тасымалдап келген өңір үшін бұл үлкен көмек. Әу баста Көксарайдың Оңтүстікке қазығын қағуына сәл-пәл қарсылық танытқан қызылордалықтар да райы­нан қайтқан. Жағадан шегініп кеткен Аралдың бойына жан біте бастады. Жылына 2 млрд. текше метрдей су алып жатса, қарт Аралдың да бағы қайта жанары анық. Көрші облыс бол­ған соң іссапар барысында бай­қай­мыз, күріш өсіру мүм­кін­дік­тері күшейіп келеді. Көксарай осылайша ырыс болып тұр. Бір облыстың халқына жетеқа­был жұрты бар мақтааралдық ди­қан­дар да Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Шардара су қой­масынан қуатты су сорғылар арқылы егістік алқаптарына су шығара бас­тады. Былтыр 86 мың гектар алқапты ылғалдандыру жұмыстары жүргізілді. Мақтааралдағы суармалы жерлер­дің 70 пайызына жуығын құрайтын жобаға мемлекет қазынасынан 14 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. “Достық” каналына Шардара су қой­ма­сынан жаңа канал қазылып, іске қосылды. Ұзындығы 30 шақырымға созылып жатқан магистралды каналы бар сорғы стансасын “Құрылыс” ЖШС уақытында аяқтады. Серіктестік дирек­то­ры Тұрлыбек Қилыбек канал таба­нында су болғандықтан ми батпаққа айналғанын, экскаваторшылар жұмыс жасау үшін 25 ұңғы қазып, балшықты сыртқа шығарғандықтарын айтады. Яғни, белуардан су кешіп жүріп те жұмыс жасауға тура келген. Бұлардан бөлек 22 мердігер жұмысқа тартылған құрылыс аяғына жетті. Рас, жұмыс­шы­ларға оңай болған жоқ. Бірақ, диқан қауымы үшін тау көтерген толағайдай сауап іс жасалды. Осылайша ұзақ жыл­дар бойы шешілмей келген мәселеге нүкте қойылды. Жаңа канал “Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы” деп аталады. Бұл шын мәнінде, өте жақсы тарту. Елбасы ардагерлермен жүздесуде: “Оңтүстікте көгілдір отын мәселесі шешіледі”, деген. Ақиқатқа айналып жат­қа­нына өзіміз де куә болғанбыз. Түркіс­танда “Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шым­кент” магистралды газ құбырының желілік бөлігінің алғашқы торабын дәне­керлеу рәсіміне қатысып, газетімізге репортаж жазғанбыз. Жиында сөз алған Түркістан қалалық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Жарылқасын Әзірет­бер­ге­нов ағамыз: “Енді біздің келіндеріміз күл­ді-көмеш болып пешке көмір жа­ғудан құтылатын болды”, деп жұрт­шы­лықты ду күлдірген. Әзілдесе де аста­рында шындық бар. Көршіге көгілдір отын үшін тәуелді болып келгеніміз рас. Сонау 2000 жылдан бері газдың бағасы текше метріне 35 доллардан 100 долларға көтерілгенін ешкім ұмыт­пай­ды. Кейде сол қымбат газдың өзін ұй­қы­сынан жайсыз оянған күндері көрші­лері­міздің бермей қалу қаупі болған­дығы да есте. Енді Қазақстан өз елін кө­гілдір отынмен жарылқап қана қой­май, артығын Қытай секілді алпауыт мем­лекетке сатпақ. Бірыңғай ұлттық газ тасымалдау жүйесінің арқасында Оңтүстікке жыл сай­ын 6 млрд. текше метр көгілдір отын жеткізіледі. Оңтүстіктің 284 елді мекенін жайлаған сегіз аудан халқы осы отынның қызығын көреді. Оң­түс­тіктің халқы – еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Әр шаңырақ жылыжай өндірісін жолға қоюға талпынып жатыр. Орта және шағын кәсіпкерлікті өркенде­ту­ге де көгілдір отынның көмегі үлкен. Бес жылдан кейін екінші кезеңі іске қо­сылғанда құбырдың газ өткізу мүм­кіндігі 15 млрд. текше метрге дейін көбейеді екен. Яғни, Оңтүстіктің ди­қандарының көмірге тәуелділігі жойы­лып, арзан әрі ыңғайлы отынға көшуі жеделдейді. Мұның жақсы жағы – Қазақстанда азық-түлік қауіп­сіздігі нығаяды. Батыс Еуропа-Ба­тыс Қытай халық­ара­лық көлік дәлізі Қа­зақстанның басқа об­лы­стары сияқ­ты Оң­түстіктің де тезірек іске қосылуын күтіп отырған ға­сыр­лық құ­рылыстарының бірі. Батыс пен Қы­тай­дың арасын жал­ға­ған, осы жол арқылы тасымал­да­натын тауарлар мем­лекет қа­зы­насын бай­ы­тып қана қоймай, ел­ді кәсіп­кер­ліктің жаңа биігіне көте­ре­тіндігі сөз­сіз. Бүгінде мың­даған азаматтар осы жолда нә­пақасын айы­рып жа­тыр. Оның сыр­тында жол бой­ында мың­даған тұрақ­ты жұмыс орын­дары ашылады. Осының бәрі Ел­ба­сының пәр­менімен, ха­лық, мемлекет игілігі үшін салынып жат­қан өміршең жобалар. Ертеңгі күнге деген сенімділік, келешектің баянды боларына кепілдік. Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен атқарылып жатқан жоғарыдағы жұ­мыс­тарды аяғына жеткізуге облыс әкімі Асқар Мырзах­метов те мүдделі екендігі екі бастан белгілі жағдай. Көп ретте мемлекеттік маңызы бар шаруаларға жүрдім-бар­дым қараған басшы-қосшы атқамі­нерлерін табаға шемішке қуырғандай қуырып алатындығын көзіміз көріп жүр. Ерікке салса енжарлық пайда болады. Бір есептен бұл шыжғыру да дұрыс шығар. Оңтүстік соңғы он жылда айтар­лықтай өзгерді. Жақсы мағынасында. Көркейіп, қанатын кеңге жайып келеді. – Адам деген пенде. Пенделігіміз көп нәрсені ұмыттырып жібереді екен, – деп еді бірде мақтааралдық “Кетебай” ӨК төрағасы Сәду Бекенов. – 2001 жылы Елбасының тапсыр­масымен Сырдария үстінен көпір салынғанға дейін көршімізге тәуе­келді болып келдік. Шекарашылар мен кеденшілер Мақтаарал тұрғында­рын кеденнен өткізерде тыңшы өтіп бара жатқандай қойын-қонышына дейін тексеретін. Бұл қорлық еді. Осы­ны Елбасыға ел болып жазып, көмек сұрағанбыз. Мақсатымыз орындалды. Алып дарияның үстінен аспалы көпір салынды. Ел кешегі көрген құқайын ұмытты. Қарап отырсақ, бір ғана Оңтүстіктің өзінде ғасырлардың ар­қа­сына жүк болатын үлкен жұмыстар атқарылыпты. Ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп жатқан Елбасымыз аман болсын. Мемлекетіміз көркейе берсін, – дейді. Бұл сөзді ардагер ағайындардан жиі естіп жүрміз. Тәуелсіздіктің тәтті жемісі деген осы ғой. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.