Президент • 04 Қыркүйек, 2017

Елбасы ҚР Парламенті үшінші сессиясының ашылуына қатысты

799 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының ашылуына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Елбасы ҚР Парламенті үшінші сессиясының ашылуына қатысты

Парламент палаталары мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті депутаттардың өткен сессиядағы қызмет нәтижелеріне тоқталып, еліміздегі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

– Өткен сессияда Парламент 84 заң жобасын қарастырып, қабылдады. Соның ішінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да бар. Бір жылда сіздердің бастамаларыңызбен 15 заң жобасы әзірленді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жүргізілген саяси реформалардың нәтижелеріне назар аударып, бүкіл мемлекеттік аппарат алдына қойылған міндеттерді іске асыруда Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі жоғары екенін айтты.

– Қазақстан бүгінде стратегиялық маңызы бар бірқатар міндетті іске асыруда. Парламент Үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, Жолдауды және қолданыстағы бағдарламаларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қоғамды дамытудың жекелеген бағыттарына тоқталды. Елбасы рухани жаңғыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің орындалуына назар аударды.

– Биыл Парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізіледі. Біз салық саясатын мейлінше жақсартып, бизнесті ашық жұмыс жасауға ынталандыруға тиіспіз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша заңнаманы жетілдіру керек. Сондай-ақ, банктерге тиімді бақылау жүргізу үшін Ұлттық банкке заңнамалық тұрғыдан көбірек мүмкіндік беру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы сақтандыру жүйесін дамыту және дәрі-дәрмек айналымын тәртіпке келтіру, сондай-ақ еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

– Парламенттің және бүкіл еліміздің алдында көп әрі жауапкершілігі зор жұмыс бар. Ауқымды міндеттер мен шешімдер – біздің 2017 жылғы жаһандық сын-қатерлерге жауабымыз. Жаңғыру барлық күшімізді жұмылдыруды қажет етеді. Жаңа жағдайда биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары сындарлы түрде ынтымақтасуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.