Армяндар мерекелерін домбыраның күмбірлеген күйімен бастады. Олар да біздің халқымыз секілді қонақжайлылығымен белгілі. Мереке аясында «Айреник» этномәдени бірлестігі армяндардың әндері мен билерін билеп таңқалдырды.
Бұл күні «Айреник» армяндардың Джангюлум деп аталатын ұлттық мейрамдарынан үзінділер көрсетті. Жас жігіттер мен қыздар ерте тұрып, таң алдында тауға барып жеті түрлі гүл жинайды, жеті түрлі бұлақтан су алады екен.
Жиналғандар музыка әуенімен өздері де бірге билеп кетті, әсіресе, «Эребуни» вокалдық тобының және Сусанна Аракелян мен Овсепян Сюзанның орындауындағы армян халқының әндерін тыңдады. Жасөспірімдер «Жігіттің күші» деп аталатын көңілді ойын өткізді.
Өткен жылы жергілікті Ассамбеля құрамындағы «Айреник» армян қоғамы 20 жылдығын атап өтті. Қазір елімізде 40 мыңнан астам армян ұлтының өкілдері өмір сүрсе, облыста мыңнан астам армян тұрады.
Мереке соңында «Айреник» армян этномәдени бірлестігінің төрайымы Петросян Эльмира мереке қонақтарына ризашылығын білдіріп, қазақ жеріндегі татулық пен бірлікті сақтауға шақырды. Балаларды және ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар
Суретті түсірген: Мақсат Айтбай