Аталмыш кешенде үш зал жұмыс атқарады. 160 көрерменге арналған мінбері бар әмбебап ойын залында бокс рингі де орнатылған. Күрес залы және тренажерлық зал бар. Нысанның аумағы 1337 шаршы метр. Бұл ғимаратта «Шахтер» ауылының тұрғындары ғана емес, көршілес ауылдардың спортқа қызығушылық танытқан балалары да жаттығуына болады. Кешенде күніне 100-ден аса бала бірнеше секцияда шеберліктерін шыңдайды. Аталмыш ғимараттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары М.Тұраров айтқандай, айтулы мереке қарсаңында жаңа кешеннің іске қосылып жатқаны – аудан тарихындағы аса маңызды оқиға. Бұл қадам ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді.
– Өткен жылы аталған ауылда заман талабына сай жабдықталған көкөніс қоймасы, жүзу бассейні бой көтерген еді. Осындай игі істер облыстық мәслихаттың депутаты, «Отан» орденінің иегері Г.Прокоп басшылық етіп отырған «Шахтерское» серіктестігінің арқасында жүзеге асуда. Ал ауылдық жерде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын тиімді іске асыру мен нағыз патриотизмнің көрінісі болып отыр, – деді әкімнің орынбасары.
Салтанатты шараға облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, Нұра ауданының құрметті азаматы Дауылбай Құсайынов арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Әбілғазы Құсайынов Кәсіподақтар федерациясының атынан Г.Прокопқа Алғыс хат табыс етті.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Нұра ауданы