Осыған байланысты қала әкімдігі қоғамдық көлік қатынасын дамытуды ұдайы назарда ұстап, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге барынша басымдық беріп келеді. «Ақылды қала» әлемдік үрдісіне қосылған Астананың соңғы кезде жүзеге асырған ірі жобаларының бірі – «Интеллектуалды көлік жүйесі» (ИКЖ) болып табылады. Қала көшелерімен күн сайын 500 мыңнан астам көлік қатынайтын елордамыз үшін ИКЖ жобасы ауадай қажет.
Көлік кептелісі жиі болатын, тар жолдардың ұзына бойы автомашиналар қойылатын көлік тұрағына айналған елорданың көлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай қайта құру күн тәртібіндегі өзекті мәселе еді. Сондықтан елордада дамыған елдерде тәжірибеден өткен ИКЖ жобасын іс жүзіне асыру жұмысы қолға алынды. Өркениет әлемінде озық үрдіс болып саналатын бұл өміршең жобаны жүзеге асыру міндеті – «Typsa» атты испаниялық компанияға жүктелді. Бұл компанияны таңдау да тегін емес. «Typsa» компаниясы әлемнің 60 мемлекетінде осындай кешенді жобаларды жүзеге асырған болатын.
ИКЖ жобасының негізгі мақсаты жол қилыстарындағы көлік қатынасын оңтайландыру болып табылады. Ең бастысы, елордадағы көлік қатынасының жаңа жүйесі қоғамдық көлік қатынасына басымдық береді. Жоба толық іске қосылған кезде қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасына барлық мүмкіндіктер жасалып, жолаушылардың ешбір кедергісіз жүріп-тұруына толық жағдай туғызылады. Жоба бойынша өздеріне бөлінген арнаулы жеке жолақтармен жүретін жедел автобус-тар қатары көбейеді. Басқаша айтсақ, қоғамдық көліктер көшелердегі көлік тасқынына тәуелді болмай еркін қатынайды. Барлық бағдаршамдар да олардың кідіріссіз қозғалысына негізделіп қайта жасалады. Осылайша бас қаламызда қоғамдық көлікке басымдық беру үшін барлық шаралар жасалуда.
Биыл маусым айынан бастап, елорда көшелерінің 12 учаскесінде қоғамдық көліктің еркін қозғалысына арналған Bus Lane жолағы іске қосылды. Олардың жалпы ұзындығы 37,5 шақырымды құрайды. Еске сала кететін болсақ, бұған дейін Bus Lane қоғамдық көлік жолағы қала көшелерінің 38,4 шақырымын құрайтын 11 учаскесінде іс жүзіне асырылған болатын. Сөйтіп, қазір Астана қаласы көшелерінде жалпы ұзындығы 75,9 шақырымды құрайтын арнайы кедергісіз қоғамдық көлік жолы қалыптасты. Bus Lane қоғамдық көлік жолағын енгізу автобустар маршруттарының жылдамдығын арттырып, уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде, бұл жоба жол қозғалысы өте жоғары Қабанбай батыр, Сарыарқа, Тұран, Республика даңғылдарындағы, Бейбітшілік көшесіндегі қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттырды. Сонымен бірге Bus Lane қоғамдық көлік жолағы жолдың ұзына бойына созылатын көлік тұрақтарын жоюға, рұқсатсыз қалыптасқан тұрақтардың қысқаруына әкелді.
Озық технологияларға негізделген ИКЖ жобасы Астанадағы көлік ағынының жылдамдығын да арттырды. Мамандардың айтуынша, бұрын қала көшелеріндегі көлік қозғалысының орташа жылдамдығы сағатына 20 шақырым болса, жоба іске асырыла бастаған 2017 жылы көлік қозғалысының жалпы жылдамдығы сағатына 30 шақырымға жеткен көрінеді. Астана қаласы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, қала көшелеріндегі көлік қозғалысын оңтайландыруға ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілетін мерзімде қала көшелерімен жүретін жүк автомобильдерінің қатынасына шектеу қойылғандығы да игі әсерін тигізген екен. Осы ретте 2017 жылғы 7 маусымнан бастап қала көшелерімен жүретін жүк автомобильдерінің барлық түріне шектеу қойылған болатын.
Интеллектуалды көлік жүйесі қозғалысын жүзеге асыру әлемде басымдық берілген үрдістердің бірі болып табылады. Лондон, Мадрид, Абу-Даби сияқты ірі қалаларда іс жүзіне асырылған бұл жоба өзінің тиімділігі мен өркениеттілігін дәлелдеді. Қала халқының саны жыл сайын тұрақты түрде 50 мың адамға көбейіп отыратын Астана үшін көлік қозғалысының жаңа жүйесін қалыптастыру уақыт талабы болып табылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»