Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2017

Жобалық менеджмент – заман талабы

1062 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада IPMA жобаларын басқару жөніндегі ХХХ Дүниежүзілік конгресс өтті. Оған әлемнің 60 елінен 300-ден астам делегат қатысты. Ұйымдастырушылар Назарбаев университетінде конгресс жұмысын қорытындылады. 

Жобалық менеджмент – заман талабы

ХХХ Дүниежүзілік конгресті Жобаларды басқару жөніндегі Қазақстан қауымдастығы, «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қоры және «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырды. IPMA (Жобаларды басқару жөніндегі халықаралық қауымдастық – авт.) президенті Рэйнхард Вагнердің айтуынша, алғаш рет мұндай конференция 1967 жылы Венада өткізілген. Ал 2015 жылы Панамада мерейтойлық шараны өткізу құқығы Қазақстанға бұйырған. Жобаларды басқару жөніндегі Қазақстан қауымдастығының вице-президенті, ХХХ дүниежүзілік конгрестің ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мақсат Мамашев жобалық менеджмент саласында аталған шараның посткеңестік кеңістікте алғаш рет өткізіліп отырғанын айтады.

Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын конгресте биыл әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандар өзара тәжірибе алмасты. Ал «Өзгерістерді басқарудағы алдыңғы қатарлы құзырет» тақырыбы ЭКСПО көрмесіне орай таңдалыпты. «Конгресс тақырыбы туралы ойланған кезде алдымен бүкіл әлем назары ЭКСПО-да екенін ескердік. Онда алдыңғы қатарлы технологиялар мен энергетикаға баса назар аударылғандықтан, осы тақырыпқа тоқтадық», деді Дүниежүзілік конгрестің Астанадағы бағдарламалық комитетінің төрағасы Сергей Бушуев.

Баспасөз конференциясында IPMA президенті Рэйнхард Вагнер жобалық менеджментті көп адам түсіне бермейтінін айтты. «Адамда алдымен идея пайда болады. Ал оны жүзеге асыру үшін жоспар құрылады. Мысалы, ЭКСПО көрмесінің негізгі тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Ал бұл жобалар арқылы жүзеге асырылады. Жобалық менеджмент осымен айналысады», деп түсіндірді ол.

Бір айта кетерлігі, Жобаларды басқару жөніндегі Қазақстан қауымдастығы жыл сайын тренингтер өткізгенімен, жобалық менеджмент елімізде мамандық ретінде оқытылмайды. М.Мамашевтің айтуынша, келесі жылы Назарбаев университетінде осы сала бойынша кафедра құру жоспарланып отыр.

Конференция барысында техникалық ғылымдар кандидаты Хироши Танака Жобаларды басқару жөніндегі Қазақстан қауымдастығының алғашқы ұлттық симпозиумына қатысқан сәтін еске алды. «2007 жылы Алматыдағы симпозиумда спикер болған едім. Соңғы он жылда Қазақстанда көп нәрсе өзгергенін көріп отырмын. Халықаралық конгресс бағдарламасы да көңілімнен шықты», деді Хироши Танака.

Мерейтойлық конгресс аясында үздік жобалық менеджерлер мен үздік жобаларды IPMA Awards жобаларын басқару саласындағы беделді IPMA сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті. Қуанарлығы Назарбаев университеті үздік әлеуметтік жоба номинациясында екінші, орта көлемді үздік жобалар санаты бойынша бірінші орын алған.

Биыл алғаш рет Дүниежүзілік конгресс аясында ICB4 жобаларын басқару бойынша құзыреттілік стандартына негізделген «Sea Wolf - Competent PM» ойыны ұйымдастырылды. Сонымен қатар конгресс барысында панельді дискуссиялар, академиялық баяндамалар мен тәжірибелік секциялар өтті. Панельді сессияларда Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Швейцариядан келген спикерлер білім, ғылым, экономиканың негізгі салаларын, алдыңғы қатарлы технологияларды, аэроғарыш өнеркәсібін, бағдарламалық қамтамасыз ету, банк істерін және мемлекеттік басқаруды дамытудың серпінді тәсілдері тақырыптарын қамтыды. Сондай-ақ, мамандар бизнесті басқарудың күрделі процестерін автоматтандыру барысында жобаларды басқару әдістерін қолдану мәселелерін де көтерді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі Конгресс 2019 жылы Мексикада өтеді деп болжанып отыр.  

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»