Рифкин тұжырымына сәйкес үшінші индустриялық революция цифрлы байланыстың пайда болуынан басталады. Интернет әлемді күрт өзгертті, ақпараттың таралу ауқымы мен оның жылдамдығы ғажап болды. Екінші революция кезіндегі басты энергия көзі – көмір, газ, мұнай түптің-түбінде сарқылып, барлық жұмыр жер тұрғындарына жетпейтіндігі сөзсіз. Сондықтан жаңа кезеңде жаңғырмалы энергия көздеріне көшу, энергия және ресурстарды үнемдеу технологиясын өрбіту, көлікті сутегі энергиясы негізіндегі электр қозғалтқыштармен жүруге, үнемді жерасты пневмокөлікке көшіру, тұрмыстық тауарлар шығаруды алып өндірістен 3D-принтерлерді пайдалану арқылы шағын өндірістерге көшіру, металлургиядан көміртегі негізіндегі композиттік материалдарға өту, мал шаруашылығында ет өндіруде 3D-биопринтерлерді пайдалана отырып «жасанды ет» өндіруді жолға қою, ауыл шаруашылығының бір бөлігін «көп қабатты ферма» түріне көшіру мақсаттары тұр. Осындай келелі де келешегі мол істерді орындау жолында мемлекеттер бұл салаға қаржы құюдан аянар емес.
Global Innovation Index рейтингі бойынша ғылымда көш бастап тұрған елдер – Швейцария, Швеция, Англия, АҚШ, Финляндия. Осы тізімде Эстония 24-орынды иеленсе, Қазақстан 75-орында. Айтпақшы, бір кездері Кеңес одағының шекпенінде бізбен бірдей өмір сүрген Эстония – Балтық жағалауындағы кішкентай мемлекет бұл табысқа қалай қол жеткізді деген сұрақ туады. Эстондар егемендік алысымен телекоммуникация жүйесін жекешелендіріп, бүкіл елді талшықты байланысқа көшіріпті. Соның арқасында бір-бірімен ақпарат алмасу жақсарып, интернет барлық жерде жұмыс істеген, ол тіпті шағын аралдарда да ғаламтор кедергісіз қосылатын болған, нәтижесінде инновация дамыған.
Әлем елдеріндегі ғылымға құйылатын қаржының көлемі қандай? Ғылымды қаржыландыруда бірінші орында Оңтүстік Корея тұр, оның көлемі 64,6 млрд доллар, ол ішкі жалпы өнімнің 3,9 пайызын құрайды. Екінші орында Израиль, бюджеттен 10 млрд доллар көлемінде қаржы бөлінеді, ол ІЖӨ 3,78 пайызға тең. Үшінші орында Жапония, бұл мемлекеттің ғылымды қаржыландыруы 141 млрд доллар көлемінде немесе ол ІЖӨ-нің 3,05 пайызы. Онан кейінгі орындарда Финляндия мен Швеция, бұлардағы қаржыландыру деңгейі 2,6 пайыз, Германияда 2,4 пайыз. Ал Еуроодақ елдерінде бұл көрсеткіш орташа алғанда 1,6 пайыз шамасында. Аталған тізімнің соңғы ондығында Ресей, Белоруссия және Украина бар. Ал Қырғыз мемлекетінің көрсеткіші тым төмен – 0,07 пайыз ғана. Ал қаражат көлемін есептейтін болсақ АҚШ мемлекеті ғылыми ізденістерге 400 млрд-тан астам қаражат бөледі, ол бүкіл Қазақстанның ІЖӨ-сінен екі есеге артық. Сондықтан болар Нобель сыйлығының иегерлері арасындағы 331 ғалым америкалық болып отыр. АҚШ-та ғылымды қаржыландыру федералды үкімет тарапынан 27 пайыз, жеке секторда 67 пайыз, университеттерде 7 пайызды құрайды. Жалпы, қаржының негізгі ізденістерге 17 пайызы, қолданбалы ғылымға 22 пайызы, ал дайын өнім шығару ізденістеріне 60 пайызы жұмсалады.
Өзімізге оралайық. Қазақстанда ғылымға 2010 жылы – 20 млрд теңге, 2012 жылы – 46,3 млрд теңге (307 млн доллар), 2013 жылы – 49,5 млрд теңге (322 млн доллар), 2014 жылы – 47,9 млрд теңге (263 млн доллар), 2015 жылы 33 млрд теңге бюджеттен бөлінсе, өткен 2016 жылы жалпы қаржының үлесі 36,4 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы еліміздің ішкі жалпы өнімінің 0,15 - 0,18 пайызына тең. Ал келешекте елімізде ғылымды қаржыландыру деңгейі сатылап өсетін болады. Мысалға, 2020 жылы ІЖӨ-нің 2 пайызы, ал 2050 жылға қарай 3 пайызын құрайды деген мақсат бар. Бұл қазақстандық ғалымдардың үміт отын маздатқаны анық. Барды бар деп айту керек. Қазақстандағы ғылым саласы мүмкіндігінше Үкіметтен қолдау тауып келеді. Ғалымдарымыз уақыт талабынан қалмай инновациялық жолмен экономиканы өрістетуге үлес қосуда. 2008-2015 жылдары аралығында Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк технологияны коммерциялау жобасын іске асырған болатын. Онда 65 жобаның, құны 1 млрд теңге болатын 40-ы өндіріске сатылу деңгейіне жетті.