08 Қыркүйек, 2017

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды

245 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы аптаның басында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев Қырғызстан астанасы Бішкекте екі күндік ресми сапармен болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламасына  қарағанда, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің кездесуінде екі елдің ынтымақтастығын дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылған. 

 

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды

Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен келіссөз­дерде Қырғызстан Президенті бұл сапардың ерекше маңызды екенін айта келіп, «қырғыз бен өзбек халқы осы сапарды 20 жылдан астам уақыт күтті. Жаңа дәуірді бастайтын бұл сапар көптеген мәселелерді шешеді, енді екі елдің арасында жаңа кезең басталды» деп атап өтті. Алмазбек Атамбаев ежелден көрші қырғыз бен өз­бек халықтарының бола­ша­ғына бағытталған осынау сөз­дерді жайдан-жай айтып отырған жоқ. Екі мемлекеттің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихын қаузайтын болсақ, елдер арасында аса өткір әрі күрделі мәселелердің орын алғанына куә боламыз. 

Рас, егемендігін жариялаған өзге республикалар сияқты Қырғызстан мен Өзбекстан арасында саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талданып, оларды үкіметаралық комиссия жан-жақты қарастырды. Сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда негізгі айқындаушы рөлді шекара маңындағы сауда атқарды. Оның ішінде өзекті мәселелер ретінде энерге­ти­ка, шекара және көші-қон жа­йы танылды. Өйткені, мемле­кеттер үшін азаматтардың қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету, шекаралардағы сауда қаты­­насын реттеу ерекше маңыз­ды еді. Бұл этносаралық шие­леністі бәсеңдетуге ық­пал ететін мәселенің бірі болатын. Оның үстіне, сол жылда­ры Ферғана атырабында ұлт­ара­лық кикілжің ушығып тұр­ған. 

Бішкек кездесуінде Өзбек­стан басшысы Ш.Мирзиёев «шекарамызды достық шекарасына айналдыруымыз керек» дегенінде үлкен мән жатыр. Екі елдің арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 1400 шақы­рым­ды құрайды. Оның 230 шақы­рымға жуығы даулы саналады. Дәлірек айтқанда, осы 230 шақырымдық шекара сызығы өтетін жер әлі күн­ге дейін құқықтық негізде рет­телмеген. Мұның салдары ба­­­уыр­лас өзбек пен қырғыз ха­лық­­тарына қиындау тиіп отыр. Себебі, даулы деп атал­ған ше­каралық учаскелерге жа­­қын тұратын екі жақтағы тұр­ғындардың бір-біріне қаты­науына мүмкіндіктері жоқ, ары-бері өтуге тыйым салынған. Кейбір деректер бойынша, Қыр­­­­­ғызстанның Өзбекстанмен ше­­каралас аудандарында 1 мил­лионға жуық адам тұрады. Ал Қырғызстан халқының 14 пайызы этностық өзбектер екен. 

Ақпарат агенттіктерінің ха­бар­­ла­уынша, осыдан үш ап­­тадай бұрын Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтерінің бас­шылары кездесіп, екі ел арасындағы шекараның 80 пайызынан астамына қатысты уағдаластыққа қол жеткізілген. Кешегі күнгі деректерге қара­ған­да, президенттердің кездесуі барысында қырғыз-өзбек мем­лекеттік шекараларының 80 па­йыздан асатын бөлігін демаркациялау туралы пактіге қол қойылған. Міне, бұл шекара мәселесін түпкілікті реттеуге жасалған қадам деп ба­ғалаған жөн шығар. Өйткені, екі мемлекет арасындағы келіс­пеушілік, негізінен, осы шекара мәселесінен туындайтын. 

Шекаралас жатқан елдер ара­сында шекараға байланыс­ты проблемалардың өз уақы­тында шешілмеуі, кейде қарулы қақтығыстарға соқтыратыны бар. Қайғы мен қасіретке душар етет­ін қиын жағдайларды бол­дырмаудың, оның алдын алудың бірден-бір жолы – мәселені өзара түсіністік жә­не дипломатиялық жолмен ше­шу. Еліміз өзімен шекара­лас мемлекеттер – Ресей, Қы­тай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен арада­ғы мем­лекеттік шекарасын айқындап, тиісті халық­аралық құжаттар негізінде заңдастырып ал­­­ды.Бұған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қа­­­­да­­­­ға­лауының нәтижесінде қол жеткізілді. Халқымыздың ға­сырлар бойы жерінің тұ­тас­ты­ғын қамтамасыз ету жо­лындағы арманы бейбіт жолмен, дипломатиялық жолмен жүзеге асты. Осыған байланысты Президент: «Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде таныл­ған шекарасын белгіледі», – деп атап өткен еді. 

Қырғыз еліне Өзбекстан бас­шысы бұған дейін 2000 жылы сапармен барған екен. Аралықта екі ел пре­зидент­терінің жиындар кезінде өз­ара кездесіп, белгілі бір мә­се­ле­лерді талқылағанын жоқ­қа шығара алмаймыз. Екі­жақты ынтымақтастықты жақ­­­сартуға үкіметаралық комиссия да өзіндік рөл атқа­рып келді. Негізінен ол сауда-эко­номикалық салаларды қам­­­тыды. Ал қырғыз-өз­бек қа­тынастарында күн тәр­тібін­де тұрған проблемалық си­пат­тағы мәселелер де аз емес еді. Олардың ішінде жоға­ры­да аталған мемлекеттік ше­ка­­раны делимитациялау үде­­рісінің аяқталмай қалуы, өз­бек­стандықтар тарапынан қойылған мина алаңдарының болуы, Нарын-Сырдария өзені бассейнінің су-энергетикалық қорларын пайдаланудың рет­тел­меуі, Қырғызстан аума­ғын­да орналасқан және Өз­бек­станның шаруашылық жүргі­зушісі субъектілерімен пайдаланылатын су шаруашылығы нысандары бар еді. Осы проблемалар түрлі жағдайларға байланысты кезінде шешілмей қалды. 

Қордаланған проблема­лар­дың шешілмей, ұзаққа созылуына билік тарапынан жа­салған түрлі мәлімдемелер де кері әсер еткенін айтуы­мыз керек. Мысалы, 2010 жыл­ғы сәуірде Өзбекстанның сырт­қы істер министрлігі Қырғыз­станның мемлекеттік шекарасы учаскесіндегі өткізу бекет­терінде адамдар мен автокөлік құралдарының өтуіне уақытша шектеулер енгізгенін ресми түр­де мәлімдеді. Сонымен бір­ге, Өзбекстан тарапы шека­раны ашу жөніндегі шешім Қыр­­ғызстанның болашақтағы жағ­дайына байланысты болады деген ақпарат таратты. Бұған қоса, Өзбекстан билі­гі қырғыз-өзбек шекарасы ар­қы­лы өтетін әуе рейстеріне қойы­латын шарттарды да күшейтті. 

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы келіспеушілік мұ­най-газ кен орындарына меншік ету мәселесінде де өзекті бо­лып отыр. Мысалы, 2011 жылы Қырғызстан парламенті «Сол­­­­түс­тік Сох» және «Чонгар-Гал­­ча» газ қоймаларын бақы­лау­ды Қырғызстанға беру­ді талап ететін қаулы жобасын мақұлдады. Бұған өзбек­стандық тарап келісе қоймады. Мемлекеттер арасында даулы мәселелер Қамбарата су электр стансасы төңірегінде де кездеседі. Осындай және басқа да жағдайлар екі елдің сау­­да-экономикалық байланыстарына айтарлықтай сал­қы­нын тигізіп келді. Мәселен, 2014 жылы екіжақты сауда айналымының көлемі 101,7 миллион долларды құраса, одан кейінгі жылдары бұл көр­сеткіш едәуір төмендеген еді. 

Енді міне, Өзбекстан Пре­­зиденті Ш.Мирзиёевтің Біш­кекке сапары екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа қазірдің өзінде тың серпін әкеліп отыр. Бұған осы сапар барысында қол қойылған құжаттар, соның ішінде әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік ше­­­­ка­­­раны делимитациялау мен демаркациялау туралы келісім айғақ. Шекарасы халықаралық құжаттар негі­зінде заңдастырылған ел-жұрттың еңсесі биік, ұйқысы тыныш болып, өзара байланыстары да жандана бермек. Біз қазір осыны байқап отымыз.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»