Күрес • 08 Қыркүйек, 2017

Әлем барысы ‒ 2017: Төрт балуанымыз үшінші кезеңге жолдама алды

432 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан «Әлем барысы ‒ 2017» турнирінің екінші кезеңінде қазақстандық төрт балуан келесі кезеңге өтіп, 1-еуі жеңіліп қалды.

Әлем барысы ‒ 2017: Төрт балуанымыз үшінші кезеңге жолдама алды

Дәурен Нұралиев екінші айналымда өзбек Мухсин Хисомиддиновқа есе жіберді.

Өзбек балуаны ә дегеннен-ақ Дәуренді оң жамбасқа салды. Белдесу тізгінін қолына алған Мухсин кездесудің қалған бөлігінде өз артықшылығын жіберген жоқ. Әбден діңкелеген Дәурен жекпе-жектің соңына таман барын салған. Алайда қарсыласы Дәуреннің жауырынын жер иіскетіп кетті.

Боз кілемге екінші болып Айбек Нұғымаров көтерілді. Ол польшалық Петр Томаш Талачпен күш сынасты. Текетіреспен өткен белдесуде Айбек поляктан басым түсті. Естеріңізге сала кетейік, Талач 2016 жылы Польша құрамасы сапында Еуразия барысына қатысқан болатын.

Еламан Ерғалиев оңтүстік кореялық Бионгва Лимен белдесіп, 9 секундтың ішінде таза әдіспен тізе бүктірді.

Абсолютті салмақ дәрежесіндегі Қазақстан чемпионы Айбат Сейтен аргентиналық Лучиано дел Риомен белдесті. Айбат аргентиналықтан айласын асырып, 3 минут ішінде таза жеңіске қол жеткізді.

Қазақстан атынан турнирге қатысып жатқан бесінші балуан Ержан Шынкеев эстониялық Лепп Дмитриймен күш сынасты. Тәжірибелі қарағандылық балуан қарсыласын ұршықша үйіріп, жауырынын жер иіскетті.

Келесі кезеңге жолдама алған Еламан украин спортшысы Антон Рудникпен боз кілемге шығады. Айбек Нұғымаров өзбекстандық Мухсин Хисомиддиновпен күш сынасса, Айбат грекиялық Тэнторэ Масманидиспен белдеседі. Ал Ержан Шынкеев сириялық балуанмен кездеседі.

Айта кетейік, алда-жалда Айбек пен Еламан қарсыластарын жеңсе, ширек финалда өзара жолығады.