19 Қазан, 2011

Президенттің зияткерлік мектебі

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Береке» шағын ауданының ажарын  кіргізіп,  сән-салтанатын арттыратын болады Облыс орталығының бас жос­парына сәйкес қаланың шет­кері аймақтарына құ­рылыс нысан­да­рын салу жобасы бас­талып кетті. Басшылық назарына алды­мен Бензострой кенті ілікті. Ма­ңай­да игерілмеген жерлер көп. Жылу жүйесі жақын орналас­қан. Ауылдық елді мекендерден көшіп келушілердің саны арта түскен. Сірә, осы факторлар алдымен ескерілген болу керек. Сөйтіп, «Береке» деген атқа ие болған болашақ жаңа шағын ауданның негізі қалана бастады. Петропавл қаласы әкімінің орын­ба­сары Антон Макаров­тың сипат­тауын­ша, 175 гектар аумақты алып жатқан шағын ауданда бірінші кезекте бес қабатты үш 95, бір 80 пәтерлік жалгерлік-комму­нал­дық тұр­ғын үй, Президенттің зияткерлік мектебі, 1500 орындық жа­бық стадионы бар спорт са­райы, 360 орындық балабақша салынып, одан әрі 5 және 9 қабатты тұрғын үйлер, мектеп, бала­бақ­ша, көп функциялы қо­ғамдық ор­талық, мешіт, шіркеу бой көтереді. Сөйтіп, әлеу­меттік-құрылыс инфра­­құ­рылымы кенжелеп қал­ған қаланың осы бөлігін абат­­тандыру 5-7 жылға жоспарланған. Бұл күндері Сенная база мен Бензострой кент­тері ара­сындағы алаң­да құ­­рыш қолды құ­рылыс­шы­лар тұр­ғын үйлер са­луға кірісіп кеткен. 5 қа­­батты 95 пәтер­лі тұрғын үйді тұр­ғызумен Сергей Тимо­феевтің жетекшілігіндегі «Ос­нование» компаниясы айналысып, қысқа мерзім ішінде іргетасын құй­ып бітірді. Екі бри­га­даға топ­тасқан құрылыс­шы­лардың қи­мы­лы­на көз ілеспейді. Қа­зіргі қар­қын­ға қара­ған­да, келесі жылдың осы мерзімінде тапсыруға тас-түйін әзір бо­луы тиіс 80 пәтерлік көп қабатты үйді салумен айна­лысатын «Альфа-Север» ЖШС құрылыс­шы­ла­ры­ның қимылы да ширақ сезіледі. Осы жерде Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінің 120 орындық жатақханасы бар 720 оқушыға арналған зияткерлік мектебі тұр­ғызылатын болады. Жақында өзін­дік сән-салтанатымен айрық­ша көз тартатын ерекше білім ор­да­сының ал­ғаш­қы кірпішін қа­лауға арналған салтанатты рәсім өтті. Облыс әкімі Серік Біләлов Ел­басының тікелей тапсыр­ма­сы­мен са­лы­н­ға­лы отырған Тұңғыш Прези­дент­тің химия-биология ба­ғытындағы зияткерлік мектебі Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы қар­са­ңындағы айтулы оқиға екенін атап өтті. «Республикада 20 зияткерлік мектеп дарынды балаларды үздік жоғары оқу орындары үшін дай­ын­даудың негізгі ар­қауы­на айналатын болады», де­ген Елбасының сөздерін келтіре оты­рып, өңір басшысы ны­санның келесі жылы пай­да­лануға берілетініне сенім білдірді. «ВАUR Kazakhstan» АҚ-тың директорлар кеңесінің төр­ағасы Абай Жұнысовтың айтуына қарағанда, Бензострой кентінің ажарын ашатын білім ғимараты бес гектар аумақта орналас­қан. Мектеп 68 оқу сы­ны­бынан тұра­ды. Денешынық­ты­ру-спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, хоккей, же­ңіл атлетика алаңдары, жүзу бас­сейні, спорт және жаттығу зал­дары болады. Заманауи құ­рал-жабдықтар орнатылып, 10 ай­дың ішінде іске қосу көзделген. Компанияның осындағы фи­лиалы­ның бастығы Аңсаған Қабдөшев бізге ғимараттың құрылыс жұмыстарына 2,9 мил­лиард теңге қарас­ты­рыл­ғанын, қазірдің өзінде 200 адам­ның жұмысқа тартыл­ға­нын жеткізді. Бұрындары қа­ты­нас өте қиынға түссе, енді жолдар асфальтталып, Омбы ба­ғытындағы айналма тас жолға қосылған. Қоғамдық көліктер саны көбейген. «Игерусіз жатқан иен далада «Береке» жаңа ша­ғын ауданының пайда болуы Тәуел­сіздігіміздің арқасы. Елбасына айтар алғы­сымыз шексіз», дейді қуа­ныш­тары қойнына сыймаған Сенная база және Бензострой кенттерінің тұр­ғындары. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.