19 Қазан, 2011

Каскадер

929 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Көкірегінде сәулесі бар әр адам жарық дү­­ниеге келген соң зымыран заманның ағы­мына ілесіп, жүйткіген уақыт көшінен қалып қой­­май, бойымдағы барымды, көкейге жиған нә­­­рімді халқымның игілігіне жұмсасам деп тал­пынары хақ. Ал, өміріне өнерді серік еткен әртістер үшін бұл талап-жігерін жаныр намыс қайрағы, ой-санасын, түйсік-сезімін сәт сайын толық­ты­рып, көкжиегін кеңейтіп, өмір таны­мын байыта түсер сарқылмас бұлақ болса керек. Белгілі кино әртісі, каскадер, Қазақ­стан­­ның еңбек сіңірген қайраткері Байкенже Белбаев осы талаптың үдесінен шыға білген азамат. Он үш баланың кенжесі дүниеге келгенде әкесі 53, анасы 51 жаста екен. Халқымыздың дәстүрімен кіші баланы бетінен қақпай өсірген аяулы ата-анасының бірінен 12, екіншісінен 13 жасында айырылған Байкенжені әпкесі Меруерт Алматыдағы №12 мектеп-интернатқа әке­­­ліп орналастырады. Халық суретшісі Әбілхан Қас­те­евтің ұлы, кейін белгілі кинооператор болған Әбілтай Қастеев, танымал кинорежиссер Қа­ны­бек Қасымбеков сияқты қатарлас­та­ры­мен бірге сол мектеп-интернатта тәрбиеле­не­ді. Әкесі Әбік­тің домбырамен шырқаған ән­дерін тың­дау­дан жалықпай, жасынан ат құ­ла­ғында ойнап өскен талапты өрен интернаттан кейін халқы­­­мыз­дың аяулы қызы, елімізде цирк өнерін да­мытуға өмірін арнаған Гүлжаһан Ғалиева бас­қар­ған Алматы эстрада-цирк сту­дия­сының акробатика-гимнастика бөліміне оқуға түсіп, хал­қымыздың өнерпаз перзенттері Қайрат Бай­босынов, Қапаш Құлышева, марқұм Лұқпан Есеновпен бірге оқиды. Сол жылы Шәкен Айманов түсірген «Найзатас бөктерінде» атты телефильмдегі көпшілік көрініске қатысқан Байкенже кино өнеріне біржола ғашық болады. Студияны тәмамдаған соң осы құштарлық оның Мәскеудегі өнер ордасы – ВГИК-тің актер­лік бөліміне түсуіне түрткі болып, Кеңес Ода­­­ғы кино өнерінің небір ғұламаларынан дәріс алып, талай тарландарды көзімен көреді. 1974 жылы «Қазақфильм» киностудиясында алғаш рет Кино актерлері театры ашылып, Байкен­же­нің та­би­ғи таланты да мол екенін жазбай та­ны­ған комиссия мүшелері Кененбай Қожабеков, Нұр­мұхан Жантөрин тәрізді майталмандар Нұр­жұман Ық­тымбаев ағасы екеуін конкурссыз қабылдайды. Ал, Байкенженің бойында каскадерге тән дене күші, ептілік, әбжілдік, көзді-ашып жұм­ған­ша күрт шешім қабылдап, шалт қимылдай білу тәрізді қасиеттердің бәрі тоғысып жат­қа­нын көрген режиссерлер оны негізінен осы тұрғыда қызметке шақыра бастайды. Жалпы, кинодағы каскадерлердің орны бөлек, бұл ма­мандыққа лай­­ықты адам өте сирек кездеседі. Алайда, олар­дың еңбегі елене бермейді, кө­рер­меннің көзіне ша­лынбайды, көбінесе аты-жөні белгісіз болып қала береді. Мәселен, айтулы туынды ардагер ағамыз Шәкен Айманов түсі­р­г­ен «Атаманның ақыры» фильмінің жалғасы «Транссібір экспре­сіндегі» Наталья Орынбаса­рованың ойнаған кейіпкері аттан жығы­ла­тын көрініске Байкенже түсті деп кім ой­лайды? Бірақ, әшейінде ешкімге есесін жібермейтін ол каскадердің қызметін қомсы­нып, маған толыққанды рөл бер деп ешкімді жағалаған жоқ, ешкімнің жағасына жармас­қан емес. Кино өнерінің кәдесіне жарасам бол­ды деп қанағат етті. Атым шықпады деп қын­жылатын жөні де жоқ, кезінде әзер­бай­жан киногерлері түсіріп, Кеңес Одағының халқы түгел дерлік көрген «Бабек» карти­насындағы шайқас көріністерін қойған каскадер, өмірлік досы, шығыс жекпе-жегін жете меңгерген алғашқы қазақтардың бірі, мар­құм Тыныбек Танин екеуін білмейтін қазақ кемде-кем шы­ғар, сірә. 1981 жылы тамызда «Лениншіл жас» газетінде бұлар туралы осы басылымның сол кездегі тілшісі Жанболат Аупбаевтың «Каскадер» деген атпен жазған мақаласы заман­­­дастарының арасында олардың есімін аңызға айналдырып жіберген-тін. Ерлікті ту еткен халқымыздың ер жігітке тән қасиеттерді өнер биігіне көтере білген азаматтарды төбесіне көтеріп, құрмет тұтатыны түсінікті де. «Орта жүз Абай қойған атын батпай, Үстіне ояз кірмес жауап қатпай», – деп ақын Біржан жырлағандай, халықтың өзі еркелетіп Байкал атап кеткен актердің шын есімін көпшілік қауым біле де бермейді. Бұл оның кішіпейілдігін танытса керек. Сөйтіп, Байкал-Байкенже Белбаев өткен ғасырдың 70-ші жылдарының Орта шенінен бастап «Қазақ­фильмде» түсірілген картиналардың бәріне дерлік және одақ көлеміндегі көпте­ген фильм­дерді өмірге әкелуге өз үлесін қо­сып, әр жолы режиссерлердің ризашылы­ғы­на бөлену­­мен жүрді. Соны місе тұтты, пендешілікке салы­нып: «Анау менің рөлім еді, мына рөлді ой­науға мен лайықты едім», – деп ешкімге өкпе айтқан жоқ. Бірақ, сенім білдіріп ұсын­ған рөлден тартынған емес. 1979 жылы режиссер Сапар Сүлейменов түсірген «Боранды түн» фильмінде бас кейіпкер Қайсарды, КСРО Мем­лекеттік сый­лы­ғына ие болған әйгілі «Нан дәмі» карти­на­сында комсомол ұйымы­ның жетекшісі тракторшы жігітті сомдады. Еліміз егемендік алғаннан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киносту­дия­сында түсірілген картиналардың бәріне дерлік атсалысып, үлесін қосқан ол қомақты рөл­­дерде ойнап, көрерменнің көңілінен шық­қан кейіпкерлер жасады. Режиссер Мейірім Кә­рібозовтың «Сағым» фильміндегі бас кейіпкер, Болат Қалымбетовтің «Сардар» картина­сын­дағы қалмақ қолбасшысы, Рүстем Әбдіра­шев­тің «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі есепші Тойбай, Сламбек Тәуекелдің «Махамбеттің семсері» кар­ти­насындағы хорунжий Ықылас, ресейлік режиссерлер Егор Кончаловскийдің «А»-ға қайта оралу», Эльдар Оразбаевтың «Афа­ли­на­ның қарғуы» фильмдеріндегі кейіпкерлері экраннан жарқырай кө­рі­ніп, көрермен кө­ңілін баурап алған бейнелер. «Балалық шағымның аспаны» фильмінде Байкал-актер жай ғана атқа мініп жортып бара жатқан кісіні бейнелеуге тиіс болатын. Рөл деуге де келмейтін эпизодтық сол көріністің шынайылығына тәнті болған режиссер табан астында сценарийшілерге тапсырма беріп, ақыры көпшіліктің ықыласына бөленген кейіпкер өмірге келді. Сондай-ақ ВГИК-те бірге оқыған досы, сол оқу орнының экономика факультетін тәмамдаған, еліміздің қазіргі Қорға­ныс министрі Әділбек Жақсыбеков сценарийін жазған «Афалинаның қарғуы» фильмінде бас кейіпкерлердің бірінің бейнесін сомдап, қос қанатты қырандай актерлік шеберлік пен каскадерлік өнерді қатар меңгергенін көрермен қау­ымға паш етті. Бұл туынды 2010 жылы сәуір ай­ында Мәскеуде өткізілген детективті фильмдер­дің ХІІ фестивалінде «Көркем детективті фильм» саласы бойынша бас жүлдеге ие болып, сол жылы желтоқсан айында Киевте өткізілген «Алтын Георгий» фестивалінде «Үздік сценарий үшін» санаты бойынша жеңімпаз атанды. Байкалдың өнерін ресейлік режиссерлер де жоғары бағалайды. Қазір ол Семей поли­го­нын­да сутегі бомбасын сынақтан өткізудің зар­да­бы туралы Павел Чухрайдың «Мәскеу-400» деп аталатын картинасына түсіп жатыр. «Мен киноға еңбек сіңірдім немесе сіңіремін деп ойламаймын. Мен кинода және киномен өмір сүремін, – дейді Байкал Белбаев. – Көзім­нің тірісінде мені ешкім де, ештеңе де кинодан ажырата алмайды. Кино – халықтық өнер, ұлтымыздың асыл қасиеттерін – ерлігін, өрлігін, адалдығын, әділдігін, кеңпейілдігін жас ұрпақ­тың бойына сіңіре беруіміз керек». Кейіпкеріміздің зайыбы да белгілі киноактриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дубляж саласының майталманы Гүлзия Белбаева. Екеуі сонау 70-ші жылдардың орта шенінде режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Бала кезімдегі Дон Кихот» картинасында бірге ойнап, көрерменнің ықыласына бөленген. Қазір ұл-қыз тәрбиелеп өсірген олардан немере сүйіп отыр­ған ардақты ата-ана, үлгілі отбасы. «Немерелеріме халық музыкасын, әсіресе, Құрман­ғазының күйлері мен классикалық музыка туындыларын үнемі тыңдатамын, – дейді Байкал. – Бәлкім түсінбес. Бірақ, құлағына сіңе берсін, кейін есейген соң өздері-ақ ұғады. Жалпы, жастарға айтарым – ең кемі айына бір кітап оқып оты­рыңдар, адамның ой-өрісін, сана-сезімін көркем әдебиеттің озық үлгілеріндей байыта алатын ешқандай тәрбие құралы жоқ. Бірақ, бұл менің емес, қазақ кинорежиссурасының қазіргі көш­басшысы, жазушы әрі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің сөзі». Байкалдың қаншалықты кішіпейіл, кіршіксіз адал екені осыдан-ақ байқалса керек. Сонымен қатар, басшылар туралы пікірі де көңілге қо­нарлық. «Біреулер бастықтарды жамандауға құ­мар, әлде сонда батыл болып көрінемін деп ой­лай ма екен, қайдан білейін. Мысалы, «Қазақ­фильмге» Ермек Аманшаев басшы болғаннан бері қаншама жұмыс істеліп жатыр. Бұрын-соңды болып көрмеген көптеген жаңа техника алынды, ешкім естімеген жас режиссерлер кино түсіріп, жас актерлер халыққа танылды. Тіптен, кино түсірмеген режиссер қалды ма бізде? Осының бәрі еңбек емес пе! Сыртынан тіл беземей, жақсының жақсылығын айту керек қой», - дейді өзінен бұрын өзгеге болсын деп тілейтін абзал да арлы азамат. Абырой арқалаған актерге біздің де тілегіміз тек қана жақсылық болмақ. Халқымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттыруға жан аямай үлес қосып жүрген азаматтың мерейтойын республика көлемінде атап өтсе де артық етпес еді. Ал, өзі туып-өскен, топырағына аунап, тұны­ғына қанған қасиетті Аягөз өңірі үшін бұл үлкен мерей болары хақ. Нұрлан ҚАМИ, жазушы. Алматы.
Соңғы жаңалықтар