Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2017

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы саммитінің қандай ерекшеліктері бар?

3168 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиті өтуде. Ғылым және технологиялар тақырыбына арналған бұл саммит ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатына тұспа-тұс келіп отыр. 

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы саммитінің қандай ерекшеліктері бар?

Кейбір деректерге қарағанда, Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының сам­­митін өткізу бастамасын Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) Бас хат­шысы көтерген. Осындай аса ауқымды жиынды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары Пәкістан еліне жүктеліпті. Бірақ, Пәкістан халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараны өз міндеттеріне алуға қауқарсыз екенін алға тартып, одан бас тартқан. Қазақстан басшылығы жан-жақты ойластыра келіп, Ұйым саммитін біздің елімізде өткізу туралы шешім қабылдады және осындай жаһандық шараны ұйымдастырудың жұмыс жоспарын бекітті. Барлық іс-шараларды жүзеге асыру Сыртқы істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне жүктелді. 

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы өз қатысушыларының саны, географиялық ауқымы мен мамандандырылған құры­лым­дары жағынан Біріккен Ұлттар Ұйы­мынан кейінгі 57 мемлекетті біріктірген ірі халықаралық ұйым болып табылады. Қазақстан 1995 жылы Ұйымның то­лық құ­қылы мүшесі болды. Міне, бұл елі­міздің ИЫҰ-ға мүше мемлекеттермен бай­ланыс орнатуға, ислам кеңістігіндегі сая­си-экономикалық үдерістерге белсе­не қатысуға жол ашты. Ал Қазақстан Пар­ламентінің «Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы эко­номикалық, техникалық және сауда ын­тымақтастығы туралы бас келісімді» ратификациялауы маңызды мәселенің бірі саналады. Себебі, ол сауда-экономикалық ын­тымақтастықты регламенттейтін ИЫҰ-ның басты негіздемелік құжаты ре­тін­де ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл мұ­сылман елдерімен тығыз серіктестік қатынастардың дамуына серпін береді, ислам қаржы-экономикалық институттарымен байланысты жандандырады. 

Осы жерде атап өтетін мәселе – қа­зақстандық тараптың Ұйымның бас келі­сіміне екі ескертпе енгізіп барып қол­ қойғандығы. Оның біріншісінде: «Қа­зақ­стан Үкіметі бас келісімнің 6-бабын осы келісімге қатысушыларға Қазақ­стан Республикасы қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерге залал келтірмей, кез келген өзге үшінші мемлекет үшін қолайлылығы кем емес режімді ұсыну міндеттемесі ретінде қолданатын болады» – деп көрсетілген. Бұл ескертпе не үшін қажет? Себебі бас келісімнің 6-бабы ИЫҰ-ға мүше елде­рдің жұмыс күшіне жеңілдіктер мен артық­шылықтар беруді көздейді. Яғни бұл Ұйымға мүше елдер арасында жұмыс кү­ші еркін қозғалады дегенді білдіреді. Ал Қазақстан бұған қазірше бара алмайды. Өйт­кені «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еліміздің Үкіметі шетелден жұмыс күшін тартуға қатаң квота белгілеген. Ал екінші ескертпе Қазақстан мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүргізілетін сыртқы сауда саясатына байланысты.

Еліміздің Ұлттық экономика минис­тр­­лігінің ақпараты бойынша, ИЫҰ-ға мү­ше мемлекеттердің басым бөлігі біз­дің басты сауда серіктестеріміз болып есептелмейді. Дегенмен, жыл өткен са­йын Қазақстанның жалпы тауар ай­налымындағы Ұйымға қатысушы елдер­мен сауда көлемінің үлесі артып келе жат­қаны қуантады. Мысалы, 2012 жылы елі­міз­дің Ұйымға мүше мемлекеттермен сауда айналымындағы үлес салмағы 7,2 пайыз болса, 2016 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында оның көлемі 10,2 пайызды құрады. Бұл мәселеде ИЫҰ елдерін біздің еліміздің ауыл шаруашылығы өнім­дерін өткізу нарығы қызықтырады.

Осыдан алты жылдай уақыт бұрын, 2011 жылдың маусымында Астанада өт­кен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаев Ұйымның жаңа инс­титуты – Азық-түлік қауіпсіздігі жө­ніндегі Ислам ұйымын құру туралы бастама көтерген еді. Араға бірер жыл салып барып ол ұйым құрылды, оның штаб-пәтері Астана қаласында орын тепті. Бүгінде аталған құрылым Азық-түліктің өзара көмек қоры деп аталады. Сарапшы маман­дардың пікірінше, аталған құрылым Қазақстанға азық-түлік экспортының әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етеді. Жыл сайын кемінде 1 миллион тоннадан астам астықты экспорттауға мүмкіндік береді. Екіншіден, елімізде шамамен 180 мил­лион гектар жайылымдық жер бар. Төрт түлік мал саны да артып келеді. Бұл – мұсылман елдерін табиғи таза етпен және ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қосымша мүмкіндік.

Жалпы, Қазақстанның Ислам даму банкі­мен ынтымақтастығы жоғары дең­гейде деп айтуымызға болады. Атал­ған банктің Қазақстан экономикасына салған ин­вес­тициясы 1,3 миллиард долларға жуық­тады. Бұл қаржыға автокөлік жолдары, ауыл шаруашылығы және энергетика сала­ларында экономикалық жағынан маңыз­ды жобалар іске асырылды. Соны­мен қатар, Алматы об­лысындағы бірқатар елді мекендерге ауыз су құбырлары тартылды және пай­далануға берілді. Оның игілігін бүгінде сол елді мекендердің тұр­ғын­дары көріп отыр. Мұсылман әлемінде ақпараттық, өнеркәсіптік және қаржылық салаларда технологияның озық үлгілерін, сондай-ақ, бәсекеге қабілеттіліктің жо­ғары дең­гейін көрсетіп жүрген елдер де жет­кілікті. Бұл да ислам әлемінің өткен замандарда ғана емес, болашақта да жедел қарқынмен дамудың нағыз үлгісін көрсете алатындығын дәлелдеп тұр. 

Соңғы жылдары жетекші мұсылман ел­дері, оның ішінде мұнай экспорттаушы мемлекеттер өз экономикаларының шикізат экспортына негізделген даму моделін өзгертуге күш сала бастады. Соған байланысты олар экономикалық жаңғырту саясатын жүргізуді мықтап қолға алу арқылы ақпараттық-коммуни­кациялық технологияларға сүйенетін эко­но­миканың озық секторларына мол қара­жат бағыттап жатыр. Қазіргі кезде Қазақстан да осындай саясат ұстанып отыр. Олармен бірлесіп зерттеулер жүр­гізу, техникалық мүмкіндіктер бойынша тәжірибелер алмасу біздің ел үшін де еш­қашан артық болмайды.  

Қазақстан 2011-2012 жылдары Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымына төрағалық ет­кен еді. Төрағалық барысында еліміз бір­қатар өміршең бастамаларға ұйытқы бол­ды. Мысалы, ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында Қазақстанның ұсынысымен Ислам кон­ференциясы ұйымы атауын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Ұйымның адам құқықтары жөніндегі тұрақты комис­сиясы құрылды. Сонымен қатар, ИЫҰ тарихында алғаш рет Ұйымның Орталық Азиямен ынтымақтастық бойынша іс-қимыл жоспары да қабылданды. Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе – Елбасы­мыз­ Н.Ә.Назарбаевтың мұсылман үмбеті ал­дында сөйлеген бағдарламалық сөзі. Қазақстан Президентінің сөзін күллі жұрт­шылық жаңа ғасырдағы ислам әлемі да­муының негізі деп қабылдады және ол маз­мұндылығы жағынан Ұйымның ең прогрессивті құжаты болды. Міне, осы бойынша Астана декларациясының негізі қаланды.

ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің сессиялары мен отырыстарын­да ислам әлеміне ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығына ортақ көптеген қарарлар  да қабылданды. Олардың ішінде қа­зақстандық тараптың бастамасымен ұсы­нылған Ауғанстандағы заңсыз есірткі заттарын өндіру және оның айналымымен күресу, бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізі өңірі экологиясын са­уықтыру және басқа да құжаттар бар. Сырт­қы істер министрлерінің Астанада өткен кеңесінде оған қатысушылар Ұйым қағидаттарын жақтайтынын қуаттап, оны жаңаша дамытудың жолдарын айқындады. 

Еліміз ИЫҰ-ға төрағалығы кезін­де 2011-2012 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы мен бағдарламасында көрініс тап­қан басымдықтарды жүйелі түрде жүзеге асырды. Қазақстан Ұйымның Бас хат­шылығымен, оның институттары­мен, ИЫҰ-ға қатысушы мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Бас хатшылық пен мүше елдер еліміздің төрағалығы кезінде атқарған іс-шараларын, көтерген бастамаларын жоғары бағалауы сондықтан.  

Жасыратыны жоқ, ислам әлеміндегі гео­саяси жағдай күрделі. Төрағалық жылдары еліміз сол мәселелерге де назар аудар­ды. Ұйымның Атқару комитеті Сирия мен Ливиядағы саяси дағдарысты реттеу­ге арналған төтенше отырыс­тар өткізді. Сон­дай-ақ, Сомалидегі гуманитарлық апатты еңсеру, исламофобиямен күрес және дінаралық қақтығыстардың  алдын алу мәселелері Ұйым назарына алынды. Ал Астана саммитінде ғылым мен технологияны дамытумен қатар, әлем халықтарын толғандырып жүрген өзекті мәселелер де талқыланбақ. 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»