Ежелден қалыптасқан елдік салты, адамдық мұратының бәрі де рухани байлықтың негізгі темірқазығы іспетті. Талай ғасырлар бедерінде қалыптасқан дала философиясы, халық ауыз әдебиеті, қала берді адамның бойында қалыптасқан игі қасиеттердің бәрі де азаматты тұлғалық деңгейге көтеріп, рухани тұрғыда кемелдендіреді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде ұлттың тарихын, әдебиетін, одан кейін әлемдік саясатты қаузап бірнеше кітаптар жазды. «Тарих толқынында», «Әділеттің ақ жолы» кітаптары қазақ сөз өнерінің айтулы жетістіктері деуге болады. Жуырда ғана Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, алдымызға асқаралы міндеттер қойды. Бұл енді адамды рухани жаңғыруға үндейтін, өткенін танып, келешегін бағдарлауға шақыратын маңызды туынды.
Елбасы мақаласында ұлттың тағдырына қатысты көптеген дүниелер айтылған. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Расында да, латын әліпбиіне көшу мәселесі талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан еді. Мұндағы кейбір мәселелер де халық үшін көмескі болды. Сондықтан да Елбасы барлық мәселенің түйінін бір өзі тарқатып, ендігі жерде латын әліпбиіне көшудің дұрыстығын айқындап берді. Өз сөзінде Президент «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес» деп те атап көрсетті. Расында да, Елбасы айтқандай, осы уақытқа дейін елімізде қолға алынған «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» сынды бағдарламалар өзінің жемісін беріп те үлгерді. Бағдарлама аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандардың жаңғыртылуы, әлемнің әйгілі архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттардың зерделенуі де ұлттың рухани тарихындағы үлкен оқиға.
Сондай-ақ, Елбасының тікелей бастамасымен әлемнің ең озық шығармалары қазақ тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты. Мәселен, Нобель сыйлығының лауреаттары, адамзаттық деңгейдегі ұлы ойшылдардың шығармалары кейінгі жас буынға үлкен рухани тәрбие бергендігі сөзсіз.
«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деді Елбасы өзінің мақаласында. Расында да, қазақ халқы осынау уақыттың ішінде талай дүниелерге куә болды. Ел үшін шешуші кезеңдерде де еліміздің тығырықтан алып шыққан өзінің рухани байлығы деуге болады.
Елбасының мақалада айтылған қоғамдық сана, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық код, прагматизм туралы ойлары да шындық. Себебі, қазіргі кезде еліміздің алдында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндеті тұр. Бұл жөнінде де Елбасы өз сөзінде үнемі айтып келеді. Ендігі жерде сол дамыған мемлекеттермен иық теңестіре отырып, олармен тәжірибе алмасу мүмкіндігі туындады. Біз енді осынау мүмкіндікті рухани тұрғыдан бір-бірімен сабақтастыра отырып дамытуымыз қажет. Елбасы мақаласында аса маңызды бір міндет бар.
Мәселен, Президент «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді түлетуіміз керек» деп ерекше атап өтті. Енді біздің болмысымызда ғасырлар бойы қалыптасқан дарқандық, қонақжайлылық, кішіпейілділік, қарапайымдылық сияқты қасиеттерді сақтап қалуымыз керек. Бұл тұрғыда Елбасының болмысынан да мұндай ізгі қасиеттерді табуға болады. Елбасының халықпен етене жақындығы, қарапайымдылығы және білімділігі, парасаттылығы да өзі айтқан рухани жаңғыру төңірегіндегі ойды растайды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – халқымыздың алдына қойылған үлкен міндет. Халқымыздың талай тарлан тұлғалары ұлт руханиятына қызмет етті. Өзін-өзі рухани тұрғыда шыңдай отырып, өзінен кейінгі буынға да рухани түлеудің айрықша үлгісін көрсетті. Енді біз де Елбасының мақаласын қолдай отырып, рухани жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басып отырмыз.
Еліміз егемендік алған кезеңнен бастап ұлттық қазыналарымыз қайтарыла бастады. Әлдеқашан ұмыт болған игі дәстүрлеріміз де жанданды. Әсіресе, қазақтың қайсарлығын танытатын, тектілігін көрсететін рухани байлығы да ұлт үшін үлкен олжа болып отыр. Елбасының алға қойған үлкен міндеті де, айқын мақсаты да рухани жаңғыруды қалыптастыруға, оны әрдайым құрметтеуге үндейді. Қорыта айтқанда, рухани жаңғыру – жаһандық мәселе. Бұл адамзаттың алдында тұрған күрделі құбылыс. Мұны кезінде Елбасының тап басып, танып айтуы да асқан парасаттылығының белгісі.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
Жамбыл облыстық
мәслихатының хатшысы